Президент: Сот жүйесінің тәуелсіздігі – Әділетті Қазақстан құрудың басты шарты
АСТАНА. KAZINFORM – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордада «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі рөлі» атты халықаралық форумда Заң мен тәртіп қағидатына негізделген Әділетті мемлекет құру үшін ауқымды реформалар жүргізіліп жатқанын айтты.
– Біз Заң мен тәртіпке бағынатын, баршаға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құру үшін ауқымды жұмыс атқарып жатырмыз. Сондықтан сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беріп отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.
1 шілдеде еліміздің жаңа Конституциясы күшіне енеді. Осылайша, Қазақстан өз дамуының шешуші кезеңіне қадам басады.
– Мен бүгін бес конституциялық заңға қол қойдым. Бұл – жаңа Конституцияға сәйкес мемлекеттік басқару жүйесі «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы негізінде түбегейлі жаңғырады деген сөз. Осы құқықтық реформалар елімізде жасалып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге де тың серпін бермек. Сөз соңында Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті әзірлеуге және оның нормаларын жүзеге асыруға атсалысқан барша азаматқа шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, елордада Мемлекет басшысының қатысуымен елдегі әкімшілік әділетке арналған форум өтті.
Бұған дейін Президент инвестициялық даулардың 80% инвесторлар пайдасына шешілгенін айтқан еді.