Президент тапсырмасы: Досаев Алматыны сумен қамту мәселесін қалай шешіп жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматылықтарды уақтылы және үздіксіз сумен қамтамасыз ету Мемлекет басшысы тапсырмаларында көрсетілген негізгі міндеттердің бірі.

Медеу ауданындағы су мәселесі
Медеу ауданының жоғарғы бөлігін сумен жабдықтау жер үсті сумен жабдықтау көздерінің әсер ету аймағында орналасқан. Шағын аудандардың тұрғындарын сапалы сумен және кәрізбен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып қала берді.
2023 жылдың жазындағы аптап ыстықта 50 көпқабатты және 4 047 жеке үйде су беру уақытша шектелді.
Кейіннен жағдай тұрақталды. Дегенмен, алдағы уақытта мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен Медеу ауданының жоғарғы бөлігін жерасты су көздеріне қосу бойынша ауқымды жобаны әзірлеу қолға алынды.
«Алматы Су» мекемесінің бас директоры Ілияс Қазиев Медеу ауданының оңтүстік бөлігіне резервтік су құбырын тарту жұмыстарының аяқталғанын айтты.

— Жаңа резервтік жүйе қаланың осы бөлігіне жерасты көздерінен тәулігіне 32 мың текше метр су беруді қамтамасыз етті. Яғни Самал, Көктөбе және Таулы қырат шағынаудандарының 50 мың тұрғыны қаланың төменгі бөлігінен жіберілетін сумен қамтамасыз етілуі мүмкін, — деді Ілияс Қазиев.
Жобаның ерекшелігі — Талғар жерасты суларының кен орнынан каскадты тәсілмен су беру және кері режимде жұмыс істеу мүмкіндігі. Яғни қажет болған жағдайда судың солтүстіктен оңтүстікке қарай да, кері бағытта да қозғалысын өзгертуге болады. Бұл ауа райының қатты әсеріне ұшыраған Кіші Алматы өзенінің бастапқы суының сапасына тәуелділікті жояды. Онда судың сапасы лайланудың жоғарылауына байланысты нашарлаған.
Сол секілді сорғы стансаларын, таза су резервуарларын және магистральдық желілерді қайта жаңарту және салу бойынша жұмыс істелді. Бұл шағынауданның батыс және шығыс жағында таратушы инженерлік желілерді салу жобасы қосымша іске асырылатын Каменское үстірті ауданына тұрақты су беруді қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ осы жылдың соңына дейін Сұлусай және Мұзтау шағын аудандарын сумен және кәрізбен қамту жоспарда.
Су құбыры және кәріз желілерінің тозуы
«Алматы су» мемлекеттік мекемесінің мәліметінше, өткен жылы мегаполисте 543 шақырым жаңа су құбыры және су бұру желілері іске қосылды. Бұл сумен жабдықтау желілерінің тозуын 52,7%-ға, кәріз желілерінің 51,8%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді.
— Алматыда су жүйесін дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Жоспарланған ірі жобалардың ішінде Мыңбаев көшесі бойындағы магистральді су құбырын ауыстыру, Таусамалы (Каменка) ықшамауданында инженерлік желілерді тарту, Тимирязев көшесінде су құбырын траншеясыз әдіспен қайта құру жұмыстарын атап өтуге болады. Бұл 240 мың қала тұрғынын сапалы сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — деді Ілияс Қазиев.

2025 жылы тозығы жеткен 70 шақырым желіні ауыстыру, екі таза су резервуарын салу және жөндеу, төрт сорғы станциясын жаңарту және 200 дана сорғы жабдығын ауыстыру жоспарланған.
Наурызбай және Бостандық аудандарын сумен қамтамасыз ету
Биыл Ақсай өзенінде су тазарту сүзгі станциясының құрылысы аяқталады. Бұл жоба Наурызбай ауданы тұрғындарын сапалы және үздіксіз ауыз сумен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бостандық ауданын сумен қамтамасыз етуді жақсарту жұмыстары да басталады. Атап айтқанда, қаланың батыс бөлігіндегі Барлық топтық су қабылдағышының жобасы әзірленіп жатыр. Ерменсай ықшамауданын сумен қамтамасыз ету үшін Алматы әкімдігі «Нұрлытау» су тазарту станциясын салу бойынша мердігерді анықтау үшін конкурс жариялады. Станцияның қуаттылығы тәулігіне 9 мың текше метр.
Сонымен қатар, жаңа тарату желілерінің құрылысы жүзеге асырылып, 2026 жылдың соңына дейін Ерменсай және Нұрлытау аудандарының 22 мыңнан астам тұрғыны сапалы ауыз сумен қамтылады.
Осыған дейін 2025 жылы қаланың су құбыры және кәріз жүйелерін жақсартуға 18 млрд теңге инвестиция тартылатыны туралы жазған болатынбыз.
Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға жұмыс сапары кезінде қала әкімі Ерболат Досаевты қабылдап, шаһарды жарықтандыру, пәтерлерге суды уақтылы және толық беру, көшелер мен аулаларды абаттандыру бойынша бірқатар тапсырма берген болатын.