Президент сайлауына — 1 жыл

Касым-Жомарт Токаев
Фото: Ақорда

Осыдан тура бір жыл бұрын, 20 қараша күні елімізде кезектен тыс президент сайлауы өтті. Республиканың басты саяси додасына бүкіл сайлаушылардың 69 пайызы немесе 8 млн 300 мың 46 адам белсенді қатысып, өз таңдауын жасаған еді, деп хабарлайды Kazinform.

Есте болса, 2022 жылдың 1 қыркүйегінде «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын арнаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сол жылдың күзінде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынған болатын.

«Биыл күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын. Сондай-ақ, мен көп ойланып, Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет деген байламға келдім. Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ, қайта сайлануға тыйым салынады», — деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сол жылдың қыркүйегінде Түркістан облысына сапарлаған Қазақстан Президенті өңір жұртшылығымен кездесу барысында Мемлекет басшысын бір мерзімге ғана сайлауға қатысты реформаның мән-жайын түсіндіріп берді.

«Тағы бір аса маңызды реформа — Президенттің бір ғана мерзімге сайлануы. Біздің аймақтағы қай мемлекетті алып қарасаңыз да, мұндай өзгеріс мүлдем болмаған. Сондықтан бұл реформа демократия жолындағы батыл қадам деп сенемін. Тәуекелге бел бусақ та, осындай шешім халқымыздың жарқын болашағы үшін керек деп кәміл сенемін. Бұл реформа не үшін жасалмақшы деген сұрақ пайда болуы мүмкін. Мәселе мынада: Президенттік лауазымға көп жыл бойы бір ғана адам ие болмауы керек. Әлемде болсын, біздің елімізде болсын көп жыл бойы бір ғана адам ең жоғары лауазымға ие болса, мұндай жағдай елге де, Мемлекет басшысына да абырой әкелмейді. Біз болашаққа нық сеніммен қарап, адал, дарынды саясаткерлерге жол ашуымыз керек», -деген болатын Президент.

Сонымен сайлау 2022 жылдың 20 қарашасы күні өтті. Барлық өңірде 10 033 сайлау учаскесі жұмыс істеді.

Ал шет мемлекеттердегі Қазақстан өкілдіктері жанында 68 учаске құрылды. Нақтыланған сайлаушылар тізімдеріне сай, жалпы сайлаушылар саны 11 млн 953 мың 465 адамды құрады.

Оның 8 млн 300 мың 46 адамы немесе 69,44 пайызы дауыс беруге арналған бюллетендерді алды.

Дауыс беру нәтижесінде Қасым-Жомарт Тоқаевқа 6 млн 456 мың 392 сайлаушы немесе олардың 81,31 пайызы, Жигули Дайрабаевқа 271 641 немесе 3,42 пайызы, Қарақат Әбденге 206 мың немесе 2,6 пайызы, Мейрам Қажыкенге 200 907 немесе 2,53 пайызы, Нұрлан Әуесбаевқа 176 116 немесе 2,22 пайызы және Салтанат Тұрсынбековаға 168 731 немесе 2,12 пайыз дауыс берді.

Бюллетенге алғаш рет енгізілген «Бәріне қарсымын» бағанын 460 484 немесе 5,8 пайыз сайлаушы таңдады. Осылайша, сайлау қорытындысы Мемлекет басшысының ауқымды реформалары мен бастамаларына деген халықтың қолдауын паш етті.

Сайлауды әзірлеу мен өткізуді ұйымдастыру Қазақстан ұлттық заңнамасына және халықаралық міндеттемелеріне, ашықтық және айқындық қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылды. Учаскелерде мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруі үшін қажетті жағдайлар жасалды.

Көру қабілеті нашар азаматтар үшін алғаш рет сайлау бюллетеньдеріне брайль қарпімен трафареттер жасалып, барлық сайлау учаскелері олармен қамтамасыз етілді.

Дауыс беру күні ҚР Президенттігіне кандидаттардың 11 мыңнан аса сенім білдірген адамдары, шетелдік халықаралық ұйымдардың 641 байқаушысы, саяси партиялардың 15,5 мыңнан аса байқаушысы, қоғамдық бірлестіктерден 30 мыңнан аса байқаушы сайлауды бақылауды жүргізді.

Сайлау учаскелерінде 1225 қазақстандық БАҚ өкілдері, 23 елдің 41 шетелдік БАҚ-тың аккредиттелген журналистері ақпарат таратты. Олардың қызметі сайлаушылар мен сайлау процесіне қатысушылардың құқықтарын қамтамасыз етуге оң ықпал етті.

Байқаушылар мен сарапшылар сайлаушылардың өз азаматтық ұстанымы мен электораттық белсенділігін танытып қана қоймай елдің мүддесі мен болашағы жолында саяси жауапкершілік танытқанын, сондай-ақ саяси науқанның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби даярлығын, технологиялық жаңалықтардың енгізілгенін және сайлау учаскелерінің тиісінше қамтылғанын ерекше атап көрсетті.

22 қарашада Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Тоқаевты Президент ретінде тіркеді.

Токаев
Фото: Ақорда

Ал Қасым-Жомарт Кемелұлы Президент ретінде 26 қарашада ант берді.

«Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан Республикасы Президентiнiң өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға қолын қойып тұрып.

Саясаттанушы Аман Мәмбетаев Президентке тап келген қазіргі кезең оған да, оның командасына да өте күрделі болып тұрғанын айтады.

Бұл кезең мемлекеттің авторитарлық жүйеден Парламенттің кеңейтілген өкілеттігі бар парламенттік-президенттік моделіне өзгеруін қамтиды.

Сонымен қатар авторитаризмнен бас тартатын саяси құрылым құруды да көздейді.

«Елімізде орын алған сын-тегеуріндер мен трагедияларға қарамастан өткен жылдың ішінде Президент халыққа барынша жақын екендігін және проблемаларды шешуге мүкіндігінше жұмылғанын көрсете білді. Ол дағдарысты жағдайларға қарсы жылдам, шұғыл әрі ашық әрекет етті Президент туындаған дағдарыстарға қарамастан елдің негізгі стратегиялық мақсаттарынан таймай, мүлтіксіз ұстанымын сақтап қалды», — деді саясаттанушы.

Соңғы жаңалықтар