Президент Су және денсаулық сақтау туралы хаттаманы ратификациялауды мақұлдады
АСТАНА.KAZINFORM - Мемлекет басшысы «1992 жылғы Шекарааралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі конвенцияға Су және денсаулық проблемалары туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.
Айта кетейік, Мәжіліс депутаттары «Шекарааралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі 1992 жылғы конвенцияға Су және денсаулық проблемалары туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қабылдағанын жазған болатынбыз.
Хаттама 1999 жылы 17 маусымда Лондонда қабылданған. Мақсаты – су ресурстарын орнықты басқару есебінен халықтың денсаулығын қорғап, әл-ауқатын арттыру, сумен байланысты аурулардың таралу дәрежесін болғызбау және шектеу.
Қазақстан бұл хаттаманы ратификациялау арқылы мойнына мынандай міндеттемелер алады:
- сумен жабдықтау, санитария, гигиена және денсаулық сақтау бойынша нақты және өлшенетін нысаналы көрсеткіштерді белгілеу;
- сумен байланысты ауруларды қадағалау және олардың ерте алдын алу жүйесін құрып, жетілдіру;
- төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл жоспарларын әзірлеу;
- халықты қолданыстағы санитариялық-гигиеналық талаптарға сай сумен қамтамасыз ету бағытындағы өзара іс-қимылды күшейту;
- шешім қабылдау процесіне жұртшылықты тарту және су шаруашылығы қызметінің барлық кезеңінде халықтың хабардар болуын арттыру;
- су ресурстарын қорғау және пайдалану, санитария және денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту.
Сондай-ақ, бұл хаттаманың ратификациясы Қазақстан үшін қауіпсіз ауызсу дайындау, сарқынды суды кәдеге жарату саласындағы озық технологиялар мен білімге жола ашады.
Бұған дейін Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасындағы цифрландырудың кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қойған еді.