Мемлекет басшысы сот ісін жеңілдетуге қатысты ұсыныс айтты

АСТАНA. KAZINFORM – Сот жүйесіндегі өзгерістер тоқтап қалмайды. Бұл туралы Қазақстан судьяларының съезінде  ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

Соттар съезі
Фото: Ақорда

«Реформа кезінде анықталған олқылықтар дереу жойылуы тиіс. Сот әкімшілігі осыған қатысты талдау жұмысын күшейткені жөн. Қазылардың қызметі сапалы болуы керек. Әрбір іс тек заң аясында қаралуы тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент осы саладағы цифрландыру ісін жалғастыру маңызды екенін айтты. Цифрлық технологиялар азаматтардың сот процесіне қатысуын айтарлықтай жеңілдетті, сондай-ақ сот қызметінің барынша ашық болуын қамтамасыз етті.

«Елімізде арнайы ақпараттық жүйе бар. Судьялар сол арқылы басқа соттардың шешімдерімен таныса алады. Бұл - әділ сот актілерін қабылдауға мүмкіндік беретін ұтымды тәсіл. Соның арқасында ортақ мәлімет қоры қалыптасады. Бұл деректер сот процесіне қатысатын тараптың бәріне қолжетімді болуы керек. Сол кезде әркім өзіне қатысты істің нәтижесін бағамдай алады. Бұл бастама сотта қаралатын дау-дамайды азайтады, жұрт та босқа арызданып, шағымдана бермейді. Жалпы, сот ісін жеңілдету – маңызды міндет. Ол үшін озық технология мен жасанды интеллектіні кеңінен пайдаланған жөн», - деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін елордада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы судьяларының IX съезі басталды. 

Соңғы жаңалықтар