ПРЕЗИДЕНТ СЫНЫ РАСТАЛДЫ: Ұқыпсыз шенеуніктер кінәсінен Алматы облысы Жансүгіров кентінің тұрғындары әлі күнге дейін таза ауыз су тапшылығын көруде

ТАЛДЫҚОРҒАН. 9 қараша. ҚазАқпарат - 2009 жылы әкімдік «Ауыз су» стратегиялық мемлекеттік бағдарлама шеңберінде орталық су құбырын тартуға уәде берген еді, дейді Жансүгіров кентінің тұрғындары.
None
None

«Бүкіл кентте су колонкаларын қою жоспарланған, бірақ сөздерінде тұрған жоқ, - деп ашынады Шонай батыр көшесінде орналасқан үйлердің тұрғындары Сандуғаш Құбандықова, Светлана Урбах, Гүлжан Төлепбергенова және Мария Усачева. - Бүкіл көшені қазып тастады. Біз қазір тіпті окоптардың ішінде жүргендейміз. Құбырларды жүргізген, бірақ су көзіне жеткізуді ұмытып кеткен сияқты. Суды ұзақ күттік. Сосын басқа мердігерлер келіп, барлығын қайта қазып шықты. Су шыққанымен ол да лай болды».

Жансүгіров кенті тұрғындарының көптеген арыздары атқарушы биліктің назарынан тыс қалуда. Олар қазір ауыз суды бір колонкадан алып отыр, соның өзінде тек бір сағат қана беріледі.

«Таңертеңгі сағат 7:00-де ұйықтап қалсақ, күні бойы сусыз қаламыз, - деп ренішін білдірді кенттің байырғы тұрғыны Мария Усачева. - Коммуналдық қызметкерлер суға ай сайын 109 теңгеден жинайды. Ашулана бастасақ, өшіріп тастаймыз деп қорқытады.

Санитарлық эпидемиологиялық қадағалау мекемесінің бұрынғы қызметкері Алтын Тойжанова Жансүгіров кентінде ешқашан таза ауыз су болмағанын айтады. «Су әрқашан лас болған. Бұл келеңсіз жай айтылмай келген. Ол ашық су көздерінен алынады да, су құбырлары арқылы беріледі, сондықтан орталықтандырылған болып саналады», - деп түйіндейді А. Тойжанова.

Прокурорлар жүргізген тексерулер су тапшылығынан қиналған ауыл тұрғындарының дәлелдерін растады.

«Ауыз су» бағдарламасына бөлінген ақша аудан бойынша бақылаусыз жұмсалған, - дейді Ақсу ауданының прокуроры Жанат Қалиев. - Бұған шенеуніктер тарапынан бақылаудың болмауы себеп. Бағдарламаны орындау барысында мердігерлер шарт міндеттемелерін жиі бұзады, тиісті жұмыс сапасын қамтамасыз етпейді. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметкерлер, ештеңені тексерместен орындалған жұмыстардың актілеріне қол қоя береді. Жөндеу жұмыстарына бөлінген ақша жұмсалып, тұрғындар ауыз сусыз қалып отырған жағдайлар бірнеше рет анықталған».

Аудан прокурорының сөзіне қарағанда, 2010 жылы Жансүгіров кентінің сумен жабдықтау жүйесін салу және қайта жаңарту бойынша өткен тендерді ұтып алған «Әлем Құрылыс» ЖШС нысан бойынша жұмыстарды толық аяқтамай тапсырған.

«Жергілікті шенеуніктер мен мердігерлердің өз жұмысына адал қарамауының бір ғана мысалын алайық. Үш жыл бұрын пайдалануға берілген су айдайтын мұнара істен шыққан және жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес келмейді. Мұнараның барлық санитарлық-күзет аймағы әрлі-берлі өтетін аула сияқты, сыммен де қоршалмаған», - дейді Ж. Қалиев.

Соған қарамастан, ауданның лауазымды тұлғалары іс жүзінде Жансүгіров кентінің сумен жабдықтау жүйесін салу және қайта жаңарту бойынша орындалмаған жұмыстарды қабылдау туралы құжаттарға қол қойған және мердігерге 1 825 630 теңге аударған.

Аталған мәліметтерге сүйеніп аудан прокуратурасы ҚК 307-бабы 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғап, оны алдын ала тергеу үшін Алматы облысы бойынша қаржы полициясына жіберді.

Аудан прокуратураларының «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша жұмыс жүргізетін қазіргі мердігерлерге де наразылығы бар. Қазірдің өзінде көптеген бұзушылықтар анықталған. Олар бойынша компания миллион теңгеден астам айыппұл төлеуіне тура келеді. Жалпы, Ақсу ауданында бағдарламаны іске асыруға мемлекет бюджетінен 700 млн. теңгеден астам сома қарастырылған. Олар толық игеріле ме, жоқ па және жұмыс қаншалықты сапалы орындалғанын уақыт көрсетеді.

Айта кетер жайт, Алматы облысындағы бірде-бір ауданда іс жүзінде сапалы ауыз су мәселесі шешілмеген. Тексеру барысында прокурорлар «Ауыз су» үкіметтік бағдарламасына бөлінген қаражатты мақсатсыз қолдану фактілерін анықтауда.

Соңғы жаңалықтар