Президент сұхбатындағы мемлекеттік саясаттың жаңа логикасы: мазмұны мен қорытындысы

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшылары «Turkistan» газетінде жарияланған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаңтар айындағы сұхбатын талдады. Мемлекеттік саясат логикасының қалай өзгеріп жатқанын және бұл өзгерістердің— мемлекеттік органдардың шешімінен бастап бизнес жүргізу шарттары мен күнделікті өмірге дейін неліктен әрбір азаматқа қатысты екенін көрсетуге тырысты.

Президент
Фото: Ақорда

- Бұл — жетістіктерге шолу да, түсіндірме риторика да емес. Сұхбат жаңа нормалар мен жоспарды бекітетін шеңберлік мәтін ретінде жұмыс істейді, - деп атап өтеді ҚҚДИ.

Төменде реформалардың логикасын айқындайтын сұхбаттың негізгі мағыналық акценттері берілген.

Реформалар енді талқыланбайды

Реформалар жүйенің қайтымсыз жай-күйі ретінде ұсынылған. Президент тілімен айтқанда «көрелік, байқап көрейік» деген логика жоғалады. Оның орнына нормативтік бекіту келеді: реформалар — бұл пікірталас нысаны емес институттар бейімделуі тиіс жаңа шындық.

Басқарушылар үшін бұл талқылаудан орындауға көшуге берілген белгі.

Популизмнің орнына жауапкершілік

Сұхбатта салықтар, тарифтер, бюджеттік тәртіп «мәжбүрлі зұлымдық» ретінде емес, жетілген саясаттың белгісі ретінде ұсынылады.

Саяси легитимділік қысқа мерзімді танымалдықтан емес, мемлекеттің жүйені дағдарыстардан сақтай алу қабілетінен туындайды.

Халыққа ұнамайтын шешімдер биліктің әлсіздігі емес, оның міндеті ретінде түсіндіріледі.

Жаңа қоғамдық келісім

Әлеуметтік әділеттілік қайта ой елегінен өткізіледі.Сөз теңдей бөлу туралы емес, нақты мұқтаждыққа бағытталған қолдау және қамтамасыз етілген топтарды жасырын субсидиялаудан бас тарту жайлы.

Формула қарапайым әрі түбегейлі: «тұтынуыңа қарай төлейсің — қажеттілігіңе қарай аласың». Бұл — масылдықсыз, өзара міндеттемелерге негізделген әлеуметтік мемлекет моделі.

Мемлекет — үнемі өтемақы көзі емес, ережелер мен тұрақты институттардың кепілі

Мемлекет заңдылық пен мүдделер тепе-теңдігін қамтамасыз ететін төреші ретінде сипатталады. Сұхбат логикасы бойынша негізгі мәселе ресурстар көлемінде емес, институттар мен басқару сапасында. Назар қолдау шараларының санына емес, институционалдық қайта баптауға ауысады.

Экономика: өсім мақсат емес

ЖІӨ өсімі мойындалады, бірақ бірден тәуекелмен қатар айтылады: инфляция, теңгерімсіздіктер, «орта табыс тұзағы». Құрылымдық реформаларсыз экономикалық өсім нақты тұрақсыз екені айқындалған. Басымдық — сөрелік көрсеткіштерге емес, өсімнің сапасы мен өнімділігінде.

Бизнес: тиімділік + әлеуметтік жауапкершілік

Бизнес экономиканың тірегі ретінде мойындалады. Бірақ оған жаңа әдеп талаптар қойылады: қоғамдық міндеттерге қатысу, жауапкершілік, жасампаз патриотизм.

Маңыздысы: антинарықтық риторикасыз және жеке меншікті қайта қараусыз.

Экономикалық тиімділік әлеуметтік легитимділік талабымен толықтырылады.

Заң мен тәртіп — баламасыз норма

Қаңтар оқиғасы, жемқорлық, көші-қон, әскер және әлеуметтік саясат тақырыптары заң үстемдігі қағидаты арқылы біріктіріледі. ҚҚДИ талдауы көрсеткендей, ақтау мен рефлексия кезеңі аяқталды, енді нормативтік шоғырлану кезеңі басталады. Жүйелі құқық қолдануға сұраныс күшейеді.

Цифрландыру мен ЖИ — тіршілік ету/даму мәселесі

Жасанды интеллект пен цифрландыру бәсекеге қабілеттілік, егемендік пен қауіпсіздік шарты ретінде стратегиялық әрі экзистенциялық басымдық деңгейіне шығарылады.

Бұл кадрлық, білім беру және институционалдық реформалардың басымдығын білдіреді.

Сұхбатта тұтас логика қалыптасқан: жаңғыру → әділеттілік → заң → еңбек → жауапкершілік.

2026 жылғы бұл сұхбатты реформалар енді мүмкіндік ретінде емес, елдің тұрақты дамуының міндетті шарты ретінде жүзеге асырылатын нормативтік шеңбер деп қарастыру қажет.

Соңғы жаңалықтар