Қазақстан мен Қырғызстанның ірі медиақұрылымдары ынтымақтасуға келісті
БІШКЕК. KAZINFORM — Бішкектегі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз Республикасына ресми сапары аясында Президент Телерадиокешені мен Қырғызстанның Ұлттық телерадиокорпорациясы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды, деп жазды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Құжатқа қол қою рәсімі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың қатысуымен «Ынтымак Ордо» резиденциясында өтті. Құжатқа Президент Телерадиокешенінің директоры Раушан Қажыбаева мен Қырғыз Республикасының Ұлттық телерадиокорпорациясының Бас директоры Болотбек Тиллебаев қол қойды.
Келісім ынтымақтастықтың кең ауқымды бағыттарын қамтиды. Атап айтқанда, тараптар медиаконтент пен тәжірибе алмасады, медиахолдингтер бірлесіп, креативті жобалар жасайды.
Ынтымақтастықтың маңызды бағыты - ҚР Президентінің ТРК-ның құрамына кіретін Silk Way телеарнасымен серіктестікті дамыту болады. Телеарна Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстанның ақпараттық ұйымдары дайындаған контентті қазірдің өзінде таратып жатыр.
Айта кетейік, Қазақстан Президентінің Қырғызстанға сапары «Ата бейіт» ұлттық тарихи-мемориалдық кешенін аралаудан басталды.
Бағдарлама аясында мемлекеттер басшылары шағын құрамда келіссөз жүргізіп, Жоғары мемлекетаралық кеңестің жетінші мәжілісіне қатысты.