Президент тапсырмасы: Қымбат әуе билеттеріне қатысты 2 компания тексерілуде

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Эйр Астана» мен «Scat» әуе компанияларының монополияға қарсы заңнаманы сақтауын тергеп-тексеру басталды. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Ұлттық экономика министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Президент тапсырмасы: Қымбат әуе билеттеріне қатысты 2 компания тексерілуде

«Азаматтық авиация қызметтері нарығында баға белгілеу тәжірибесін зерделеу мақсатында Ұлттық экономика министрлігі «Эйр Астана» АҚ және «SCAT әуе компаниясы» АҚ-қа қатысты Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабының 1-тармақшасында көзделген бұзушылық белгілері, авиабилеттерге монополиялық жоғары баға белгілеу бөлігінде үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану бойынша тергеп-тексеру жүргізуге бастамашылық етті», - делінген министрлік ақпаратында.

Ведомство мәліметінше, тергеп-тексеру жүргізуге Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің шағымы негіз болған.

Тергеп-тексеру нәтижелері бойынша әуе билеттеріне қолданылатын бағалардың негізділігі бағаланады.

Еске сала кетсек, Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда ұшақ билетінің қымбат болуына қатысты сын айтқан болатын. Сондай-ақ, сол кездегі ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр Президенттің «ұшақ билеті қымбат» деген сынына қатысты мәселе реттелетініне уәде берген еді.