ПРЕЗИДЕНТ СЫНЫНАН КЕЙІН: Қарағанды қаласында іске қосылмаған әуе зауытының сызбасы үшін ресейліктерге 2 млн. АҚШ долларына жуық ақша төленген

ҚАРАҒАНДЫ. 7 қараша. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 11 қазан күні Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қарағанды қаласындағы ауылшаруашылық ұшақтарын шығару жобасын сынға алды. Әуе зауытының ашылу рәсімі екі жыл бұрын өтсе де, ол өндіріске бірде-бір ұшақ шығармады. «Қарағандыда, мысалы, «Фермер» ұшақ шығаратын зауыты бір ғана аэроплан жасап шығарды. Оның өзі қазір істен шығып қалды. Егер жұмыс жүргізілмесе, бұндай көзбояушылық не үшін қажет?» - деді Президент.
None
None

«ҚазӘуеСпектр» ЖШС мен Қарағанды облысының басшылығы жұмыстың тоқтап қалуына себеп ресейлік әріптестердің техникалық құжаттамалар бермей, келісімшартта көрсетілген міндеттемелерді бұзуы болып отыр дейді. «Біз қазақстандық құрастырушыларға бірнеше сызбаларды жібердік. Барлығының ортақ қорытындысы - бұл сызбалармен ұшақты құрастыру мүмкін емес. Міне, мына жердің өзінде бөлшектер бірдей болу керек екендігі көрсетілген, бірақ олар әр түрлі. Бұндай ұшақ ұзақ ұша алмайды», - деп «ҚазӘуеСпектр» ЖШС директорының өндіріс бойынша орынбасары Андрей Глушень журналистерге түсіндіріп өтті.

«Жобаны жүзеге асыру барысында серіктестер тарыпынан келісімшарт міндеттемелері бұзылды, кәсіпорынға қажетті техникалық құжаттамалар берілмеді. Біз «ҚазӘуеСпектр» компаниясының басшылығымен және акционерлерімен бірлесіп оны іске қосу жолдарын талқылаудамыз. Біз серіктестеріміз тарапынан келісімшарт міндеттемелері орындалады деп үміттенеміз. Қазір олармен жұмыстар жүргізілуде және жақын арада кездесу өткізбекпіз», - деп Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев 25 қазан күні Астана қаласында өткен Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде әуе зауытының жағдайын айтып өткен болатын.

Сонымен қатар, ақау шыққан технология қанша шығын келтіргендігі анықталды. «Технология сатып алынды. Ол бізде бар. Алайда сызбаларда қателер мен кемшіліктер көп жіберілгендіктен, бізге оны осы жерде қазір құрастыру мүмкін болмай тұр. 2 млн.-ға жуық қаражат жұмсалды. Егер нақтырақ айтсақ, 1,7 млн. доллар төленді. Бұл қаражат Қазан қаласындағы кәсіпорынға жіберілді», - деді А. Глушень журналистерге берген сұхбатында.

Ол қазандық серіктестер құжаттамадағы қателіктер жөнінде алдын ала хабардар болды ма деген сұраққа жауап айта алмады. «Мен олар әдейі жасады ма әлде жоқ па, бұл жайлы айта алмаймын», - деді кәсіпорын өкілі.

Техникалық құжаттама ғана қиындық тудырмайды. Алдағы уақытта, егер қалай да өндірісті іске қоса алсақ, сертификаттау рәсімін өту керек болады. «Сериялық өндірістегі сертификатты біз осында жасаймыз, себебі бұл құжат ешқашан болған емес», - деп мойындады директордың өндіріс бойынша орынбасары.

Оның сөзіне қарағанда, Қазанда «МВЕН» ЖШҚ фирмасымен келіссөздер жүргізу жалғасуда. «Компания басшылығы өкілдерінің келуін күтудеміз. Бұл туралы уағдаластыққа қол жеткізілген», - деп хабарлады А. Глушень.

Мұны Қарағанды облысы өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бастығы Ғалым Әшімов те растады. «Аталған кәсіпорынды қалпына келтіру жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. Компанияның Қазан қаласындағы өкілдері шақырылды. Келесі айда Қарағандыда кездесу өткізу жоспарланды. Сонымен қатар, осы бағыттағы басқа да жобалар бар», - деді ол.

Жүзеге асырылуы мүмкін жобалардың бірі - Словенияның Pipistrel компаниясының Sinus, Virus және Trainer маркілі ұшақтарын құрастыру. Алайда, «ҚазӘуеСпектр» ЖШС-де нақтылағандай, әңгіме әзірге бар болғаны төрт екі орындық ұшақты құрастыру туралы болып отыр. «Бір ұшақ осы жерде тұр, тағы үш ұшақ жолда келе жатыр. Бірінші кезеңде тек қана құрастыру жүзеге асырылады. Әзірге төрт ұшақты жеткізуге шарт жасалған. Келіссөздер ұшақтар жеткізілген соң жалғасады», - деп түсіндірді А. Глушень.

Сонымен қатар, «Қазақстан Инжиниринг» ҰК» АҚ-мен осы зауыт базасында ұшқышсыз ұшақтарды құрастыру мәселелері қарастырылуда.

«Фермерлер» бойынша әрі қарай жұмыс істейтін боламыз. Мәселе кәсіпорынның негізгі бағыты болып табылатындықтан, Қазандағы серіктестермен келісіп, ортақ түйткілдерді тауып, «Фермер» ұшақтарын өндіруді іске қосу туралы болып отыр. Егер жасай алмасақ, өз күшімізбен басқа жолдарды іздейтін боламыз. Зауыттың толық қуаттылығына шығуы 2015 жылға бекітілген. Бұл уақытқа дейін біз ұшақтарды ұшыруға тырысамыз», - деп сендіреді «ҚазӘуеСпектр» ЖШС директордың өндіріс бойынша орынбасары.

Қазандықтардың бұл кәсіпорындағы үлесі 10%-ды құрайтыны белгілі.

Еске сала кетейік, Қарағандыдағы «Фермер» ауыл шаруашылық ұшақтарын өндіру зауыты 2011 жылғы қарашада ашылған болатын. Бұл жоба бойынша Қазандағы «МВЕН» ЖШҚ фирмасы серіктес болып табылады.

Құны 2 млрд. теңге болатын жоба Индустрияландыру картасына енді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша инфрақұрылым салуға 700 млн. теңгеге жуық қаражат бөлінген. Сонымен қатар, кәсіпорынды «ҚазАгро» Ұлттық холдингі» АҚ несиелендірді, қарыз көлемі жылына 6% пайызбен 846 млн. теңгені құрады.

Соңғы жаңалықтар