17:24, 06 Қараша 2013 | GMT +5
ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ - ҮКІМЕТ ҚАЛАЙ ОРЫНДАП ОТЫР: ҚР Үкіметі «Қазақстан-2050» Стратегиясында» айтылған мәселелерге тікелей қарама-қайшы әрекетке барады - Мәжіліс депутаты
АСТАНА. 6 қараша. ҚазАқпарат - ҚР Үкіметі «Қазақстан-2050» Стратегиясында» айтылған мәселелерге тікелей қарама-қайшы әрекетке барады. Мұндай ойды бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев айтты.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы қаржылық жүйе елімізді индустрияландыруды әлі де жеткілікті деңгейде қолдамай отырғандығын үнемі алға тартып келеді. «Нақты секторды қолдау Президенттің әрдайым жіті назарында болып келе жатқанын еске салуды қажет деп есептеймін. Мысалы, ҚР Парламентінің алдыңғы сессиясын ашарда өткен жылы қыркүйекте Президент Н.Ә.Назарбаев Үкіметке өңдеу өнеркәсібін, аграрлық кешенді және бәсекеге қабілеттілігі әлсіз салаларды қолдаудың барлық жүйесін қайта қарауды тапсырды», -деп атап өтті ол. Депутаттың айтуынша, онда «Әлемнің барлық елдері өзінің өндірушілерін қолдайды. Бұл тәжрибе біз үшін маңызды» деп атап көрсеткен Елбасы Үкіметке әлемдік практиканы талдауды және қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау шараларын жасауды тапсырған. Оның үстіне, сол жылдың желтоқсанында «2050 жылға дейінгі Қазақстан дамуының Стратегиясында» Мемлекет басшысы Үкіметке өндіріс және жаңа технологиялар саласындағы кәсіпорындар үшін қолайлы салықтық режім енгізу жөнінде міндет қойған болатын. «Мұның орнына, Үкімет тікелей қарама-қайшы әрекетке барады: орта тапқа салықтарды өсіру және бизнеске салықтык әкімшілдікті қатайтуға бағытталған жанжал туғызған заң жобасын енгізеді», - дейді депутат. Оның мәліметінше, «Ақ жол» ҚДП фракциясы, Мемлекет басшысы тапсырғандай, өткен жылдың қазан айында еуропалық елдердің және Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдердің елшіліктеріне өз өндірушілерін қолдау бойынша халықаралық тәжрибені ұсыну туралы өтінішпен шыққан. «Біз ондаған елшіліктер мен халықаралық ұйымдардан түскен ақпараттарды талдадық және экономиканың басым салалары үшін ҚҚС салалық мөлшерлемелері түріндегі ең тиімді және кең қолданылатын құралды анықтадық. Оны қолдану туралы ресми сауалды «Ақ жол» депутаттары үкіметке ағымдағы жылдың 11 қыркүйегінде жіберген болатын», - деп атап өтті халық қалаулысы. Оның мәліметінше, алынған жауап не «бар», не «жоқ» демейтіндей екіұшты болып келген. Отандық индустрияны қолдау туралы мәселені қайтадан қойғандарына бір ай өткеніне қарамастан, бұл тақырыпқа Үкіметтің қайырылатын түрі жоқ көрінеді. «Есесіне өзінің өндірушілерін қолдаудың орнына үкімет бәрін керісінше істеп отыр: отандық тауарөндірушілер үшін бұрынғы артықшылықтардың бәрін жойған және онымен бір мезетте басқа елдердің өндірушілеріне қақпаны ашып қоятын «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасын енгізді», - дейді депутат. Оның айтуынша, бұл шешімдердің орны басқа ешқандай іс-шаралармен толтырылатын емес. «Ал президент, еске саламын: «Барлық елдер өз өндірушісін қолдайды» деді. Сонда бізден басқасының барлығы болып тұр ғой», - деп түйіндеді А. Перуашев.