Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Македония Президентімен кездесті

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, оның сапары Астана мен Скопье арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатқанын атап өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

Президент Солтүстік Македония Президенті Гордана Силяновска-Давковамен кездесті
Фото: Ақорда

– Қазақстан Солтүстік Македониямен жан-жақты серіктестікті дамытуға мүдделі және Сіздің еліңізді Балқан түбегіндегі сенімді әріптес ретінде қарастырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Гордана Силяновска-Давкова Қазақстанға шақырғаны үшін Президентке алғыс айтып, екіжақты ықпалдастықты одан әрі нығайтуға зор әлеует бар екенін жеткізді.

Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты егжей-тегжейлі талқылады.

Президенттер Қазақстан-Солтүстік Македония қарым-қатынастарының барлық саласына тың серпін беруге уағдаласты. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, қаржы және туризм сияқты перспективті бағыттарға назар аударылды.

Мемлекеттер басшылары Солтүстік Македонияның танымал Alkaloid фармацевтикалық компаниясының Алматыда өкілдік ашу туралы шешімін құптады.

Бұдан бөлек, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер туралы пікір алмасты.

Айта кетелік Мемлекет басшысы Германия Бундесратының Президенті Анке Релингермен кездескен еді

Соңғы жаңалықтар