Президент тамыздағы апат кезінде-ақ «АрселорМиттал Теміртаудың» мәселесін майшаммен қарауды тапсырған
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «АрселорМиттал Теміртауға» қарасты «Қазақстан» шахтасындағы апат кезінде-ақ инвестордың мәселесін майшаммен қарауды тапсырған болатын. Бүгінгі Костенко атындағы шахтада болған қайғылы оқиға сол тапсырманың сылбыр орындалғанын көрсетіп отыр, деп хабарлайды Kazinform.
Мемлекет басшысы 18 тамызда «Қазақстан» шахтасында болған өртке байланысты Үкіметке және Қарағанды облысының әкімдігіне апат себептеріне жан-жақты тергеу жүргізу, сондай-ақ зардап шеккендерге қажет барлық көмекті көрсету жөнінде тапсырма берген болатын.
Нақты айтсақ, Үкіметке осы кәсіпорынға иелік ететін шетелдік компаниямен жұмысшылардың қауіпсіздігін мүлтіксіз қамтамасыз ету жөнінде келіссөздер жүргізуді тапсырған.
«Шетелдік компанияға тиесілі кәсіпорындарда жиі қайталанатын апаттар олардың инвестициялық және өзге де міндеттемелерін өрескел бұзғанын көрсетеді. Аталған жағдайлар олардың Қазақстан нарығында қызмет етуіне қатысты шешім шығаруға ықпал етеді», - деп жазған еді Ақорда.
Бұдан кейін еңбек қауіпсіздігі мен экологиялық қауіпсіздікті сақтамағаны үшін Украинада да басы дауға қалған Лакшми Митталға тиесілі «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнына жаңа инвестор келетіні туралы әңгіме желдей ескен. Осындай қызу пікірталастың арасында қоғам тарапынан ондай инвестордың Ресейден келетіні туралы мәліметтерге қарсылығы да байқалды.
Осыдан кейін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының орнына ресейлік «Северсталь» компаниясының келетіні туралы мәліметті жоққа шығарған еді.
«Олай емес, Ресей компанияларынан ешкім келіссөз жүргізіп жатқан жоқ. Тағы да түсіндіріп айтайын, ешқандай келіссөз жүріп жатқан жоқ», - деген бірінші вице-премьер.
Сондай-ақ ол әзірге инвестор қай елден келетінін айту ерте екенін мәлім еткен.
«Иә, шынымен де, компания қондырғыларды жөндеу, инвестициялар бойынша міндеттемелерін кешіктіруде. Кәсіпорында адам қазасымен байланысты қайғылы оқиғалар болып жатыр. Оның бәрі бізді алаңдатпай қоймайды. Сондықтан өндірісті дамытуға ақша құйып, тиімді жұмыс істей алатын өзге инвесторларды тарту бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның ішінде еңбек қауіпсіздігі – негізгі басым бағыт. Қазір қай елдің инвесторлары келуі мүмкін екенін айта алмаймын, ерте болады», - деді бірінші вице-премьер.
Кейін Үкіметтегі баспасөз мәслихатында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев «АрселорМиттал Теміртаудың» орнына басқа инвестор әкелу қаншалықты мүмкін екені туралы сұраққа жауап берген болатын.
«Инвесторды ауыстыру – бұл бір инвестордың өз орнына басқа инвесторды әкелу еркі. Біреу кетіп, өз үлесін басқа бір тұлғаға беру керек. Бұл жағдайда әгіме мынандай. Мемлекет жұмыс істеп жатқан тосын жайттар жетерлік. Осы жұмыстар біткен кезде кәсіпорынға сол жұмыстардың қорытындысының әсері болады деп ойлаймын. Жауапкершілік тұрғысында елімізде көп дүние жасалып жатыр деп ойлаймын. Адамдар қазасына байланысты қылмыстық істер қозғалды, құзырлы органдар тергеп, тексеріп жатыр. Бұрын болған дүние туралы пікір білдіре алмаймын. Жақында адам қазасы тіркелген тосын оқиға бойынша қозғалған іс қазір тергеу сатысында тұр. Тергеу барысына пікір білдірмеймін», - деді ол.
Еске салсақ, бүгін таңертең Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада өрт шыққан болатын. Төтенше жағдай туралы соңғы мәліметті мына жерден біле аласыз.
Айта кету керек, қоғамда аталған министрдің де Лакшми Миттал сияқты Ұлыбритания азаматы болғаны туралы мәлімет қызу талқыланып жүр. Үкіметтегі баспасөз конференцияларда Қанат Шарлапаевқа осындай сұрақ талай рет қойылды да. Ондай сұрақтың бәріне министр «Мен отаныма оралған қандаспын» деп жауап береді.
«Мен қазір өзім қазақ тілін меңгеріп жатырмын. Аптасына 5 рет сабақ алам, мұғалім келеді, сонымен қазақша сабақ оқимын. Ең алдымен, мен ешқандай бөтен, өзге адам емеспін. Мен Қазақстанға қайтып келген қандаспын», - дейді Қанат Шарлапаев.