Президент Түркістан облысындағы өрттен адамдардың қайтыс болуына байланысты көңіл айтты
АСТАНА. KAZINFORM - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы Жетісай ауданындағы жеке үйде болған өрттің салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты.
Бұл туралы ҚР Президентінің көмекшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Telegram арнасында жазды.
Үкімет пен Түркістан облысының әкіміне зардап шеккен азаматтардың туған-туыстарына барлық қажетті көмек көрсетіп, қайғылы оқиғаны жан-жақты тексеруді тапсырды.
Бүгін таңертең Түркістан облысы ТЖД «101» пультіне Жетісай ауданының Алғабас ауылында орналасқан екі қабатты жеке тұрғын үйдің өртенгені туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына өрт сөндірушілер жеткенше тұрғын үй толықтай өртке оранған.
Өртті барлау және сөндіру барысында үйдің ішінен ес-түссіз күйдегі үш адам эвакуацияланып, жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды. Үйдің ішінен тоғыз баланы қоса алғанда, барлығы 12 адамның денесі табылған.
Көршілердің айтуынша, алдыңғы күні үй иелері іс-шара өткізген, үйде қонақтар болған.
Оқиға орнында барлық жедел қызметтер жұмыс істеп жатыр. Тергеу басталды.