Президент сынын дұрыс қабылдаймын - энергетика министрі

«Президент сынын дұрыс қабылдаймын. Тұтастай алғанда, энергетика жүйесін басқару – күн тәртібіндегі мәселе. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр. Біз энергобақылау комитетінің құзыретін кеңейтуді ұсынып отырмыз. Депутаттар бұл ұсынысты қолдады. Осылайша, ендігі уақытта энергобақылау комитетінің міндетіне жылу желілері саласы да кіреді. Егер заң қабылданса, жылу беру жүйесіне толықтай жауапты боламыз», - деді Болат Ақшолақов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің айтуынша, қазір жылу электр орталықтары жергілікті әкімдіктердің қарауында.
Еске салсақ, 12 желтоқсанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жылу электр орталықтарындағы апатқа қатысты әкімдер мен министрлердің жұмысын сынаған еді.
«Жауапты қызметкерлер қысты қалыпты режимде, аман-есен өткіземіз деп есеп берген. Бірақ, іс жүзінде жағдайдың қалай болып жатқанын көріп отырсыздар. Павлодар облысының әкімі өз өтінішімен қызметінен босатылды. Ал құзырлы мемлекеттік орган – энергетика министрлігінің ешқандай әрекетін көрген жоқпыз, бұл мекеме апатқа селқос қарап, бейтараптық танытты. Сондай-ақ, төтенше жағдай қызметтерінің жұмысы дұрыс жолға қойылмаған. Олар баяу қимылдап, салғырттық танытты», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Фото: ortcom.kz