Президент сыны: министрлік курорттық аймақтарды дамытудың жол картасын әзірледі
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгінде туризм саласын дамыту үшін заңнаманы жетілдіру жұмысы жүріп жатыр. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлім етті.
— Мемлекет басшысы курорттық аймақтардың жазғы туристік маусымға дайындық деңгейіне назар аударды. Тексеру нәтижесінде елеулі кемшіліктер анықталды, — деді Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында.
Одан әрі министр кемшіліктерді тізіп шықты:
— санитарлық нормалар толық сақталмаған;
— туристердің қауіпсіздігі жеткілікті қамтамасыз етілмеген;
— инженерлік инфрақұрылым мен кадр жетіспейді.
— Осы олқылықтарды жою үшін курорттық аймақтарды дамыту жөніндегі жол картасының жобасы дайындалды. Сондай-ақ шетелдік туристерді тарту үшін Алматы тау кластерін дамытуға арналған кешенді жоспар әзірленді. Құжатта жеті бағыт бойынша 72 іс-шара көзделген. Жоспарда тау кластерінің жаңа аймақтарын дамыту бар. Сонымен қатар, «Шымбұлақ» пен «Ой-Қарағайды» біріктіретін бірыңғай тау-шаңғы жүйесін құру қарастырылған, — дейді ол.
Сондай-ақ ведомство басшысы туризм саласын дамыту үшін заңнаманы жетілдіру жұмысы қолға алынғанын тілге тиек етті.
— Әкімдіктерге елді мекендерден тыс аумақта, соның ішінде ұлттық парктерде туристік инфрақұрылым салу құқығы берілді. Фермерлерге ауыл шаруашылығы жерлерінде жеңіл құрылыстар мен аз қабатты қонақүйлер салып, агротуризммен айналысу мүмкіндігі қарастырылып жатыр, — деп толықтырды министр.
Министрліктің мәліметінше, туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 460 млрд теңгеден асты.
Айта кетсек, биыл шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтан келіп түскен көптеген шағымға байланысты Алакөл маңындағы әйгілі туристік аймақтың демалушыларды қарсы алуға дайындығы төмен екеніне Үкіметтің назарын аударған болатын.