Президент сапары: Қазақстан мен Вьетнам не туралы келісті

Жалпы екі елдің қарым-қатынасы, тауар айналымы, визасыз режим, инвестиция, сондай-ақ сапар барысында қандай құжаттарға қол қойылғаны жөнінде ҚазАқпарат сарапшысының материалынан оқи аласыз.
Вьетнам – Азия елдері ішінде жымдам дамып келе жатқан мемлекет
Вьетнам – Азияның оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Қытаймен, ал батысында Камбоджа және Лаоспен шектеседі. Ел аумағы 5 географиялық аймаққа бөлінген. Вьетнамның көп бөлігін өзен-көлдер мен тау-төбешіктер алып жатыр. 2021 жылғы дерек бойынша, халық саны 97 млн-нан асқан.

Жалпы Вьетнам экономикасы – Азия елдері арасында ең жылдам дамып келе жатқан экономикалардың бірі. ЖІӨ-нің орташа жылдық өсу қарқыны шамамен 6,5%-ды құрайды. Халық санының тұрақты өсуі әрі тұрғындар әл-ауқатының артуының арқасында Вьетнам ұзақмерзімді перспективада тартымды нарыққа айналып отыр. 2021 жылы ЖІӨ деңгейі 352 миллиард АҚШ долларынан асқанын атап өту керек.
Ел экономикасының басым бағыттары – энергетика, өңдеу өнеркәсібі, жоғары технологиялық өнеркәсіп (электроника), тау-кен өндіру, металлургия және химия өнеркәсібі. Ауыл шаруашылығы (оның ішінде орман және балық шаруашылығы) ел экономикасының маңызды саласы болып қала береді. Мұнда жұмыс күшінің шамамен 40%-ы еңбек етеді, ал халықтың 65%-ы ауылды елді мекендерде тұрады.
Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Ерсұлтан Жансейітов те түрлі оқиғаларға қарамастан, ел экономикасы тұрақты түрде өсіп келе жатыр деп есептейді.
«Вьетнам - экономикасы қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Коронавирус пандемиясы мен Шығыс Украинадағы жағдайға қарамастан, 2022 жылы ішкі өсімі 8%-дан асты. Дүниежүзілік банк пен басқа да халықаралық ұйымдардың болжамы бойынша, ЖІӨ өсімі 6,5 пайыз шамасында болады деп болжанды. Алайда іс жүзінде ел экономикасы қарқынды түрде өсім көрсетіп отыр. Ең бастысы, тұрақты түрде өсіп келе жатыр», - деп атап өтті ол.
Вьетнам – Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі
Вьетнам – еліміздің Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі. Қос ел арасында өзара сенім мен қолдауға негізделген достық қарым-қатынастар орнатылды. Мәселен, биылғы маусым айында Қазақстан мен Вьетнам арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарға 31 жыл толды. Осыдан 32 жыл бұрын, яғни 1991 жылы 27 желтоқсанда Вьетнам Қазақстанның тәуелсіздігін мойындады, ал 1992 жылы 29 маусымда екі ел арасында дипломатиялық қатынастар орнатылған болатын.

2011 жылы сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаев Вьетнамға ресми сапармен барды. Ал бір жыл өткеннен кейін Вьетнам басшысы Чыонг Тан Шанг Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген еді. Содан бері екі ел арасындағы қарым-қатынас түрлі салада қарқын ала бастады.
Қазақстан-Вьетнам: сауда көлемі 3,5 есе артты
Қазақстан мен Вьетнам арасындағы сауда көлемі 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында 610,9 миллион АҚШ долларын құрап, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 3,5 есе артты. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш 174,7 миллион АҚШ долларын құраған еді.
Ал Қазақстаннан экспорт көлемі 4,7 есе немесе 24,6 миллион АҚШ долларынан 117,7 миллионға, импорт көлемі 3,3 есеге немесе 150,1 миллион АҚШ долларынан 494,2 миллионға дейін артты.

Биыл Қазақстаннан Вьетнамға ең көп экспортталған тауар – мырыш, оның көлемі 83,4 млн АҚШ долларын немесе барлық экспорттың 71,5%-ын құрады. Айта кетейік, өткен жылдың осы кезеңінде Қазақстаннан Вьетнамға мырыш экспортталмағанын атап өту керек. Ал екінші орында тазартылған қорғасын тұр, оның үлесіне жалпы экспорттың 27,7%-ы келеді. Қорғасын экспортының көлемі 32,3 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 5,2 есе артқан.
Вьетнамнан Қазақстанға импортталатын тауарлар көлемі 3,8 есе өсіп, 67 млн АҚШ доллларынан 254 миллион АҚШ долларына жетті. Жалпы импорттың көлемі смартфондардың көптеп жеткізілуі есебінен артқан болатын, олардың үлесі 51,4%-ды құрады. Сонымен қатар түрлі түсті бейне мониторларын жеткізу де айтарлықтай өскен, яғни 59 мыңнан 71,2 миллион АҚШ долларына дейін (1200 есе), бұл бірінші жартыжылдықтағы импорттың жалпы көлемінің 14,4%-ын құрап отыр.
Вьетнамнан әкелінген басқа да негізгі тауарлар қатарында шаңсорғыш (17,2 млн доллар); құлаққаптар (15,7 млн АҚШ доллары); дауысты, суреттерді қабылдауға, түрлендіруге және жеткізуге немесе қалпына келтіруге арналған машиналар (15,2 млн АҚШ доллары) бар.

Ал дәрілік заттар, тігін машиналары мен қорғасын аккумуляторларын импорттау азайған. Сонымен бірге қантты, басқа да машиналарды, агрегаттарды және өндірістік немесе зертханалық жабдықтарды, сондай-ақ пайдаланылған немесе жаңа, тоқыма материалдарынан жасалған жіңішке жіптердің, баулардың, арқандардың немесе болатарқандардың бөліктерін жеткізу толығымен тоқтатылды.
Вьетнаммен өзара сауда көлемі 1 млрд долларға жеткізілмек
Ханой қаласына ресми сапармен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше Вьетнам Президенті Во Ван Тхыонгпен кездесіп, келіссөз жүргізді. Келіссөз алдында Президент сарайында ресми қарсы алу рәсімі өтті.

Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық, агроөнеркәсіптік және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары сөз болды.
«Қазақстан Президенті ретінде Сіздің еліңізге алғаш рет сапармен келіп отырмын. Мен бұл сапарыма баса мән беремін... Біз екі мемлекет арасындағы экономикалық, саяси қатынастарға баса мән береміз және Вьетнамның экономикалық зор әлеуетін және оның халықаралық аренадағы беделін жоғары бағалаймыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда-саттық жарты миллиард доллардан асқанына, биылғы алты айдың өзінде 600 миллион доллар болғанына назар аударды. Жыл соңына дейін бұл маңызды көрсеткішті 1 миллиард долларға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Мемлекет басшысы бүгінгі келіссөздер екіжақты қатынастарды дамытудың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенім білдірді.
Өз кезегінде Во Ван Тхыонг екі ел арасындағы ынтымақтастықты жандандыру ісін жоғары бағалап, Қазақстан мен Вьетнамның серіктестігін одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.
12 құжатқа қол қойылды: визасыз режим, инвестиция, электронды сауда
Айта кетейік, келіссөз қорытындысы бойынша Президенттер Бірлескен коммюнике қабылдады. Сонымен қатар сапар аясында бірқатар құжатқа қол қойылды. Оның ішінде ҚР Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты жедел дамыту жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған бірлескен іс-қимылдар жоспары; ҚР Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы ұлттық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім; ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Мәдениет, спорт және туризм министрлігі арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум; ҚР Сыртқы істер министрлігінің Инвестиция комитеті мен Вьетнам Социалистік Республикасы Сыртқы инвестиция агенттігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум; «Қазпошта» АҚ мен Viet Post корпорация арасындағы электрондық коммерцияны дамыту саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум; «ҚазМұнайГаз» ҰK» АҚ мен Sovico Group арасындағы мұнай-газ жобаларына инвестициялар саласындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандумды атап өтуге болады.

Еске салайық, биылғы маусымда Премьер-Министр Әлихан Смайылов Қазақстан мен Вьетнам арасында визасыз режим енгізу туралы қаулыға қол қойған еді. Енді екі ел азаматтары 30 күн визасыз жүре алады. Ал кеше ҚР Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы ұлттық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойылды.

Айта кетейік, аталған құжат 2009 жылғы 15 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы екі мемлекет азаматтарының өзара сапарлары туралы келісімі негізінде жасалған.
Вьетнаммен арадағы әуе қатынастарының саны артпақ
Мемлекет басшысы Вьетнамға ресми сапары аясында SOVICO Group компаниясының басқарма төрағасы Нгуен Тхань Хунгпен кездесті. Кездесу барысында энергетика және логистика салаларындағы ынтымақтастықтың перспективті бағыттары талқыланды. Мемлекет басшысы компания экономиканың түрлі секторында зор тәжірибеге ие екенін атап өтіп, еліміз ірі инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға мүдделі екеніне назар аударды.

Өз кезегінде Нгуен Тхань Хунг компанияның Қазақстан аумағында сауда-логистикалық орталығын ашуға ниеті барын айтты. Бұдан бөлек SOVICO компаниялар тобына кіретін VietJet Air лоукостері Қазақстанмен арадағы әуе қатынастарының санын арттыруды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, SOVICO Group – Вьетнамдағы ең ірі әртараптандырылған конгломераттардың бірі. Компания энергетика, құрылыс, банк және қаржы, авиация салаларында түрлі жобаларды жүзеге асырады. 2022 жылы компанияның табысы 20,6 миллиард долларды құрады.
Мұнай мен газ өңдеу: инвесторларға салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсыну мүмкіндіктері талқыланды
Бұдан бөлек Президент Petrovietnam мемлекеттік корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Хоанг Куок Выонгпен кездесті. Аталған компания – Оңтүстік Шығыс Азияның мұнай-газ өнеркәсібіндегі басты ойыншылардың бірі. Активтерінің жалпы құны 40 милллиард долларға бағаланады. Кездесу барысында энергетика және мұнай-газ химиясы салаларындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.

Мемлекет басшысы мұнай мен газ өңдеу және геологиялық барлау салаларындағы жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытқан инвесторларға салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсыну мүмкіндіктері бар екеніне назар аударды.
Өз кезегінде Хоанг Куок Выонг Қасым-Жомарт Тоқаевқа компанияның энергетика және мұнай химиясы салаларында жүзеге асырып жатқан жобалары туралы баяндады.
Вьетнам мен Қазақстан парламенттері арасындағы өзара сапар алмасу жанданады
Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Вьетнам Ұлттық жиналысының төрағасы Выонг Динь Хюэмен кездесіп, Қазақстан екі ел арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға баса мән беретінін жеткізді.

Президенттің айтуынша, Вьетнам – Қазақстанның Оңтүстік Шығыс Азиядағы негізгі серіктесі. Мемлекет басшысы екіжақты күн тәртібі аясында Вьетнаммен парламентаралық байланыстарды дамытуға баса мән беретініне назар аударып, заң шығару органдары арасындағы өзара сапар алмасу ісін жандандыруды ұсынды.
Сонымен бірге сапар барысында Мемлекет басшысы Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы Нгуен Фу Чонгпен кездесіп, қазақ-вьетнам күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қарастырылды. Президент екі елдің көпжақты байланыстарын нығайту үшін бірлескен жұмыстарды белсенді жүргізуге дайын екеніне тоқталды. Сонымен қатар Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және экономикалық өзгерістер туралы айтты.

«Вьетнам кәсіпкерлерінің Қазақстан нарығындағы қызметін қолдауға дайынмын» - Тоқаев
Сондай-ақ Президент Вьетнам Премьер-министрі Фам Минь Чиньмен кездесті.
«Президент Во Ван Тхыонгпен өте нәтижелі келіссөз жүргіздім. Біз көптеген саладағы қарым-қатынастарымыз бен ынтымақтастығымызды нығайтуға ықпал ететін өте маңызды уағдаластықтарға қол жеткіздік. Жан-жақты ынтымақтастығымыздың негізгі бағыттары айқындалған Бірлескен коммюнике қабылдадық. Сондай-ақ Вьетнам кәсіпкерлерімен кездесу өткіздім. Олардың Қазақстан нарығындағы қызметін қолдауға дайынмын. Біз елімізде вьетнамдық бизнестің ұзақ уақыт жұмыс істеуіне шын мәнінде мүдделі болғандықтан көмек көрсетеміз. Вьетнам – экономикалық өсім тұрғысынан қарқынды дамып келе жатқан ел, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы кеше қол қойылған Сауда-экономикалық ынтымақтастықты жедел дамыту жөніндегі үкіметаралық бірлескен іс-қимылдар жоспары сауда, инвестиция, технология, ауыл шаруашылығы, транзит және туризм сияқты маңызды салалар бойынша екі елдің өзара байланыстарын жандандыруға ықпал ететін негізгі құжат болатынына сенім білдірді.
Ұлт қаһармандары монументі мен әскер тарихы музейі
Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнамға ресми сапары барысында Ба Динь алаңында орналасқан ұлт қаһармандары монументіне және Хо Ши Миннің мавзолейіне гүл шоғын қойды.

Сондай-ақПрезидент Вьетнамның әскер тарихы музейін тамашалады. Мемлекет басшысына музейдің ашылу тарихы таныстырылды. Содан кейін Президент экспонаттар қойылған залдарды аралап көрді.

Ханойдағы әскер тарихы музейі орналасқан Корольдік цитадель ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген. Отыз залы бар әскери музейде 160 мыңға жуық жәдігер мен құжат сақталған. Олар Вьетнамның құрылу және қарулы күштерінің даму тарихымен байланысты.
Сонымен қатар музейден елдің тәуелсіздігі үшін болған ұрыстарда пайдаланылған соғыс машиналары мен қаруларын көруге болады.

Президент сапарының соңғы күні: керамика бұйымдары, Goertek және Hyosung Financial System Vina өндіріс кешені
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Вьетнам Президенті Во Ван Тхыонгпен бірге Хайзыонг провинциясында орналасқан керамика бұйымдарын шығаратын Чу Дао ауылына барды. Екі ел басшысы дайын өнімдерді қарап көріп, керамика бұйымдарын дайындау процесімен танысты.

Қазақстан мен Вьетнам президенттері ауылды аралап көргеннен кейін дайын өнімдерге және құрметті қонақтар кітабына қолтаңбаларын қалдырды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Goertek өндіріс кешенінің жұмысымен танысты.
Айта кетейік, компания акустика, оптика, микроэлектроника, прецизиондық конструктивті детальдар, интеллектуалды құрал-жабдықтар, виртуалды және толықтырылған шынайылық технологиялары қолданылатын құрылғылар, ақылды гарнитуралар, ақылды тұрмыстық техникалар және басқа да жоғары технологиялық құрылғылар мен өнімдер секілді электрондық және прецизиондық конструкторлық компоненттер әзірлеуге және өндіруге маманданған.

Қазіргі кезде Goertek компаниялар тобында 100 мыңнан астам адам еңбек етеді. Кәсіпорынның жылдық орташа табысы 2,8 миллиард долларға жетеді. Қасым-Жомарт Тоқаев кешенді аралап, өнім шығару процесімен, сондай-ақ кәсіпорында қолданылатын технологиялармен танысты.

Бұдан бөлек Президент Hyosung Financial System Vina компаниясының өндіріс алаңын аралады. Кәсіпорын жаңа үлгідегі банкоматтар, автоматты касса аппараттарын (TCR) шығарады, сондай-ақ банк-қаржы саласына арналған бағдарламалар жасайды. Кәсіпорында жылына 80 мыңнан аса бұйым өндіріледі. Зауыттың өндіріс желісімен танысқан Мемлекет басшысы қаржы технологиясы саласында тәжірибе алмасу қажет екеніне назар аударды.


Сарапшы: Вьетнам – Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азия нарығына шығар қақпасы
Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Ерсұлтан Жансейітов Вьетнамды Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азия нарығына шығатын қақпа деп есептейді.
«Вьетнам – Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азия нарығына, нақтырақ айтсақ, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығына (ACEAH) мүше мемлекеттерге шығар қақпасы. Қазір әлемдік капитал, технология, инновация бәрі ескі дүниеден, яғни Еуропа мен Америкадан Азияға, дәлірек айтқанда, Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне қарай жылжып келе жатқанын айту керек. 2016 жылдан бері ЕАЭО елдері мен Вьетнам арасында жұмыс істейтін еркін сауда аймағы бізге Вьетнам арқылы ACEAH елдеріне шығуға мүмкіндік береді. Сондықтан бұл біз үшін таптырмас мүмкіндік», - деді сарапшы.
Сонымен бірге спикер Вьетнам үшін Қазақстан неліктен маңызды екеніне, олар бізде жасалып жатқан қандай дүниелерге қызығатынына да тоқтала кетті.
«Біріншіден, Қазақстан – Вьетнамның қарқынды түрде дамып келе жатқан экономикасы үшін қажетті ресурстардың көзі. Екінші жағынан, ауыл шаруашылығы саласындағы қарым-қатынас та Вьетнамның ұлттық мүддесіне де сай келеді. Сондай-ақ көптеген саладағы IT шешімдерді де атап өтуге болады. Мәселен, Қазақстанның цифрландыру саласы жақсы дамып келеді, біз әлемдік рейтингте де жақсы көрсеткіш көрсетіп отырмыз. Сондықтан да олар Қазақстанның мемлекеттік қызметтерді цифрландыру тәжірибесіне қызығушылық танытып отыр»,-деп түйіндеді Ерсұлтан Жансейітов.