Костенко атындағы шахтада 32 кенші қаза болғаны анықталды
Соңғы мәліметтерге сай, Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада 32 кеншінің опат болғаны белгілі болды, деп хабарлайды Kazinform.
Санаулы уақыт бұрын ғана 28 кеншінің денесі табылып, 18 адам іздестіріліп жатқанын хабарлаған едік. Өкінішке қарай, құрбан болған кеншілер саны сәт санап артуда.
Дәл қазір «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның Костенко атындағы шахтасындағы апаттан кейін 14 адам табылмай жатыр. Бұл туралы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір депратаментінің персонал жөніндегі директоры Еркебұлан Мұқанов айтты.
«Қазір шахтада 32 адам қаза болғаны анықталды. Бір сағат бұрынғы мәлімет бойынша 6 адамның денесі шығарылды. 14 адамды іздестіру жалғасып жатыр», - деді Е. Мұқанов Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.
Бұдан бұрын хабарланғандай, шахтадағы өрт фактісі бойынша Қылмыстық Кодекстің 277-бабының 3-бөлігі «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен апаттың себептерін тергеу және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды.