Президент сынынан кейін Алакөлде қандай өзгеріс бар
СЕМЕЙ. KAZINFORM — Абай облысындағы Алакөл жағалауына ағылатын халық биыл қандай өзгерістерді байқады? Тазалық, қауіпсіздік мәселелері реттелді ме? Kazinform тілшісі бұл сауалдардың жауабын біліп көрді.

Қоқыс жәшіктері көбейген
Туристерге менмұндалап тұрған Алакөл жағасында жыл сайын 1 млн-нан астам адам келеді. Алайда осы жылдың шілде айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтан келіп түскен көптеген шағымға байланысты Алакөл маңындағы әйгілі туристік аймақтың демалушыларды қарсы алуға дайындығы төмен екеніне Үкіметтің назарын аударған болатын.
— Атап айтқанда, қажетті туристік инфрақұрылым, қызмет көрсету мен қауіпсіздік лайықты деңгейде қамтамасыз етілмеген. Үкіметке қысқа мерзім ішінде елдегі барлық туристік бағыттың жағдайын ретке келтіріп, олқылық жіберген лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартуды тапсырды, — деп жазды 10 шілдеде Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай.

Арада бір айдай уақыт өткенде Kazinform тілшісі Алакөлге арнайылап барып қайтты. Жағдайды көзбен көріп, сондағы демалушыларды сөзге тартты. Өскемендік Баян Айтқожаева Алакөлге 2 жылда бір келетінін айтты.
— Отбасымызбен тұзды суға шомылғанды, аяқ-қолдың қақсағанын басу үшін балшыққа жатқанды, кешкі самалда арбатта серуендегенді жақсы көреміз. Интернет арқылы демалыс базаларының бірін таңдаймыз. Бағалары әртүрлі. Әрине, қымбатын алсаң, жатар орныңның жағдайы жақсырақ, тамағы дәмдірек болады. Біз орта бағасын таңдаймыз. Бұрын әр бұрышта түтінді бұрқыратып кәуап дайындап жататын. Биыл ондайлар жоқ.
Тазалық та реттеліп қалыпты. Бірақ кей жерлерде қоқыс жатқанын байқадық. Полиция қызметкерлері күндіз аз жүреді, ал кешкісін көбейіп кетеді. Бір жағынан қылмыс та негізінен түнде болады ғой. Тентек суға тойып алып, арбатта тәлтіректеп жүргендерді сақшылар дереу алып кетеді. Ондайды өз көзіммен бірнеше рет көрдім, — дейді ол.
Алматыдан келген Айсұлу есімді әйел биыл қоқыс жәшіктерінің саны артқанын байқағанын жеткізді.
— Расыменде арбат ішіндегі тазалық жақсарған. Тағы бір байқағаным, жағалауда күнге қыздырынып жатқан халыққа арқасына сөмке іліп, қолына дорба ұстаған саудагерлер келіп түрлі тағамдарды сатады ғой. Олар бұрынғыға қарағанда мәдениетті, ілтипатты болып кетіпті. «Демалысыңыз жақсы өтсін!» деген сияқты жылы сөзді бәрі айтады. Бұрын олай болмайтын. Соған қарағанда кәсіпкерлер мен саудагерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізілгенге ұқсайды.
Бірақ әжетхана саны әлі де аз. Баламды апарайын деп біраз сенделіп кеттім. Біреуіне барсақ есігі жабық екен. 15 минуттай тосып тұрсақ та ешкім келіп ашпады. Басқасын іздеп, әйтеуір дегенде таптық. Әжетханалар арасы тым алшақ. Сондықтан санын көбейтсе деп тілейміз, — дейді демалушы.
Қанша демалыс базасы бар?
Алакөл жағалауында 200-ден астам демалыс базасы бар. Онда бір адамды орташа орналастыру құны тәулігіне шамамен 20 000 теңге. Облыс әкімдігінің хабарлауынша, бағаның тым қымбаттығына қатысты халық тарапынан шағым тіркелмеген.
Президент сынынан кейін Алакөл жағалауында бірнеше жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, 6 модульдік дәретхана орнатылып, 10 қосымша киім ауыстыратын кабина қойылды.

— 25 қоқыс жәшігі, 50 орта және 50 үлкен көлемдегі қоқыс контейнері орнатылып, арбат бойында шатырлар қойылып, сырлау жұмыстары аяқталды. Қосымша 4 қайық пирсы мен құтқару мұнарасы салынып, бір фотозонаның құрылысы мәресіне жетті.
Қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында қосымша 34 бейнебақылау камерасы іске қосылды. Қазір жағалауда барлығы 124 камера жұмыс істеп тұр. Көл жағасында 45 полиция қызметкері қызмет атқарады, — деп жауап берді Абай облыстық туризм басқармасының басшысы Марат Қабақов Kazinform тілшісінің сауалхатына.
Өңірде жыл сайын дәстүрлі түрде екі маңызды іс-шара өткізіледі. Атап айтқанда, «Wings of Alakol» фестивалі және жазғы музыкалық «Alakol Fest» фестивалі. Туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобаларды іске асыру аясында жағажай аймағын кеңейту де жоспарланып отыр.
Чектің берілмеуі — заңға қайшы
2024 жылы Алакөлде туристік қызмет көрсететін кәсіпкерлерден түскен салық түсімдерінің көлемі 179,1 млн теңге. Осы ретте, айта кетпеске болмайтын маңызды мәселе бар. Демалушылар арасында әлеуметтік желіде база иелері мен сауда-саттық жасайтын кәсіпкерлердің түбіртек бермейтіндігі жайлы шағымданатындар жиі болады. Марат Қабақовтан бұл мәселенің қалай реттеліп жатқандығын да сұрадық.

— Фискалдық чектердің берілмеуі — Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзу. Қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес ондайға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бұзушылықтардың алдын алу мақсатында мемлекеттік кірістер органдары кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Оның ішінде бақылау-касса машиналарын қолдану тәртібі, мобильді POS-ты пайдалану туралы ақпарат пен кеңес беріледі. Егер демалушылар тарапынан осыған қатысты шағымдар түскен жағдайда, аумақтық мемлекеттік кірістер департаменті тексеру жүргізіп, бұзушылықтар анықталған кезде кәсіпкерлерге әкімшілік шара қолданылады, — деді басқарма басшысы.
Мемлекет басшысының туристік жерлерді ретке келтіруге қатысты берген тапсырмасынан соң Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Алакөлде нақты қандай жұмыстарды қолға алғанын біліп көрдік.
— Министрлік өкілдері 13-16 шілде аралығында арнайы жұмыс тобының құрамында Абай облысы Алакөл курорттық демалыс аймағына іссапармен барды. Өңір әкімдігі Алакөл көлінің жағалауын дамыту аясында биыл жергілікті бюджеттен 658 млн теңге бөлген.
Оның ішінде Арбатты жөндеуге — 108,9 млн теңге, жаңа қоғамдық кеңістік құруға — 171,6 млн теңге, жағалауды абаттандыруға — 107,5 млн теңге, жағалау көшелерін орташа жөндеуге — 229,5 млн теңге, пирстерді орнатуға — 41,6 млн теңге, 2025 жылғы шомылу маусымында Алакөл жағалауын санитарлық тазалауға және күтіп-ұстауға — 53,5 млн теңге. Бүгінгі таңда Арбатты жөндеу жұмыстары аяқталған, ал қалған іс-шаралар бойынша жұмыстар мердігерлермен жалғасып жатыр, — дейді вице-министр Жомарт Әлиев.

Сондай-ақ құтқару станциясының және Қабанбай ауылындағы өрт сөндіру депосының құрылысы басталған. Осы жылы «Qazaq oil» жанармай құю станциясы ашылып, жанармай тапшылығы мәселесі шешілді.
— Жұмыс тобымен демалыс аймақтарын қарау барысында министрліктің құзыретіне кіретін экологиялық заңбұзушылықтар тіркелген жоқ. Сонымен қатар 25 шілдеде Абай облыстық Экология департаментінің қызметкерлері Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы төрағасының өтініші негізінде және 2025 жылға арналған Алакөл жағалауында іс-шаралар өткізу кестесіне сәйкес демалыс орнына барды.
Көзбен шолу барысында көлден 12 шақырым қашықтықта орналасқан жер учаскесінде қатты тұрмыстық қалдықтардың (ҚТҚ) жинақталғаны және жер бетіне рұқсат етілмеген төгінділердің ағызылғаны анықталды. Сол күні департамент мамандары көл жағалауында қызмет жүргізіп жатқан кәсіпкерлермен кездесіп, оларға ҚР Экологиялық кодексінің ҚТҚ-ны жинауға тыйым салынғандығы, сарқынды суларды төгуге жол берілмейтіні туралы нормалары түсіндірілді. Жағалау аумағының одан әрі ластануын болдырмау мақсатында жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде 29 шілдеде Абай облысы әкімінің орынбасары және Мақаншы ауданы әкімінің атына бұл заңбұзушылықтарды жою бойынша қажетті шаралар қабылдау туралы хат жолданды, — дейді Жомарт Әлиев.
Еске салсақ, осыған дейін жаз шыққалы бері Алакөл жағасында 120-дан астам бала жоғалғаны хабарланған.