Президент туралы контенттен жаһандық медиаға дейін: Раушан Қажыбаева ТРК-ның 30 жылдық белесі жайында

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Президенті Телерадиокешенінің құрылғанына 30 жыл толады. Осы орайда Tengrinews.kz-ке сұхбат берген ТРК бас директоры Раушан Қажыбаева медиаресурстардың қалай өзгеріп жатқаны жайында сөз қозғап, отандық контент туралы пікірін білдірді және жасанды интеллектінің ықпалына қатысты ойымен бөлісті.

Раушан Кажибаева
Фото: Tengrinews.kz

— Отандық медиа үшін 30 жыл әжептәуір уақыт. Осы отыз жыл ішінде медиаресурс қалай өзгерді?

— Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені Үкімет қаулысымен 1996 жылғы 29 желтоқсанда, Жаңа жыл қарсаңында құрылды.

Телерадиокешен жұмысының алғашқы жылдарында негізінен хаттамалық түсірілімдермен, мемлекеттік және коммерциялық телеарналарға бейнематериалдар дайындаумен айналысты. Сол кезең тілімен айтар болсақ, мұрағат «сөрелерін» қалыптастырды. Ол уақытта өндіріс процесі аналогтық форматта жүріп, ал түсірілген материалдар кассеталарда сақталатын. Бүгінде мұрағатты цифрландыру жұмысы аяқталуға жақындап қалдық. Енді кассеталар қойылған сөрелердің орнын серверлер, ал қағаз картотекаларды материалдардың сипаттамасы мен оларды оңай іздеуге мүмкіндік беретін метадеректер басты.
1990 жылдардың соңына қарай ТРК өзінің алғашқы деректі фильмдері мен бейнероликтерін түсіріп, олар отандық телеарналарының эфирінен көрсетіле бастады. ТРК қызметіндегі осынау жаңа бағыт Қазақстан Үкіметінің 1999 жылғы 17 тамыздағы жеке қаулысымен бекітілді. Сол жылы ТРК мемлекеттік мекемеден жабық коммерциялық емес акционерлік қоғам болып қайта құрылды.

— ТРК 30 жыл ішінде мәртебесін бірнеше рет өзгертті. Бұл басқарудың мінсіз моделін іздеу болды ма?

— Меніңше, бұл ең алдымен елдегі заңнаманың өзгеруіне байланысты болды. ТРК мемлекеттік мекеме, жабық коммерциялық емес акционерлік қоғам және жай ғана коммерциялық емес акционерлік қоғам мәртебесінде жұмыс істеп үлгерді. 2019 жылдан бастап Президент тапсырмасымен ТРК-ны дамыту жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл ретте Телерадиокешен құрамына кіретін Президент Іс басқармасы жүйелі қолдау көрсетіп отыр.

— Телерадиокешенді Президенттің медиаресурсы деп атайды. Осынау анықтамаға қандай мән-мағына бересіз? Ол өндіріс ауқымын көрсете ме әлде жұмыстағы жаңа көзқарасты білдіре ме?

Бұл, ең алдымен жүйелілік. ТРК — бұл Президентіміз туралы контент өндіретін фабрика. Ал біздің басты ньюсмейкеріміз — Президент.

Президент РК и Раушан Кажибаева
Фото: Раушан Қажыбаеваның жеке мұрағатынан

Мен үшін мықты медиа жүйе — бір-бірінен бөлек бола алмайтын жылдамдық, редакциялық жұмыс, визуалды сапа мен контентті аудиторияға жеткізу. Олар нәтиже үшін ортақ жауапкершілікпен өзара байланысып жатыр.

ТРК — телевизиялық, халықаралық және цифрлық кеңістікте тренд қалыптастырып жүрген кросс-медиялық медиа компания. Біз контентті Қазақстанда да, шетелде де түсіреміз, жазамыз және таратамыз.

Раушан Кажибаева — о 30-летии ТРК, работе его ресурсов и создании контента о Президенте
Фото: Видеодан скрин

Басты телевизиялық ресурсымыз — Jibek Joly. Телерадиокешеннің өзі сияқты, Jibek Joly да бірегей арна. Күн сайын эфир уақытының төрттен біріне жуығы live режимінде өтеді.

Қазақстан нарығында шетелдік әрі бізге жат идеологияны насихаттайтын сериалдарды көрсетуден алғашқылардың бірі болып бас тарттық. Олардың орнын «Жаңа уақыт», «Новое время», «Талдау: аналитический обзор», «Бүгін.Live», «Сенім студиясы», «Дәмді.Life» сынды төл туындыларымыз басты. Көрермендер бұл жобаларды жылы қабылдап, ал арна отандық телеарналар арасындағы жетекші орнын сақтап қалды.

Біз аудиториямен байланыстың «рупорлы» сипаты келмеске кеткенін түсіндік. Бүгінде көрермен таңдау жасаған медиаресурспен өзара әрекеттескісі келеді. Бұған тікелей эфирдегі жобалар мүмкіндік береді. Аудиториямыздың енжар көрермен емес, контент жасауға белсенді қатысушы болғаны қуантады.

Көрермендер студия қонағы болып, шынайы уақытта сұрақ қойып, жүргізушілермен және шоу қатысушыларымен пікір алмаса алады. Кейбір жобада дәстүрлі студиялық декорациялардың орнына елорда көшелерінен нақты уақыт режимінде көрсетілетін динамикалық көріністерді қолдандық.

Әрине, телевизияның отбасымен бірге демалудың ең бұқаралық әрі қолжетімді түрі болып қала беретінін де естен шығармаймыз. Jibek Joly көрсететін авторлық бағдарламалар, ауқымды жобалар, кино мен анимациялар күн сайын мыңдаған көрерменді экран алдына жинайды.

Тікелей эфир, сұранысқа ие контент, тақырыптар мен жанрлардың үйлесімі біз бағалайтын ең басты құндылықты — көрермен сенімін қалыптастырады.
Құрылымымызда барлығы 6 бұқаралық ақпарат құралы бар. Jibek Joly телеарнасының жұмысын ішкі нарықта аттас радио интерактивті форматта толықтыра түседі. Астанада 101.4 FM жиілігінде жұмыс істейтін әрі интернет арқылы да қолжетімді радиостанциямыздың тыңдармандары да студия мен эфир қонағына айнала алады.

«ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі соңғы жылдары елдің жетекші ақпарат агенттігі мәртебесін қайта иеленді. Бүгінде агенттік жаңалық ресурстарының алғашқы үштігіне кіреді, халықаралық серіктестер желісін қалпына келтіріп, одан әрі кеңейтті. Сондай-ақ Жапониядан АҚШ-қа дейінгі әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары күн сайын материалдарына сілтеме жасайтын сенімді өңірлік ақпараттық хабқа айналды.

Халықаралық ақпарат кеңістігінде «ҚазАқпаратпен» бірге Silk Way бірыңғай брендіне кіретін Silk Way, Silk Way Cinema және Silk Way Prime телеарналары да жұмыс істейді.

Бұлар шетелге алты тілде хабар таратып, 120-дан астам елді қамтитын Қазақстандағы ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы бірегей халықаралық телеарналар. Олардың 300-ге жуық ретрансляторы және шетелде 22 ресми дистрибьюторы бар.

Бізде цифрлық зертхана — жаңа буын кәсіпқой мамандарының командасы бар. Олар смартфонмен бірге өскен аудиторияны түсінеді. TRKLAB брендімен тік форматтағы контент әзірлейді, жасанды интеллект көмегімен бірегей жобалар жасайды және барлық өзекті платформада оқырмандармен интерактивті байланыс орнатады. Жалпы, бірнеше ондаған аккаунтымыз бар.

Раушан Кажибаева — о 30-летии ТРК, работе его ресурсов и создании контента о Президенте
Фото: ҚР Президенті Телерадиокешені

Деректі кино орталығымыз да жаңғыртылды. Біз үшін ДКО — компаниямыздың жүрегі, қара шаңырағымыз.

Команда кинофестивальдерге арналған фильмдер түсіреді, шет тілдеріндегі контентті түпнұсқа тілінде әзірлейді. Сондай-ақ Орталық Азияда алғашқылардың бірі болып тік форматтағы деректі фильмдер шығаруды қолға алып, бұл бағытты дамытып келеді.

Ағылшын, қытай және француз тілдеріндегі деректі жобаларымыз шетелдік серіктестеріміздің эфирінен көрсетіледі. Ал қазақ және орыс тілдеріндегі туындылар республикалық телеарналармен қатар, отыздан астам өңірлік арнадан таратылады.

— Жақында өткен Astana Media Week апталығында отандық контентті әлемдік деңгейге қалай шығаруға болатыны және оны шет тілдеріне аударудың неліктен жеткіліксіз екені қызу талқыланды. Бұл жайында не ойлайсыз?

— Біз үшін бұл — Silk Way телеарнасы іске қосылған сәттен бастап қалыптасқан өндірістік норма. 2022 жылы жаңартылған арна жұмысын бастағаннан бері оның эфиріне арналған барлық жаңа жоба ағылшын тілінде, түпнұсқада әзірленеді. Сөзбе-сөз аударманың келмеске кеткенін анық түсініп, Қазақстан мен Орталық Азияда алғашқылардың бірі болып ағылшын тілінде студиялық жаңалықтар мен сараптамалық бағдарламалар дайындайтын кәсіпқой команда құрдық.

Ал 2024 жылы «ҚазАқпараттың» ағылшын тіліндегі жаңалықтары qazinform.com жаһандық доменіне көшті. «Контент — патша, ал оны тарату — патшайым» деген сөз бар.

Биылдың өзінде Silk Way мен «ҚазАқпарат» редакцияларының материалдарына ондаған елдің бұқаралық ақпарат құралдары сілтеме жасады. Олардың қатарында көршілес Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстаннан бөлек, АҚШ, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Үндістан, Германия, Франция, Ұлыбритания, Испания, Чехия, Мажарстан, Сербия, Болгария, Түркия, Индонезия, Пәкістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Қатар, Еуропа, Азия мен Таяу Шығыстың көптеген мемлекеті, тіпті Перу, Чили, Оңтүстік Африка Республикасы және Тогоның бұқаралық ақпарат құралдары бар.

2026 жылы Silk Way мен «ҚазАқпараттың» ағылшын тіліндегі материалдарына шетелдік медиалар жалпы алғанда шамамен 6 мың рет сілтеме жасады.

— Классикалық телеарналар, ақпарат агенттіктері, жалпы дәстүрлі БАҚ көбіне жаңа технологияларға, әсіресе жасанды интеллектіге сақтықпен қарайтын консервативті құрылымдар саналады. Сіздерде бұл бағыттағы жағдай қалай болып жатыр?

— Телерадиокешен классикалық БАҚ-тың үздік дәстүрлерін, жаңа медиа мен технологияларды, өзекті трендтер мен контент форматтарын біріктіреді. Осының бәрі бізге кросс-медиялық және көпформатты компания ретінде жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Нейрондық желілер күнделікті қайталанатын міндеттерді оңтайландырып, шығармашылыққа көбірек уақыт бөлуге, сонымен қатар бірегей эфирлік және желілік контенттер жасауға көмектеседі. Бұл бағыттағы мүмкіндіктер шынымен де шексіз.

2024 жылы Телерадиокешен тік форматтағы алғашқы шағын фильмін жасады. Сол кезде нейрондық желілердің бірегей мүмкіндіктері Президентіміздің көптеген суретін «жандандыруға» септігін тигізді. Олардың біразы бастапқыда кәдімгі фотопленкаға түсірілген еді.

Жасанды интеллектіні жауапкершілікпен әрі орынды пайдалану игілікті мақсаттарға жетуге мүмкіндік береді. Былтыр ЖИ көмегімен эфирімізге арналған «Фиксики» мультсериалына сурдоаударма жасадық. Бұл — ерекше қажеттіліктері бар ең кішкентай көрермендерімізге деген қамқорлығымыз.

Бұдан бөлек, 2025 жылы Jibek Joly эфирінде цифрлық сауаттылыққа арналған 100 бейнесабақ шықты. Бұл эпизодтардың барлығы тірі түсірілімсіз, толығымен генеративті технологиялар арқылы жасалды.

«ҚазАқпарат» пен жаңалықтар редакцияларымызда жасанды интеллект ақпарат іздеуге және оны бастапқы өңдеуге, аудио мен бейнематериалдардың мәтінін түсіруге, жарияланымдарды безендіруге арналған кескіндер жасауға көмектеседі. Сондай-ақ үлкен көлемдегі ақпаратты талдауға, шет тілдеріндегі дереккөздерді бақылауға, бастапқы фактчекинг жүргізуге және мәтіндердің жарияланатын тіл нормаларына сәйкестігін техникалық тұрғыдан тексеруге мүмкіндік береді.

Жаңа буын редакциясы — TRKLAB-та нейрондық желілермен жұмыс генеративті контент жасауға және ақпарат агенттігі мен телеарналардың материалдарын оқырмандардың жаңа буынына бейімдеуге қолданылады. Бұл аудитория ұзақ мәтіндерді оқудан тез жалығады әрі ақпаратты қысқа, динамикалық форматта тұтынуға бейім. Жасанды интеллект мәтінді ықшамдап, негізгі ойларды тезистер түрінде жеткізуге көмектеседі. Бірақ мұндай ықшамдау ақпараттық мазмұнның азаюын білдірмейді.

Жасанды интеллект негізінде жасалатын жобалар да адамның елеулі еңбегін қажет ететінін, тек қана нейрондық желі мен жасалмайтынын айту маңызды. Біз Мемлекет басшысының «Интеллектуалды жүйелер адамды алмастырмауы керек, олар адамның мүмкіндіктерін толықтырып, күшейтуге тиіс» деген қағидатын ұстанамыз.

— «Жасанды интеллектіні жауапкершілікпен әрі орынды қолдану» дегенді қалай түсінесіз?

— Президентіміз 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Ал Қазақстан — Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жасанды интеллект министрлігі құрылған әлемдегі бес мемлекеттің (ред ескертпесі: Біріккен Араб Әмірліктері, Ұлыбритания, Канада және Албания) бірі.

Әзірше, әлемдегі көптеген әріптесіміз журналист мамандығының болашағы туралы пікірталас жүргізіп жатыр. Нейрондық желілер адамды алмастыра ма? Жаңалықтар журналистикасы синтетикалық контентке айналып кетпей ме? Біз шексіз дипфейктер әлеміне тап болмаймыз ба? деген сауалдар жиі қойылады.

Жасанды интеллектіден қауіп-қатер мен үрей тудыратын құбылысты емес, мол мүмкіндіктерді көреміз. Әрине, ақылға қонымды сақтық сақталмаса және жалпы кәсіби міндеттерге салғырт қаралса, тәуекелдер туындауы мүмкін. Бірақ оның алдын алу өз қолымызда ғой.

Таяуда Астанада генеративті киноның алғашқы жаһандық фестивалі — Astana AI Film Festival өтті. Біз финалға шыққан жұмыстарды көріп, олардың деңгейіне тәнті болғанымыз айтқан жөн. Бұл — Қазақстанның жасанды интеллектіні енгізу мен қолдану саласындағы пионер елдердің бірі екенінің тағы бір дәлелі.

Фестиваль идеясының өзі Вице-Президент Ерлан Қаринге, ал оны жүзеге асыру — Қазақстанның креативті индустриясындағы жас әрі талантты көшбасшылар Алмас Жали мен Айзатулла Хусейн бастаған командаға тиесілі.

Фестивальге 125 елден 8 067 жұмыс келіп түсті. Олардың жалпы ұзақтығы 100 мың минуттан асатын генеративті контентті құрады. Бұл — қомақты жүлде қоры бар, шын мәнінде әлемдік деңгейдегі оқиға.

Бұл жаһандық жоба қазақстандық креаторлардың әлемдік деңгейге шығарған алғашқы жобасы — Silk Way Star халықаралық музыкалық телевизиялық байқауы сияқты дәстүрлі шараға айналарына күмән жоқ. Оның алғашқы маусымын әлем бойынша 1 миллиардтан астам көрермен тамашалап, тоғыз елдің эфирінен көрсетілді. Дауыс беруге 43 елдің азаматы қатысты, ал 60 мемлекеттің бұқаралық ақпарат құралдары байқау барысы туралы жаңалықтар жариялады.

Биыл Қытайдың Иу қаласында серіктесіміз Қытай медиакорпорациясымен (CMG) бірлесіп, жобаның екінші маусымының түсірілімін аяқтадық. Жақын арада ол Jibek Joly телеарнасының эфиріне шығады. Қазірдің өзінде Қытайдың екі жетекші телеарнасы — CCTV 3 және CCTV 15 байқауды көрсетіп жатыр.

Жобаның үшінші маусымының түсірілімі келесі жылы Қазақстанда өтеді.

— Мұның алдындағы сұхбатыңызда Silk Way телеарнасының негізінде Орталық Азия елдеріне арналған өңірлік телеарна құру жоспары туралы айтқан едіңіз. Биыл қазанда Түрікменстанның Аваза қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттері мен Әзербайжан басшыларының консультативтік кездесуінде Президентіміз ортақ ақпараттық кеңістік құрудың маңызын атап өтті. Бұл жоба қалай ілгерілетіліп жатыр?

— Silk Way негізінде Орталық Азия елдеріне ортақ өңірлік арна құру — болашағынан үміт күттіретін жобаларымыздың бірі.

Қазір Silk Way эфирін Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан және Тәжікстандағы әріптестеріміздің өңірлік контенті толықтырып отыр. Біз серіктес елдердің ұлттық таратушылармен және уәкілетті органдарымен бірқатар екіжақты келісімге қол қойдық.

Қазанда Орталық Азия мемлекеттері мен Әзербайжан басшыларының консультативтік кездесуі және Түрікменстанның Аваза қаласында ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысы алаңында қазақ-түрікмен тұрақты медиа кеңесін құру туралы тарихи келісімге қол қойдық. Бұл — екі елдің медиа саласындағы ынтымақтастығы тарихындағы және жалпы өңірдегі осындай алғашқы құжат.

Әрине, өзара іс-қимыл қарқыны әртүрлі болғанымен, Silk Way эфирінде Орталық Азияға арналған алғашқы арнайы тақырыптық блокты тұрақты өңірлік контентпен толықтыруға жеткілікті мүмкіндік бар.

Өңір елдерінің уәкілетті органдары деңгейінде кешенді ведомствоаралық келісім әзірлеу жұмысын жалғастырып жатырмыз. Бұл жүйелі үйлестіруге және толыққанды мемлекетаралық келісімге жол ашуы тиіс. Осы «гештальтты» Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Сыртқы істер министрлігіндегі әріптестерімізбен бірлесіп шешеміз деп үміттенемін.

— Биыл Астанада екі ірі оқиға — CMG апталығы мен Al Jazeera-ның екінші апталығы өтті. Әлемдегі ең ірі медиакомпаниялармен қандай шарттар негізінде жұмыс істейсіздер?

Бүгінде әлемнің түкпір-түкпіріндегі телерадиокомпаниялармен және ақпарат агенттіктерімен жасалған 70 келісіміміз бар. Серіктестеріміздің қатарында Al Jazeera, Қытай медиакорпорациясы, TRT, Синьхуа, Jiji Press, Kyodo, Yonhap, Aju News Corporation, Anadolu Agency, Agenzia Nova, Adnkronos, Belga News, VNA, ANI, Azertac, Petra, IRNA, WAM, Saudi Press Agency сынды медиа ұйымдарды атауға болады.

Раушан Кажибаева — о 30-летии ТРК, работе его ресурсов и создании контента о Президенте
Фото: Видеодан скрин

Мұнан бөлек, біз бірқатар халықаралық салалық ұйымдар мен бірлестіктердің мүшесіміз. Телерадиокешен Азия-Тынық мұхиты ақпарат агенттіктері одағында техникалық комитеттің мүшесі, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік және қоғамдық телерадиокомпаниялары басшылары кеңесінің, Мемлекетаралық ақпараттық пулдың мүшесі әрі Ислам ынтымақтастығы ұйымының Ақпарат агенттіктері одағының белсенді қатысушысы.

Серіктестеріміз үшін ТРК Қазақстан мен Орталық Азиядан жедел әрі сенімді ақпарат ұсынатын хабқа айналды. Бұл — олардың бізбен ынтымақтастық орнатуына негіз болатын басты дәлел.

Сұрағыңызға тікелей жауап берсем, біз шетелден эфир уақытын немесе баспасөздегі орындарды сатып алмаймыз. Серіктестеріміздің ешқайсысымен қаржылық қарым-қатынасымыз жоқ. Әлемдік ақпарат агенттіктері таратқан жаңалықтардың ешқайсысына ақы төлеген емеспіз.

— Бұған дейінгі сұхбаттарымызда еліміздің медиа нарығындағы проблемаларды бірнеше рет айттыңыз. Телевизиялық жарнама нарығындағы монополияға жақын жағдай, телеөлшеу жүйесінің осалдығы және отандық хабар таратушыларды қорғау қажеттігі туралы мәселелерді көтердіңіз. Қазіргі жағдай қалай?

Расында, ондаған жыл ішінде еліміздің телевизия, жарнама және жалпы медиа нарығында көптеген теңгерімсіздік қалыптасты. Олардың бірқатарын ортақ күш-жігердің, ең алдымен, реттеуші орган мен нарық қатысушыларының жұмысының арқасында жоюға мүмкіндік туды.

Телевизиялық жарнама нарығында бәсекелестік күшейді, жаңа ойыншылар пайда болды. Телеарналар жарнаманы сататын компаниялардың арасынан таңдау жасап, жұмыс шарттарын саудаласуға мүмкіндік алды. Телеөлшеу жүйесінің сапасы да едәуір жақсарды.

Телерадиокешен белсенді мүшесі саналатын Ұлттық медиа қауымдастығының күш-жігерінің арқасында бүгінде өлшеу жүйесі ірі қалалардан бастап шағын елді мекендерге дейінгі бүкіл халықты қамтиды. Түптеп келгенде тек ірі қалалардың тұрғындары ғана емес, барлық қазақстандықтар нені көріп, нені қалайтынын біле бастадық. Кабельдік телевизия операторларының деректерін телеөлшеу жүйесіне біріктіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

— Ендеше, мәселе неде? Неліктен телеарналар табыстың азайғанына шағымданады, ал рейтингтері тұрақты түрде төмендеп келеді? Неге назар аударған жөн?

— Нарықтың жылдам өзгеріп жатқан жағдайында отандық ақпараттық кеңістікті қорғау мүддесіне сай келетін реттеуші тетіктерді мұқият жетілдіру қажет.
Бүгінде отандық телевизия қатаң реттеу жағдайында жұмыс істеп жатыр. Бізде отандық өнімнің эфирдегі үлесіне, тілдік теңгерімге, жарнаманың тәуліктік және сағаттық көлеміне, сондай-ақ оның мазмұнына қатысты талаптар қойылған.
Ал шетелдік хабар таратушыларға мұндай талаптар қолданылмайды. Иә, олар Қазақстанда жарнамадан табыс таба алмайды. Бірақ олар біздің көрерменнің назарын өзіне аудару үшін бәсекелеседі. Бұл ретте өз елдеріндегі ауқымды әрі сыйымды жарнама нарықтарынан әлдеқайда көп табыс тауып, мемлекеттерінің қолдауына ие болады.

Интернет желісінде мұндай шектеулер мүлде жоқ. Барлығымыз YouTube-тен контент қараймыз және не көріп отырмыз? Ондағы жарнамалық роликтердің саны да, ұзақтығы да артып келеді және еш шектеу жоқ. Оның үстіне, көптеген бейнематериалдың ішінде автордың өзі орналастыратын жарнамалық интеграциялар да бар.

Іс жүзінде бұл отандық жарнама беруші жарнамасын бейнехостингке орналастыру үшін ақы төлейтінін, платформа роликті көрсетіп, қазақстандық көрермен оны көргенін, ал ақшаны YouTube пен контент авторы алатынын білдіреді. Демек, қаражат Қазақстан нарығынан тікелей шетелге кетеді. Басқаша айтқанда, біз шетелдік авторлардың контент өндірісін жанама түрде қаржыландырып отырмыз. Ал отандық өндірушілер шығындарын қысқартуға, эфирді арзандатуға мәжбүр әрі көрерменінен айырылудың жаңа толқынына тап болады.

Отандық желілік ресурстардағыа жағдай да осыған ұқсас. Кез келген шетелдік сайтқа кірсек, қазақстандық компаниялардың жарнамасын көреміз. Жарнама беруші аудиториямен жарнамалық байланыс орнатқанымен, қаражат тағы да шетелге кетіп, шетелдік ресурс пен Google немесе Meta жарнамалық желілеріне түседі.

Қазақстанда жұмыс істейтін көптеген шетелдік онлайн-кинотеатр да әзірге тиісті реттеу аясынан тыс қалып отыр.

Электрондық коммерция платформаларына қатысты мәселе де бөлек қарауды қажет етеді. Ешқашан бұқаралық ақпарат құралы саналмаған электрондық сауда агрегаторлары аудиторияға арнап ешқандай контент өндірмесе де, жарнамалық қызмет көрсетеді. Олардың кейбірінің жарнамадан түсетін табысы бүгінде бүкіл телевизиялық жарнама нарығының көлемімен шамалас.

Бірақ бұл — әлемдік тренд. Ақпараттық кеңістіктің шекарасы біртіндеп жойылып, контент жаһандық өнімге айналып келеді ғой…

Негізгі үрдіс — контент жаһанданып барады, ал жарнамадан түсетін ақша ұлттық нарықтарда қалуы керек. Прогресті тоқтатуға тырысудың мүмкін еместігін бұған дейін де айттық. Оны дұрыс басқару, қазіргі шындыққа сай нормативтік-құқықтық база қалыптастыру және отандық медианың мүддесін қорғайтын реттеу тетіктерін жетілдіру қажет.

— Мерейтойларыңызды қалай атап өтіп жатырсыздар?

— Мерейтой жылын қоғам мен тұтас салаға пайда әкелетін істерге арнауға тырысып жатырмыз. Өзіңіз атап өткендей, биыл Телерадиокешен медиа мамандары мен болашақ журналистерге арналған екі ауқымды жоба — CMG мен Al Jazeera апталықтарын ұйымдастырды.

Әлемдегі ең ірі екі медиа компанияның үздік мамандары бір апта бойы озық тәжірибелерімен бөлісіп, дәрістер оқыды, практикалық сабақтар өткізді.

Мамырдан қыркүйекке дейін еліміздің барлық облысында республикалық кино дәрістер ұйымдастырылды. Оның аясында көрермендер деректі фильмдеріміздің үздік 30-ға жуық туындысын үлкен экраннан тегін тамашалай алды. Әсіресе өңірлердегі көрсетілімдерге басымдық берілді. Әкімдіктердің қолдауымен Мемлекет басшысының қызметі мен еңбек адамдары — отандастарымыз туралы жобалар үлкен экранға шықты. Бірде-бір көрсетілімде залда бос орын қалған жоқ.
Жыл бойы Телерадиокешеннің топ-менеджерлері еліміздің жетекші жоғары оқу орындары — Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ және Maqsut Narikbayev University студенттеріне дәрістер оқыды.

Жыл соңына дейін Президенттің қызметіне арналған 200-ден астам бірегей фотосурет ұсынылатын арнайы көрме және басқа да бірқатар ауқымды іс-шара өткізу жоспарланып отыр.

— Соңғы сауалым болсын. Президентімізбен бірге жұмыс істеу ресми жылнамаға үнемі ене бермейтін жайттарды көруге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының бойындағы қандай адами қасиеттер сізді ерекше әсерлендіреді?

— Терең зияткерлік деңгейі мен әдептілігінің сирек үйлесімі ерекше тәнті етеді. Президент кез келген мәселені кең ауқымда, жан-жақты қарастырады. Сонымен бірге нақты бір адамның тағдырына әсер етуі мүмкін детальға дейін назар аударады. Оның таңғаларлық еңбекқорлығы мен жоғары білімдарлығы да таң қалдырмай қоймайды.

Президент Телерадиокешені шығармашылық командасының міндеті — Мемлекет басшысының өзі белгілейтін жоғары талап үдесінен шығуға ұмтылу.

Бұған дейін Президент телерадиокешенінің деректі фильмі халықаралық «Еуразия.DOC» фестивалінде арнайы дипломға ие болғанын жазған едік.