Президент сайлауын әр адам белсенді қолдауы керек - әнші Нұрғали Нүсіпжанов

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанның Халық әртісі, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының әншісі Нұрғали Нүсіпжанов Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауына қатысты өз ойын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Президент сайлауын әр адам белсенді қолдауы керек - әнші Нұрғали Нүсіпжанов

Әнші Президенттің міндетін атқарушы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуін түсінікпен қабылдаған.

«Бұл үндеу бізге үлкен ой тастады. Оны түсіністікпен қабылдап жатқан жағдайымыз бар. Елбасы 30 жылдай тұңғыш Президент болды. Ол кісі басқарғанда жақсы жетістіктерге жеттік. Енді қазір Қазақстан өзін өзі көрсететін, бар салада өркендейтін уақытқа келіп қалды. Енді сол бағыт бағдарымыздан ажырамай, игі істерімізді, халықтың тіршілігін, дамып жатқан мемлекеттік жұмысын тоқтатпай ары қарай іске асыруға, халықтың тұрмыстық жағдайын жақсартуға атсалысатын адамдар өте керек. Қасым-Жомарт Тоқаевтың көпке созбай президент сайлауын өткізу туралы ұсынысы - ел ішінен жұмысты орта жолдан тастап кетпей дамытуға атсалысатын ресурстарымызды іздеуге өте керек бастама деп білемін», - деді Нұрғали Нүсіпжанов.

Ол ел президентінің сайлауға барша қазақстандықтарды жауапкершілікпен қатысуға шақырды.

«Қазақстанның өсіп-өркендеуі әрқайсымыздың міндетіміз. Ол үшін елге қызмет ететін азамат керек. Сайлау тез арада өтіп, жемісін көру керек. Осы мәселе бойынша біз қазір әр адам өзінің азаматтық позициясын айқындап, өз мемлекетінің өсуіне мүдделі болу керек. Бұл - бір адамның бір басшының міндеті емес, бәріміз сол салаға күшімізді, ар ожданымызды соған арнауымыз керек деп санаймын», - деді ол.

Айта кету керек, Ақорда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлығын жария етті.

Жарлыққа сәйкес, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2019 жылдың 9 маусымында өтетін болды.

Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудың ашық, әділ өтетініне кепілдік беретінін айтты.

«Қазақстан - демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады. Мен, Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл - менің берік ұстанымым! Алдымызда зор міндеттер тұр. Мен халқымызға, яғни Сіздерге сенемін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фото: old.aikyn.kz