Президент сыны: облыс әкімдері қаражатты тиімсіз жобаларға шашудан әріге бармайды

АСТАНА. KAZINFORM — Жұрттың өңірлерден ел астанасына не себепті тоқтаусыз көшіп жатқанына мұқият талдау жүргізіп, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан тартымды басқа да орталықтар құруға арналған кешенді шаралар қабылдау керек. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында айтты.

Президент: екінші, үшінші АЭС құрылысын жоспарлауды қазір бастау керек
Фото: Ақорда

- Кейбір облыс әкімдері корпоративті салықтан түскен қаражатты көше бойындағы тас тақтайшалар салу сияқты тиімсіз жобаларға шашудан әріге бармайды. Әрине, содан соң жұрт әлеуметтік қызметтері мен жеңілдіктері бар Астанаға қарай ағылады. Мұндай ахуал күрделі мәселелер туындауына әкеп соқтырады. Қалада әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы жандардың саны бірнеше есе артқан, әлеуметтік қолдауға арналған шығындар да бюджет кірісінен жылдамырақ өсіп жатыр. Ал әлеуметтік міндеттемелердің үлесі тым артып барады. Мектеп инфрақұрылымы қазірдің өзінде шамадан тыс жұмыс істеп, шатқаяқтап тұр. Жыл сайын 15 мектепке дейін салу қажеттігі туындап жатыр. Емханалардың жүктемесі өте көп, онда орын тапшы, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, соның салдарынан әкімдік қаланың қарқынды дамуына жағдай жасаудың орнына әлеуметтік шығындарға қыруар қаржы жұмсауға мәжбүр. Оның қала бюджетіндегі үлесі қазірдің өзінде 60 пайызға жеткен. Бұл ахуалды түзеу үшін түбегейлі шаралар қабылдау қажет.

- Жұрттың өңірлерден ел астанасына не себепті тоқтаусыз көшіп жатқанына мұқият талдау жүргізіп, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан тартымды басқа да орталықтар құруға арналған кешенді шаралар қабылдау керек. «Жүргенге жөргем ілінеді» деген қағидатты енгізіп, өңірлердің әлеуметтік міндеттемелерін қаржыландыру мәселесін қайта қараған жөн, - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент Астананы сумен және жылумен қамтамасыз ететін жүйелердің жұмысына қауіп төніп тұрғанын айтты. 

Соңғы жаңалықтар