Президент сайлауы: 12 үміткердің нешеуі ОСК талабына сай
Орталық сайлау комиссиясы үміткерлердің талапқа сәйкестігін анықтау отырыстарын өткен аптаның демалыс күндері бастап кеткен болатын.
Әуелі қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың канидат ретінде талаптарға сәйкестігі туралы қаулы қабылданды. Орталық сайлау комиссиясы заң аясында құзыретті органдарға сұрау салу арқылы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы екенін белгілеп, кейінгі 69 жыл бойы Қазақстанда тұрған деген мәліметті тіркеді. Ал мемлекеттік қызметтегі және сайланбалы мемлекеттік лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі – 43 жыл 1 ай. Өзге кандидаттардан бір айырмашылығы, Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы ҚР Конституциялық Заңының 54-бабы 2-тармағы бойынша, қазіргі мемлекет басшысы ретінде мемлекеттік тілден емтихан тапсырудан босатылған.
Әуелі Қ. Тоқаевтың кандидатурасын президенттікке мәслихаттар депутаттарынан құралған республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан спортшылар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі, Қазақстанның Азаматтық альянсы, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Qazaqstan Team» қоғамдық бірлестігі, Ұлттық волонтерлік желісі ұсынған болатын. Кейін бұл қатарға AMANAT партиясы, «Қазақстан Халық партиясы» және «Ақ жол» партиясы қосылып, бір коалицияға бірікті.
Орталық сайлау комиссиясының талапқа сәйкестігі туралы қаулысы екінші болып Мейрам Қажыкенге бұйырды. Оның канидидатурасын « Аманат « Қазақстан кәсіподақтар достастығы» республикалық кәсіподақтар бірлестігі ұсынып отыр. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, Қажыкен Мейрам Зекешұлы тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады, Қазақстанда соңғы 61 жыл бойы тұрады. Мемлекеттік қызметтегі және сайланбалы мемлекеттік лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі – 14 жыл.
Ерекше есімі саяси партиялар арасындағы дауға арқау бола жаздаған Жигули Дайрабаевтың да талапқа сәйкестігі туралы қаулы қабылданды. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы ұсынған үміткер Жигули Молдақалықұлы Дайрабаев тумысынан Қазақстан Республикасының азамат, Қазақстанда соңғы 67 жыл бойы тұрады. Мемлекеттік қызметтегі және сайланбалы мемлекеттік лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі – 7 жыл.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия атынан ұсынылған үміткер Нұрлан Әуесбаевтың да Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президенттігіне кандидатқа қойылатын талаптарға сай екені туралы қаулы қабылдады. Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша, ол тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы, елімізде соңғы 65 жыл бойы тұрады. Мемлекеттік қызметтегі жұмыс тәжірибесі – 10 жыл 8 ай.
Ал, кеше Қарақат Әбден де Орталық сайлау комиссиясының талаптарға сәйкестігі туралы қаулысына ие болды. ҚР Ішкі істер министрлігі ұсынған мәлімет бойынша, ол тумысынан Қазақстанның азаматшасы болып саналады, Қазақстанда соңғы 48 жыл тұрады. Мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі – 9 жыл 1 ай. Бұл бестік Орталық сайлау комиссиясының талаптарына сәйкестігі қаулымен бекітілген.
Ал, «Мұқалмас» республикалық қоғамдық бірлестігінің атынан ұсынылды делінген кандидат, Мәжілістің экс-депутаты Нұржан Әлтаевтың құжаттарына қатысты даулы мәселе туындаған болатын. Орталық сайлау комиссиясы 7 қазанда сол даулы мәселе бойынша тексеріс басталғанын мәлімдесе, 11 қазанда Нұржан Әлтаевтың тіл емтиханынан сүрінбей өткенін тіркеді.
10 қазан күні «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінен Жұматай Әлиевтің құжаты өткізілгенімен, Орталық сайлау комиссиясы әлі оның талаптарға сәйкестігі туралы нақты бір шешім қабылдаған жоқ.
«Қазақстан құрылысшылар одағы» республикалық заңды тұлғалар бірлестігінің атынан ұсынылған Талғат Ерғалиевтің құжаттары да ОСК қарауында жатыр.
Үміткерлерден құжат қабылдаудың соңғы күнінде бірнеше адам Орталық сайлау комиссиясына жүгінді.
Солардың бірі – «Оралмандардың «Асар» бірлестігі» дейтін республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынған Хайролла Мағауияұлы Ғабжалилов.
Кандидатурасын «Қазақ аналары - дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынған Салтанат Пархатқызы Тұрсынбекова да Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын тапсырды.
Сондай-ақ, кеше Орталық сайлау комиссиясына Фатима Бизакованың кандидат болып ұсынылғаны туралы құжат келіп түсті. ОСК мәліметі бойынша, оны « Тәжірибелік психология « республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынған.
Үміткерлерді тіркеудің соңғы сәтінде тағы бір кандидат құжаттарын тапсырды. Ол – «Қазақстандық Футбол Әуескерлері Лигасы» қоғамдық бірлестігінің атынан ниет білдірген Бақыт Маратұлы Жаңабаев.
Сонымен, 11 қазанға дейін кезектен тыс президент сайлауына 12 адамның канидудатурасы ұсынылып, оның бесеуін Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президенттігіне үміткерге қойылатын талаптардың бәріне сай деген қаулы қабылдады.
Қалған 7 үміткердің президенттікке канидидатурасы қаншалықты сәйкес екенін ОСК қарап жатыр.
Ол талаптар мынандай:
- тумысынан Республика азаматы болуға тиіс;
- ҚР аумағында соңғы он бес жыл бойы тұруға тиіс;
- жоғары білім;
- қырық жасқа толған;
- белсендi сайлау құқығына ие болуға тиiс;
- мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жылдық жұмыс тәжірибесі болуға тиіс;
- мемлекеттік тілді еркін меңгеруi тиіс.
«Қазір біз ағымдық режиммен жұмыс істеп жатырмыз. Жуықта қалған кандидаттарлдың талапқа сәйкестігін анықтау үшін отырыстар өткізетінімізді хабарлай бастаймыз. Бұл ортыстар БАҚ өкілдерінің қатысуымен өтеді. Сол отырыстарда әр канидидат туралы толыққанды мәлімет беріп отырамыз», - дейді Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман.