Президент: Табиғат геосаясатсыз тіршілік ете береді, ал геосаясаттың табиғатсыз күні қараң
АСТАНА. KAZINFORM – Орталық Азия мен көршілес аймақтар ұқсас экологиялық сын-қатерлерге тап келді. Бұл туралы Өңірлік экологиялық саммитте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт айтты.
- Елдеріміз тұтас экожүйеде өмір сүреді. Өзен-көлдер де, табиғи ландшафттар да, климаттың қауіп-қатерлері де баршамызға ортақ. Ең бастысы, жауапкершілікті теңдей бөлісеміз. Орталық Азия мен көршілес аймақтар ұқсас экологиялық сын-қатерлерге тап келді, - деді Мемлекет басшысы.
Осы ретте Президент аталған сын-қатерлер қатарында мыналарды атады:
- су тапшылығы мен су ресурстарын тиімсіз басқару;
- шөлейттену;
- мұздықтардың еруі;
- ауаның ластануы;
- биоалуантүрліліктің жойылу қаупі.
- Мен ең негізгі сын-қатерлер мен проблемалардың мәнін ашып, әдейі түстеп отырмын. Өйткені күш жұмылдыру арқылы аталған мәселелерді шешуде оң нәтижеге жетеміз. Бұған кәміл сенемін. Жетістіктерге тоқмейілсіп отыратын заман өтті, шешім қабылдайтын уақыт келді, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, бірнеше елдің Президенті қатысып жатқан Өңірлік экологиялық саммит «Орнықты болашаққа ортақ көзқарас» тақырыбымен өтіп жатыр.