Президент Телерадиокешені мен TRT медиа серіктестікті дамытып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені мен Түркияның Телерадио корпорациясы (TRT) өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Кәсіби саладағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға негіз болған құжатқа екі ел көшбасшыларының қатысуымен ҚР Президенті Телерадиокешенінің директоры Раушан Қажыбаева және TRT бас директоры, профессор доктор Мехмет Захид Собаджы қол қойды.
Қазақстан мен Түркияның ең ірі медиакомпаниялары арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары жаңалықтар алмасу, бірлескен контент өндіру, маңызды оқиғаларды жариялауда өзара қолдау көрсету, тәжірибе алмасу және медиа өндірісіндегі озық тәжірибелерді енгізу болмақ.
Сонымен қатар Қазақстан мен Түркиядағы оқиғалар туралы жедел әрі объективті ақпаратқа қолжетімділікті кеңейту және аудиторияның хабардарлығын арттыру — ҚР Президенті Телерадиокешені мен TRT медиаресурстарының бірлескен жұмысының басты басымдығы.
Түркияның бұқаралық ақпарат құралдарымен ынтымақтастықты дамыту — ҚР Президенті Телерадиокешенінің Таяу Шығыс пен түркі әлемі елдеріндегі серіктестік желісін кеңейтуге бағытталған кешенді стратегиясының бір бөлігі. Бұған дейін осы бағытта Al Jazeera, Jordan TV, Al-Mamlaka TV, QNA, АЗЕРТАДЖ, Кабар, Ховар және басқа да медиакомпаниялармен ұқсас келісімдерге қол қойылған.
Анықтама үшін:
ҚР Президентінің Телерадиокешені — барлық медиа платформада медиаконтент өндіру мен таратудың толық циклін жүзеге асыратын Қазақстандағы ең ірі вертикалды интеграцияланған медиакомпания. Компания құрамына қазақстандық аудиторияға арналған Jibek Joly телеарнасы мен радиосы, халықаралық Silk Way, Silk Way Cinema, Silk Way Prime арналары, Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі, деректі кино орталығы және TRKLAB цифрлық бөлімшесі кіреді.
TRT — Түркиядағы ең ірі мемлекеттік медиахолдинг. Компания құрамына 18 телеарна мен 17 радиостанция, соның ішінде халықаралық TRT World, TRT Avaz, TSR («Түркия үні»), орыс, неміс, француз және испан тілдеріндегі жаңалық порталдары, сондай-ақ Tabii сериалдық OTT платформасы кіреді.
Айта кетелік Қазақстан мен Түркия 14 құжатқа қол қойған еді.