Президент сайлауы халықаралық стандарттарға сай өтіп жатыр - Румын байқаушысы
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Президент сайлауы процесі халықаралық нормаларға сай өтіп жатыр. Алматыда Президент сайлауына байланысты өткен баспасөз мәслихатында Румын байқаушылары Триф Рареш пен Юркан Жонаш Флориш осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Юркан Жонаштың айтуынша, Алматыда Президент сайлауы ашық әрі обьективті өтіп жатыр.
Румын байқаушылары күні бойы 10 сайлау учаскесіндегі дауыс беру процесін бақылап көрді.
«Маған Қазақстандағы сайлау процесін бақылау өте қызық болды. Басты байқағаным, сайлауға жастарң көп келді. Бұл - жас буын өкілдерінің ел болашағына немқұрайды қарамайтынын білдірсе керек», - деді Юркан Жонаш Флориш.
Оның айтуынша, сайлаушылардың дауыс беруге келу көрсеткіші өте жоғары болған.
«Түске дейін тіркелген сайлаушылардың 10-20 проценті дауыс беруге келді. Бұл өте жоғары көрсеткіш», - деді ол.
Ал Адам құқықтарын қорғау ұйымының кеңесшісі Рареш Триф та дауыс беру учаскелерінде ешқандай заңбұзушылықты байқамағанын жеткізді.
«Біз Қазақстандағы Президент сайлауын бақылауға келдік.Таңнан бері 3 сайлау учаскесінде болдым. Әзірге бәрі дұрыс. Ешқандай заңбұзушылық байқамадық. Тіркелген 2400 сайлаушының түскі 12-ге таман 20 пайызы дауыс беруге келді. Сондай-ақ, мүмкіндігі жоқ адамдарға дауыс беруге мобильді урналар ұйымдастырылған. Тек бір ғана жағдайды байқадық. Сайлаушы әйел өзін тізімнен таппады. Ондай жағдай жиі болып тұрады. Сайлаушылардың арасында жас студенттердің кезекке тұрғанын байқадық. Бұл - азаматтық қоғамдағы демократияның салтанат құрғанын көрсетеді»,- деді Рареш Триф.
Жалпы Президент сайлауын бақылауға Алматыға 80 халықаралық байқаушы келді.
Еске сала кетсек, бүгін Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауы басталды. Қазақстанның 48 сайлау учаскесінде дауыс беру жүргізіліп жатыр. ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында ел ішінде және шетелдерде 9 968 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді.
Алматыда 563 сайлау учаскесі жұмысын бастады. Қала бойынша бүгінде 1 миллион 130 мың 792 сайлаушы тіркелген. Учаскелер тұрақты және тасымалданатын сайлау жәшіктерімен, қажетті ақпараттық материалдармен қамтамасыз етілген. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да дауыс беруі үшін барлық мүмкіншіліктер қарастырылған.
Мұның алдында Польша байқаушысының пікірін жазған болатынбыз.