Президент сот актілерін мәжбүрлеп орындату бойынша ақпарат алмасу туралы Жарлыққа қол қойды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 16 маусымда «Сот актілерін, өзге уәкілетті органдар мен лауазымды адамдардың актілерін мәжбүрлеп орындату кезінде ақпарат алмасу жөніндегі ынтымақтастық туралы Жарлыққа қол қойды. 

Президент сот актілерін мәжбүрлеп орындату бойынша ақпарат алмасу туралы Жарлыққа қол қойды
Фото: Ақорда

— Сот актілерін, өзге уәкілетті органдар мен лауазымды тұлғалардың актілерін мәжбүрлеп орындату кезінде ақпарат алмасу жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын. Қазақстан Республикасы атынан сот актілерін, өзге уәкілетті органдар мен лауазымды тұлғалардың актілерін мәжбүрлеп орындату кезінде ақпарат алмасу жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге ескертпемен қол қойылсын, — делінген құжатта.

Келісім тараптардың мәжбүрлеп орындату органдарының атқарушылық құжатты мәжбүрлеп орындату рәсімдерін жүзеге асыру кезінде ақпарат алмасу жөніндегі ынтымақтастығының негізгі бағыттарын айқындайды. 

Келісім шеңберінде ақпарат алмасудағы мақсат — атқарушылық құжатты мәжбүрлеп орындатуды қамтамасыз ету, сондай-ақ оларды орындау кезінде құқықтық көмекті пайдалану тиімділігін арттыру.

Аталған құжатқа сәйкес, тараптардың мәжбүрлеп орындату органдары мәжбүрлеп орындату рәсімдерін жүзеге асыру кезінде мынадай ақпаратпен алмасады:

— атқарушылық өндіріс туралы;
— борышкердің мүліктік жағдайы туралы;
— борышкердің жұмыс орны, сондай-ақ оның ресми табыс көзі, мөлшері туралы;
— борышкердің не оның мүлкінің орналасқан жері туралы;
— сондай-ақ атқарушылық өндіріс тараптарынан, өзге азаматтардан және мемлекеттік органдардан алынған мәліметтермен, анықтамалармен және құжаттармен алмасады.

Одан бөлек, мәжбүрлеп орындату органдары атқарушылық құжатты мәжбүрлеп орындатуды қамтамасыз ету үшін қажетті өзге де ақпаратпен алмаса алады.

Атқарушылық өндіріске келесі жайттар жатады:

— сұратылған тараптың мәжбүрлеп орындату органында орындалған (немесе орындалуда) атқарушылық құжат туралы, сұратушы тараптың аумағында борышкерге қатысты берілген;
— атқарушылық өндірістің қозғалған күні және атқарушылық құжаттың орындалуға қабылданған күні, атқарушылық құжаттың атауы мен нөмірі, оның талаптарының мазмұны, орындалу кезеңі;
— өндіріп алынған берешек сомасы, тәркіленген мүлік, іске асырылуға ұсынылған мүлік және атқарушылық құжатты орындау нәтижесі туралы басқа да сұрау салуда көрсетілген мәліметтер, бұл бір құжат бойынша екі рет орындатудың алдын алу үшін қажет.

— Келісімнің мерзімі жоқ. Әр тарап келісімнен шығуға құқылы, ол туралы жазбаша хабарламаны депозитарийге 3 ай бұрын жолдайды. Сондай-ақ келісім қолданылған уақыт ішінде туындаған қаржылық және өзге де міндеттемені реттейді, — деп түсіндірілген келісімде.


Келісімнің толық нұсқасымен сілтеме арқылы өтіп танысуға болады. 

Жарлық 2025 жылғы 16 маусымда күшіне енді. 

Еске салайық, бірнеше жыл бұрын елімізде сот актілерінің орындалуын бақылайтын институт енгізілетіні айтылды

Соңғы жаңалықтар