Президент тапсырмасы: БҚО-да жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді

ОРАЛ. ҚазАқпарат – БҚО-ның Сырым ауданы Бұлдырты ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Президент тапсырмасы: БҚО-да жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді

Кешеннің ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев аталмыш ғимараттың Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес бұқаралық спортты дамыту бағытында қолға алынған «100 дене шынықтыру-сауықтыру кешені» жобасы аясында іске қосылғанын жеткізді.

Осы мақсатта өткен жылы облыс бойынша 6 кешен қолданысқа берілген еді.

Өңір басшысының атап өткеніндей, Сырым ауданында бұқаралық спортты дамытуға кеңінен көңіл бөлініп келеді. Осы ауданның өзінен майталман спортшылар мен чемпиондар өсіп шықты. Соның ішінде Бұлдырты ауылының түлектері аз емес. Солардың бірегейі – ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, еркін күрестен қазақ жігіттері арасынан алғаш рет әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған Нұрлан Бекжанов.

Бұлдыртыдағы 50 көрермен орындығы бар блокты-модульді ғимарат қысқа мерзімде құрастырылды. Жоба құны 223,4 млн теңге болса, мердігер мекеме – «QazDamuConstruction» ЖШС.

Жаңа кешенде волейбол, футбол, баскетбол және еркін күрес үйірмелері жұмыс істейтін болады.

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияровтің айтуынша, бұл – облыс бойынша ауылдық округтер орталығында бюджеттік қаржыға салынып, ашылып отырған алғашқы кешен.

«Өңірде салынып жатқан ғимараттар бар. Алдағы жылы осындай жаңа кешендер қатары көбейеді деп үміттеніп отырмыз», деді ҚазАқпарат тілшісіне Қ.Есендияров.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-ның үш ауданында тоқтап қалған спорт кешенінің құрылысы қайта жанданатынын жазған болатынбыз.

Суреттерді түсірген Айжан Амангелдина.