Президент Телерадиокешеніне 30 жыл: Ақорданың техникалық мүмкіндіктері, адами капитал

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешеніне 30 жыл толып отыр. 1996 жылы Мемлекет басшысының қаулысымен құрылған бұл құрылым тәуелсіз Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде ерекше миссия атқарып келеді. Алғашында Президент қызметін ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз ететін арнаулы ресурс 30 жылда ірі медиахолдингке айналып, елдің ақпараттық қауіпсіздігі мен тарихи жадын қалыптастыруда маңызды рөл атқарып келеді. Бұл — тек технологиялық дамудың емес, өз ісіне адал кәсіби мамандар еңбегінің де нәтижесі. Осы орайда 20 жылдан астам уақытын осы салаға арнаған техникалық дирекцианың басқарушы директоры Ернар Ибрагимов Телерадиокешеннің даму кезеңдері мен технологиялық жаңғыруы туралы айтып берді. 

Ернар Ибрагимов
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinfom

Телерадиокешеннің негізгі бағыты — Мемлекет басшысының қызметін жан-жақты әрі жедел ақпараттандыру. Осы мақсатта мұнда тақырыптық және деректі фильмдер, арнайы бейнероликтер әзірленеді, ресми сапарлар мен маңызды іс-шаралар түсіріліп, мұрағатталады.

Сонымен бірге, медиахолдинг Қазақстан мемлекеттілігінің даму кезеңдерін бейнелейтін бірегей деректі бейнеархив қалыптастырып, мәдениет қайраткерлері туралы телебағдарламалар циклін шығарып келеді.

Кинопректордан цифрлық медиаға дейін

Кейіпкеріміз Алматы облысы еңбекші қазақ ауданы Казатком ауылында туып-өскен. Бұл жүзге жуық түтіні бар, 9 сыныптық мектебі бар аядай ғана ауыл. Дәл осы мектептен Тұманбай Молдағалиев, Дәркембай Шоқпарұлы секілді қазақтың біртуар ұлдары түлеп ұшқан. Кейінірек жүз үйі бар ауылдан шыққан кейіпкеріміз де жүзге жуық елге сапарлап, Президент қызметінен ақпарат тарататынын әлбетте білген жоқ.

— 1995 жылы, он бес жасымда оқуымды жалғастыру үшін Алматыға, атам Мәтжан мен әжем Бүбіштің қолынан ата-анамның қасына келдім. Үйіміздің жанында Алматы кинотехникумы болатын, кейін ол Политехникалық колледж болып өзгерді. Бастапқыда киномеханик мамандығына түсіп, кейін IT бағытына ауысармын деп ойлаған едім. Бірақ пленка мен проекторлар әлемі мені өзіне тартып, ақыры киномеханик мамандығын тәмамдап шықтым.

Қазір ондай мамандық сақталды ма, білмеймін. Бүгінгі бұл әңгімелер ескі дәуірдің технологиясындай көрінетін шығар. Ол кезде фильмдер пленка арқылы көрсетілетін. Біз проектордағы пленка бөліктерінің дұрыс ауысуын бақылап, көрермен фильмді үзіліссіз әрі сапалы көруі үшін жауап беретінбіз, — деп еске алады Ернар Ибрагимов.

в
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinfom

Бейнекадр құрылымын терең меңгеруі кейін Ақордадағы қызметке жол ашты.

— 2004 жылы Телерадиокешенге жұмысқа қабылдандым. Бейнекадр құрылымын, бейнеформаттардың айырмашылығын және олардың техникалық ерекшеліктерін түсінгенімнің арқасында жұмысқа тез бейімделдім. Ол кезде «Транскодтау инженері» деген лауазым бар еді. Бұл мамандар әртүрлі бейнеформаттарды өзара сәйкестендіріп, материалдарды бір тасымалдағыштан екіншісіне көшірумен айналысатын.

Сол жылдары бейнематериалдар Betacam SP, Digital Betacam, IMX, DVCAM, DVCPRO, VHS секілді түрлі форматтағы кассеталарға жазылатын. Сондықтан олардың барлығын бір жүйеге келтіріп, техникалық тұрғыда сәйкестендіру қажет еді.

Телерадиокешеннің штаты шағын болғандықтан, біздің міндет тек транскодтаумен шектелмейтін. Біз жылжымалы телевизиялық студияны орнатуға, желілік монтаж жасауға, фильмдердегі бірнеше каналды дыбысты бейнемен дәл сәйкестендіруге және дайын материалдарды ақпарат құралдарына таратуға да жауапты болдық, — дейді спикер.

Ақорданың студиясы қалай құрылды

Ақорда резиденциясы ашылған кезеңде мұндағы телевизиялық жүйе сол уақыттағы заманауи телерадио технологиялары негізінде жасақталды. Бастапқыда телехабар түсіру мен тарату SD форматында жүзеге асырылды. Кейін телевизия саласындағы цифрлық технологиялардың қарқынды дамуына байланысты жүйе HD форматына көшірілді. Бұл кезеңде бейне сапасы айтарлықтай жақсарып, эфирлік мүмкіндіктер кеңейді. Қазіргі таңда қазақстандық телевизия саласының басым бөлігі осы форматта жұмыс істейді.

Уақыт өте келе ақпарат тарату талаптары өзгеріп, Ақорда телевизиялық кешені кезең-кезеңімен UHD форматына көшіп келеді.

Айта кету керек, Президент Телерадиокешенінің негізгі міндеттерінің бірі — мемлекет тарихы үшін маңызы бар ресми іс-шаралардың сапалы телевизиялық мұрағатын қалыптастыру. Осыған байланысты кешен техникалық тұрғыдан өңірлік және бірқатар республикалық телекомпаниялардан бір саты жоғары деңгейде болуы тиіс. Себебі мемлекет басшысының қатысуымен өтетін тарихи, халықаралық және стратегиялық маңызы бар іс-шаралар ұзақ мерзімді архивтік сақтауға арналған. Сондықтан түсірілетін бейнематериалдардың сапасы, детализациясы, түстік дәлдігі мен техникалық тұрақтылығы халықаралық стандарттарға сәйкес келуі қажет. UHD форматы болашақта архивтік материалдарды қайта пайдалану, цифрлық өңдеу және жаңа медиа платформаларға бейімдеу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

— Ақордада күнделікті протокол түсірілімдері болатын, операторлар түсіреді, жарық қоюшылар жарықпен, дыбыс жазушылар дыбыспен айналысса, инженерлер осының бәрін жоспарлайтын. Қазіргідей интернет болмағандықтан, өзіміз монтаждап, өзіміз әрбір телеарнаның кассетасына материалдарды қолма-қол көшіріп беретінбіз. Іштегі түсірілімнен бөлек, ресми сапарлар, салтанатты іс-шаралар, жиналыстар, тікелей эфирлер мен телекөпірлер болатын. Осының бәрін Президент телерадиокешені, өзі түсіре алатын мүмкіндікке ие. Мамандары да жеткілікті. О баста жоғары деңгейде құрылған резиденция әлі күнге дейін өз биігінен түскен жоқ, — деді ол.

Президент Телерадиокешеніне 30 жыл: Мемлекет шежіресі, Ақорданың техникалық мүмкіндіктері, адами капитал
Фото: Kazinform

Жауапкершілігі жоғары жұмыс

Президент деңгейіндегі ақпаратпен жұмыс істеу жоғары жауапкершілікті, төзімділікті және темірдей тәртіпті талап етеді. Бұл салада қателесуге болмайды: әрбір түсірілім, әрбір бейнекадр мен әрбір материал мұқият қадағаланады. Ресми сапарлар мен халықаралық іс-шаралар кезінде мамандарға тәулік бойы еңбек етуге тура келеді. Соған қарамастан, кәсіби жауапкершілік әрдайым бәрінен биік тұрады.

Өз мансабында Ернар Ибрагимов жүзге жуық іссапарға барып, әлемнің түрлі елдерінен Президент қызметі туралы ақпарат таратып, техникалық топқа жетекшілік етті. Оның артында жұмыс міндеттері ғана емес, көптеген күтпеген жағдайлар да тұрды.

— Іссапарда төлқұжатты жоғалтқан кездеріміз болды. Мұндайда Қазақстанның консулдары мен дипломаттары көмекке келетін. Мәселен, бір жолы Ираннан шығудан гөрі өз кеңсемізде іссапар туралы есеп тапсыруымыз қиынырақ болған еді, — дейді ол (күлді).

Президент Телерадиокешеніне 30 жыл: Мемлекет шежіресі, Ақорданың техникалық мүмкіндіктері, адами капитал
Фото: Kazinform

Біз түсірген әрбір кадр — мемлекеттің алтын қоры

2010 жылдары Ернар Ибрагимов денсаулығына байланысты Ақордадағы қарқынды жұмыстан алыстап, Президент Телерадиокешеніндегі Деректі кино орталығына ауысқан. Мұнда Мемлекет басшысының қызметіне қатысты видео, аудио және киноқор жинақталып, жүйеленеді. Әрбір түсірілген кадр — ел тарихының бір бөлшегіне айналып, Алтын қорға енеді.

Ал 2022 жылы Президент Телерадиокешені өз құрамына KAZINFORM халықаралық ақпарат агенттігін, Jibek Joly телеарнасын алып, халықаралық Silk Way телеарнасын құрып, ауқымды медиахолдингке айналды. Осындай алып ұжымның жабдықтарын шашау шығармай ұстайтын жаңа «Техникалық директор» лауазымы пайда болды және мұндай маңызды жұмыс Ернар Ибрагимовке жүктелді.

Қазір оның қарамағында оператор, монтажер, дыбыс, IT мамандары секілді 134 адам, 9 құрылым бар.

Президент Телерадиокешеніне 30 жыл: Мемлекет шежіресі, Ақорданың техникалық мүмкіндіктері, адами капитал
Фото: Kazinform

— Мәселен, қазір Президентіміз Алматыға іссапармен кетті. Бұл іссапардың стратегиясынан бастап, неше адам жіберу керегін, қандай техникада, қандай форматта не түсіру керегін алдын ала жоспарлаймыз. Президенттің жеке түсірілім тобы да біздің құрамға кіреді. Олардың да құжаттарын реттеумен айналысамыз. Жылжымалы телевизиялық студиялар жұмысы тағы бар.

2016 жылға дейін тележүйеде толық автоматтандырылған жұмыс процесі болған жоқ. Бір материалмен бірнеше маманның қатар жұмыс істеу мүмкіндігі шектеулі еді. Қажет бейнематериал әр бөлімге жеке кассетаға көшіріліп таратылатын. Бұл көп уақыт пен қосымша техникалық ресурсты талап ететін.

Қазіргі таңда жүйе айтарлықтай жаңартылып, процестердің басым бөлігі автоматтандырылды. Енді бір бейнематериалды бірнеше пайдаланушы бір мезетте ортақ сервер арқылы пайдалана алады. Бұл ақпарат алмасу жылдамдығын арттырып, эфирлік және өндірістік жұмыстың тиімділігін едәуір жақсартты. Жыл өткен сайын Телерадиокешеннің техникалық мүмкіндіктері жетілдіріліп, эфирлік жүйенің сенімділігі артып келеді — дейді техникалық директор

Президент Телерадиокешеніне 30 жыл: Мемлекет шежіресі, Ақорданың техникалық мүмкіндіктері, адами капитал
Фото: Kazinform

Кейіпкердің айтуынша, алдағы негізгі бағыттардың бірі — жасанды интеллект технологияларын кезең-кезеңімен енгізу. Себебі медиа саласындағы технологиялық өзгерістер мен жаңа үрдістер өте жылдам дамып келеді. Осыған байланысты болашақта жасанды интеллект бағытында арнайы бөлім немесе мамандандырылған топ құру қажеттілігі туындауы мүмкін.

— Біздің негізгі міндетіміздің бірі — Президент қызметіне қатысты бейнематериалдарды сапалы сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізу деп есептеймін. Себебі бүгін түсірілген кадрлар ертең ел тарихының маңызды құжатына айналуы мүмкін. Сондықтан әрбір түсірілімге үлкен жауапкершілікпен қараймыз.

Түсірілген материалдар жүйеленіп, кезең-кезеңімен Президент архивіне өткізіледі. Бұл тек техникалық жұмыс емес, тарихи мұраны сақтау ісінің бір бөлігі.

Сонымен қатар біз үшін тек техника емес, адами капитал да маңызды. Әр маманның кәсіби дамуына, жаңа технологияларды меңгеруіне және тәжірибе жинақтауына ерекше көңіл бөлінеді, — деп түйіндеді Ернар Ибрагимов.

Айта кетейік, ҚР Президентінің Телерадиокешені — Қазақстандағы ең ірі медиакомпаниялардың бірі. Ол контент жасау, өңдеу және тарату жұмыстарын толықтай өзі атқарады және оны теледидар, радио, интернет сияқты барлық платформаларда ұсынады. Бүгінде Телерадиокешен құрамына: Jibek Joly республикалық телеарнасы мен радиосы, Silk Way, Silk Way Cinema, Silk Way Prime халықаралық телеарналары, «Kazinform» халықаралық ақпарат агенттігі және Деректі кино орталығы кіреді.