Костенко шахтасындағы апат туралы соңғы мәліметтер
28 қазан сағат 02:33-те Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада апат болды. Оқиға орнынан Kazinform тілшілері Руслан Ғаббасов пен Айзада Агильбаева ақпарат таратады.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлағанындай, апат кезінде шахтада 252 адам болған, жер бетіне 205 шахтер шығарылды.
«Жедел штаб құрылды, оның құрамына жауапты адамдар мен әріптестерім кірді. Оқиға орнында 40 құтқарушы, 10 техника және қаза тапқандар мен зардап шеккендердің туыстарына көмек көрсететін 3 психолог жұмыс істеп жатыр. Сенім телефондары қосылды: (8-7172) 49-72-70, (8-7212) 51-72-23. Қаза тапқан кеншілердің туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Біз сіздермен бірге боламыз және осы қиын күндерде сіздерді қолдаймыз», - деп жазды әкім.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан кеншілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі. Үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды. Сондай-ақ, «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату тапсырылды.
Костенко шахтасынан тағы 5 кеншінің мәйіті табылды. «252 адамның 205-і жер бетіне шығарылды, оның 18-і медициналық көмекке жүгінді. 31 кеншіні іздеу жалғасып жатыр. 16 шахтердің денесі табылды», - деп хабарлады «АрселорМиттал Теміртау» АҚ баспасөз қызметі.
Шахтадағы өрт фактісі бойынша Қылмыстық Кодекстің 277-бабының 3-бөлігі «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Арнайы прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды, оның құрамына құқық қорғау органдарының неғұрлым тәжірибелі қызметкерлері мен ТЖМ мамандары енгізілді. Жергілікті жерде тергеу жұмысын Бас Прокурордың бірінші орынбасары Тимур Тәшімбаев пен ІІМ Министрінің орынбасары Қайрат Сүнтаев үйлестіреді.
Профессор Х.Ж. Мақажанов атындағы ауруханаларға 18 адам жеткізілді. Бір адам реанимацияда жатыр. «Барлық қажетті мамандарды тарта отырып, консилиум өткізілді. 15 адам Оңтүстік-Шығыс шағын ауданындағы Х.Ж. Мақажанов клиникасына көміртегі тотығымен улану белгісімен түсті. Біреуі ауыр дәрежеде көміртегі тотығымен улану, қалғандары жеңіл және орташа дәрежеде улану диагнозымен ауруханаға жатқызылды. Екеуі Михайловкадағы Х.Ж. Мақажанов клиникасына түсті: біреуі реанимацияда ауыр жағдайда, екіншісі операциядан кейін травматология бөлімінде жатыр. Сонымен, стационарға 17 адам жатқызылды, бір адам амбулаториялық емделуге жіберілді», - деп хабарлады Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен апаттың себептерін тергеу және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды. Оның құрамына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов, ішкі істер министрі Ержан Сәденов, денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, құқық қорғау органдарының, Қарағанды облысы әкімдігінің, еңбек инспекциясының, «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіподағының өкілдері және т.б. кірді.
Сондай-ақ, Үкімет «АрселорМиттал Теміртау» АҚ акционерлерімен алдын ала уағдаластыққа қол жеткізгені және кәсіпорынның меншік құқығын Қазақстан Республикасының пайдасына беру туралы келісімшартты рәсімдеу аяқталу үстінде екендігі хабарланды.
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров еңбекшілерді қорғау жөніндегі халықаралық ұйымдар арқылы «АрселорМитталТеміртау» компаниясынан моральдық және материалдық өтемақы алу керектігін айтты.
Шахтадағы өрттен қаза тапқан кеншілер саны 20-ға жетті, кейін 21-ге жетті.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккендерге консультациялық көмек көрсету үшін құрамында токсиколог, травматолог-ортопед және нейрохирург бар жоғары дәрежелі дәрігерлер тобын Қарағандыға жіберді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев апаттың мән-жайын анықтап, тиісті шешім қабылдау үшін Қарағанды облысындағы қайғылы оқиға болған жерге барды.
Шахталар мен кеніштерде бұдан былай жұмысшы өлімін болдырмау үшін кәсіпорынның иесін ауыстыру аздық етеді. Азаматтық, Кәсіпкерлік, Еңбек кодекстерін қайта қарау керек. Парламент Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Арман Қалықов Kazinform тілшісіне берген сұхбатында осындай пікір айтты.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Костенко шахтасында опат болған кеншілердің туған-туыстарына көңіл айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан кеншілердің отбасыларымен және туған-туыстарымен кездесіп, көңіл айтты. Президент апаттың мән-жайын анықтау, кеншілерді құтқару және зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына шұғыл көмек көрсету жөнінде қажетті шаралар қабылданатынын жеткізді. Сондай-ақ 29 қазан елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялайтынын мәлімдеді.
Костенко шахтасындағы өрттен қаза тапқан кеншілердің балаларына барлық қажетті қолдау шаралары көрсетіледі. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінен айтты.
Қаза тапқан кеншілер саны 22-ге жетті.
Вадим Басин «АрселлорМитал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің бас директоры болып тағайындалады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Костенко шахтасы кеншілерінің туған-туыстарымен кездесуде айтты.
Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметтерінің Республикалық орталық штабы Қарағанды филиалының директорының бірінші орынбасары Геннадий Силинский мәлімдегендей, сағат 15:00-дегі жағдай бойынша, 28 кеншінің денесі табылды, 18 адам іздестіріліп жатыр.
«АрселлорМитал Теміртау» АҚ-ға тиесілі 8 шахтаның жұмысы уақытша тоқтатылды. «Барлық шахталардың жұмысы бір тәулікке тоқтатылды. Осы уақыт ішінде шахталардағы газ жүйесінің қауіпсіздігі тексеріледі», - деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Сағат 16:00-дегі жағдай бойынша, қаза болған кеншілердің саны 32-ге жетті, 14 адам іздестіріліп жатыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шахтада болған апат салдарын жою жөніндегі жедел штаб отырысын өткізді.
Зардап шеккен кеншілер саны 20-ға жетті. Премьер-Министр Әлихан Смайылов ауруханаға барып, олардың хәлін білді.
Соңғы дерекке сай, яғни сағат 17:00-дегі мәлімет бойынша Костенко шахтасында 33 адам қаза болғаны анықталды. 13 адамды іздестіру жалғасып жатыр.
Кеншілер опат болған Костенко шахтасы жайлы туралы деректі мына жерден оқуға болады.
Кешкі сағат 19.30 кезінде Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов жер астында қалған 13 адам іздестіріліп жатқанын, бірақ үміт өте аз екенін мәлім етті.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев шахтерлердің жалақысы мен жұмыс берушінің әлеуметтік міндеттемелері жөніндегі болжамдар мен қауесеттерге қатысты жауап берді.
Мерт болған кеншілердің жеке басын анықтау қиынға түсіп жатқаны айтылды.
Президент Қ.Тоқаев 29 қазанды жалпыұлттық аза тұту күні етіп жариялайтын Өкімге қол қойды.
ҚР Үкіметі апаттан қаза тапқандардың отбасыларына қандай көмек көрсетілетінін жариялады.
Апатқа байланысты Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Франция президенттері мен Түркия Сыртқы істер министрлігі, Армения премьері көңіл айтты.Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысындағы қайғылы оқиғаға орай көңіл айтқан барлық шет мемлекеттер басшылары мен қазақстандықтарға ризашылығын білдірді.
Сағат 23:45-тегі жағдай: 13 кеншіні іздестіру жалғасып жатыр. Жұмыстар түні бойы жүргізіледі.
29 қазан
Сағат 09:00-дегі жағдай бойынша, 35 кеншінің қаза болғаны анықталды. 11 адамды іздеу жалғасуда.
Сағат 10:00-дегі ақпарат бойынша, Костенко атындағы шахтадағы өрт салдарынан 36 кеншінің мерт болғаны анықталды.
14:00-дегі жағдай бойынша, Костенко атындағы шахтада 38 адамның денесі табылды, 8 кеншіні іздеу жалғасуда.
Сағат 15:00-дегі жағдай бойынша Костенко шахтасынан 42 адамның денесі табылды, 4 кеншіні іздеу жалғасуда.
Сағат 20-00-дегі жағдай бойынша 45 кеншінің денесі табылды, 1 кенші әлі іздестірілп жатыр.