Президент: Таяуда құрылатын Ұлттық жүк тасымалдаушы әуе компаниясының қызметіне жан-жақты қолдау қажет

АСТАНА. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда елімізде құрылатын Ұлттық жүк тасымалдаушы әуе компаниясының қызметін жан-жақты қолдау қажет екенін мәлімдеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы өңірлік жүк авиахабтарын дамыту жөнінде кеңесте айтты.

ұшақ
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

– Отандық жүк тасымалы компанияларын қолдаудың алдағы үш-бес жылға арналған нақты шаралар жиынтығын әзірлеу қажет. Басты мақсат – компанияларды қосылған құнды құруға ынталандыра отырып, мультимодальдық логистиканы дамыту. Әуе кемелері флотын өркендету транзиттік әуе желісін қалыптастырудың маңызды бөлігі саналады, – деді Президент.

Мемлекет басшысы елімізде жүк тасымалдайтын ұшақтардың тапшылығына тоқталды.

– Үкімет құрастырылғанына 25 жылдан асқан жүк ұшақтарына қойылған шектеуді алып тастау мәселесін мұқият қарастыруы керек. АҚШ-тағы FedEx әуе компаниясы ұшақтарының шығарылғанына орта есеппен – 28 жыл. UPS компаниясында бұл көрсеткіш 30 жыл болса, Ұлыбританияның One Air әуе компаниясында 33 жылды құрайды. Мұндай мысалдар жеткілікті, – деді Президент.

Соңғы жаңалықтар