Президент Телерадиокешенi мен AnewZ телеарнасы ынтымақтастық туралы келісті
АСТАНА. KAZINFORM – Президент Телерадиокешенінің кеңсесіне АnewZ Global Media Channel жаңа әзербайжандық телеарна директоры Руфат Хамзаев бастаған делегация келді.

Кездесу барысында кәсіби саладағы өзара іс-қимылды дамыту перспективалары қаралды. Атап айтқанда, Silk Way мен AnewZ өзара контентпен алмасу, сол сияқты қызметкерлерге арналған білім беру бағдарламалары, тілшілер желісінің ресурстарын пайдалану мәселелері талқыланды.
Оның ішінде Әзербайжан тарапының Silk Way телеарнасы негізінде құрылатын бірыңғай Орталық Азия телеарнасы жобасына қатысуы мәселесіне ерекше көңіл бөлінді.
AnewZ директоры Руфат Хамзаев Silk Way телеарнасының табысты дамып келе жатқанын атап өтіп, оның контенті әзербайжандық көрермендер арасында зор қызығушылық тудырып жатқанын жеткізді.
Оның айтуынша, екі елдің бұқаралық ақпарат құралдары Орталық Азия мен Кавказ өңірлерінің өмірі туралы дүниежүзіне ақпарат таратуда өзара тиімді ынтымақтастық орнатудың әлеуеті зор.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар медиа саласындағы әріптестікті белсенді дамыту қажеттігін атап өтті. Бұл бағытта ынтымақтастық туралы келісімге қол қою жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Президент Телерадиокешенінің әзербайжандық бұқаралық ақпарат құралдарымен бұрыннан қалыптасқан жемісті байланысы бар. «Kazinform» халықаралық ақпарат агенттігі AzerTag және Trend агенттіктерімен белсенді ынтымақтастық орнатып келеді.
Қазақстандағы ең ірі медиакомпаниялардың бірі - Президент Телерадиокешенінің құрамына Jibek Joly, Silk Way, Silk Way Cinema телеарналары, еліміздегі ең көне халықаралық ақпарат агенттігі – «Kazinform» және Деректі кино орталығы кіреді.
AnewZ — 2024 жылдың 4 қарашасынан бастап жұмыс істей бастаған, тәулік бойы хабар тарататын, ағылшын тіліндегі халықаралық жаңалықтар телеарнасы. Ол әлем жаңалықтарына балама көзқарас пен талдау жасауға бағытталған.
Еске салсақ, жыл басында Президент Телерадиокешені иорданиялық БАҚ-пен байланысын дамытатыны туралы хабарлаған едік.
Одан бөлек, өткен жылы ҚР Президентінің Телерадиокешені мен Al Jazeera екінші бірлескен жобаны қолға алды.