Президент Үкімет алдындағы басты міндеттерді айқындады

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше ғана тағайындалған Премьер-Министр Олжас Бектенов басқаратын Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді. Іс-шара барысында Президент өткен жылғы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, жаңа Министрлер кабинетінің алдында тұрған басты міндеттерге жан-жақты тоқталды.

Үкіметтің кеңейтілген отырысы
Фото: akorda.kz
толық мәтін
Фото: akorda.kz

Үкімет пен әкімдерге жұмыс істеуге мүмкіндік мол

Мемлекет басшысының атап өтуінше, алдағы міндеттерді орындау үшін Үкіметке де, әкімдіктерге де тиісті құзырет берілген. Алайда, бұл мүмкіндіктер көп жағдайда дұрыс қолданылмай жатады. Соның кесірінен реформаларды жүзеге асыру қарқыны бәсеңдеп кетті.

«Мұндайды доғару керек. Мемлекеттік органдар арасында өзара келісу мен талқылау жұмысы аяқталғанша, кез келген бастаманың негізгі мән-маңызы да өзгеріп кетеді. Бюрократияны тоқтату қажет, бізге нақты нәтиже керек. Үкімет пен әкімдер жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуге тиіс. Жұмыс барысында жүйелі ұстаным болуы қажет», - деді Президент.

Президенттің пайымдауынша, мәселені жедел шешумен қатар, экономиканың ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ету өте маңызды. Қазіргі жағдайда экономиканың мейлінше еркін дамуына мән беру қажет. Елімізді дамудың жаңа белесіне шығарамыз десек, бұл жұмысты жедел және дәйекті түрде жүргізген жөн.

заседание Правительства РК
Фото: akorda.kz

Меже – экономикалық көрсеткішті 2 есе арттыру

Өткен жылы Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жарияланған Қасым-Жомарт Кемелұлы сол кезде 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін екі есе арттыру қажеттігін айтқан болатын. Бүгінгі отырыста да осы мәселеге тағы бір мәрте назар аударып, ол үшін Үкіметтің жұмысына тың серпін беру қажеттігін ескертті.

«Негізгі мақсат баршаңызға белгілі. Біз 2029 жылға қарай экономикамыздың көлемін 450 миллиард долларға жеткізуіміз керек, яғни нақты меже бар. Енді тек жұмыс істеу қажет. Бұл – еліміздің жалпы ішкі өнімі жыл сайын кемінде 6 пайызға өсуі керек деген сөз. Сондай-ақ макроэкономикалық көрсеткіштермен қатар халықтың нақты табысы да қарқынды түрде артуы керек. Бұл – өте маңызды міндет. Бір сөзбен айтқанда, бізге шын мәнінде сапалы даму қажет. Сондықтан әрбір қадамды жан-жақты, мұқият ойластырып, батыл әрекет ету керек», – деді Президент.

Павлодар прокурорлары жарты миллиард теңге салықтан жалтарған кәсіпорынды анықтады.
Фото: Бас көлік прокуратурасы

Сынға ілінген бюджет және салық саясаты

Алдын ала болжамға сәйкес, биыл республикалық бюджет тапшылығы 3 трлн теңге болмақ. Қазанның осы олқы тұсын толтыру үшін тағы да Ұлттық қордың қазынасына қол салуға тура келетіндігі сөзсіз. Мұның сыртында жетіспейтін қаражатты жабу үшін сырттан қосымша заем тартылуы да ықимал. Жалпы, соңғы 5 жылдың ішіндегі бюджет тапшылығы 11 трлн теңгеден асып кеткен екен. Бұл бюджет пен салық саясатының тиімсіздігінен екендігі сөзсіз. Осы орайда бюджетті тиімді басқару және оның өлшемдерін неғұрлым дұрыс болжау жаңа Үкіметтің алдында тұрған басты міндет болып қала бермек.

Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, Қаржы министрлігі былтырғы табыс жоспарын алдын ала төленген осы жылдың салықтары есебінен орындағаны белгілі. 600 миллиард теңге көлемінде қосылған құн салығын қайтару уақытша тоқтатылған. Демек, бюджет мәселелері бизнестің айналымдағы қаражаты есебінен шешіліп отырғаны анық.

«Әлі шешімін таппаған тағы бір мәселе – бюджетті бөлу тәртібі. Ол экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталмаған. Қаражат күнделікті мәселелерді шешуге жұмсалады, стратегиялық мақсаттар соның көлеңкесінде қалады. Үкімет шығыстардың экономикалық пайдасы барынша жоғары болуына баса мән бере отырып, оның нақты басымдықтарын айқындауы керек», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық экономика министрлігі 2023 жылы әзірлеп, сол жылдың күзінде Парламент қарауына енгізуі тиіс болған жаңа Салық кодексіне де тоқталып өтті.

«Алдымызда ұлттық экономиканы сапалы әрі қарқынды дамыту деген өте маңызды міндет тұрғанын терең түсіну қажет. Табыс пен мүлікке салық салудың жаңа жүйесін енгізбесек, кәсіпкерлерді табысын қалтаға баспай, бизнесін дамыту үшін жұмсауға ынталандырмасақ, арнайы салық режимдерін өзгертпесек, бұл міндетті орындай алмаймыз. Сондықтан Салық кодексі секілді стратегиялық маңызы бар құжатты әзірлеуге осы сала мамандарынан бөлек экономистер мен бизнес өкілдері жұмылдырылуы қажет. Әрине, бюджет қоржынын толтыру міндетін ұмытуға болмайды. Экономика неғұрлым қуатты болса, соғұрлым көп салық түседі деген қағидатты берік ұстану керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент
Фото: akorda.kz

Президенттің пайымдауынша, салықты жайдан жай көбейте салуға болмайды. Ең алдымен, салық салу жүйесін реттеп, оны жетілдіру қажет. Сондай-ақ, көлеңкелі экономиканы барынша азайту керек.

«Салық жүйесін басқару жұмысы дұрыс жолға қойылмаса, ең озық деген салық саясатының өзі тиімсіз болып шығады. Үкімет салық жеңілдіктерін берудің ашық әрі нақты ережелерін әзірлеуге тиіс. Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша жеңілдік берудің салдарынан жыл сайын бюджетке орташа есеппен 7 триллионға жуық теңге кем түседі. Мен салық жеңілдіктерін 20 пайызға азайту туралы тапсырма бердім. Бірақ, әлі күнге дейін орындалған жоқ, тіпті, мәселені шешу жолдары да әзір емес», - деді Мемлекет басшысы.

Қала құрылыс кодексі қайта қаралады

2022 жылдың 1 қыркүйегінде Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын жария еткені есте. Дәл осы Жолдауда Үкіметке Қала құрылысы кодексін қабылдау тапсырылған болатын.

«Бүгінде Қазақстандағы сәулет-құрылыс қызметін реттейтін 2,5 мыңнан астам құжат бар. Бұл жүйе әбден қағазбастылыққа көмілген. Жемқорлық аз емес. Ескі құрылыс стандарттары мен нормалары әлі де қолданылады. Сондықтан, Үкіметке мүлдем жаңа құжат – Қала құрылысы кодексін қабылдауды тапсырамын», - деген еді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президент
Фото: akorda.kz

Ал өткен жылдың сәуірінде сол кездегі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігін басқарған Марат Қарабаевты қабылдаған Президент одан Қала құрылысы кодексін әзірлеуді жеделдетуді талап еткені де белгілі. Таяуда ғана қазіргі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі аталған кодексті әзірлеп, Мәжіліс қарауына енгізген болатын. Дәл осы кодекс жобасы өткен аптада Парламент қабырғасында талқыланып, сол кезде саланың білікті мамандары құжатқа көңілдері толмайтындығын, бастан-аяқ қайта әзірлеу керектігін алға тартты. Дәл осы жайт Президенттің де құлағына жетіп отыр. Тіпті бірқатар сарапшылар мен кәсіпкерлердің атынан өтініш хат та алған. Сондықтан Мемлекет басшысы аталған құжатты қайтадан мұқият қарап, жетілдіру қажеттігін баса айтты.

«Елімізді экономикалық-әлеуметтік дамыту ісінде маңызды рөл атқаратын құрылыс саласының тиімсіз басқарылуы өте өзекті мәселе болып тұр. Мысалы, жобалардың құнын сметалық есептер арқылы анықтау әдістемесі әлемдік стандарттарға сай емес. Инвесторлар уақытын, қаражатын және жұмысқа деген құлшынысын жоғалтып, ақыры құрылысқа рұқсат беретін құжаттар көп талап етілмейтін елдерге кетіп қалады. Үкімет халықаралық тәжірибені негізге ала отырып, инвесторлар үшін жобалық-сметалық құжаттарды бекіту тәртібін барынша жеңілдету керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

МӘМС-тен мән кетіп тұр

Отырыс барысында денсаулық сақтау жүйесінде қордаланған мәселелер де назардан тыс қалмады. Мәселен, Президенттің атап өтуінше, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іске қосылғанына бес жыл болды. Содан бері бұл саланың бюджеті 2 есе артты. Биыл 2,6 триллион теңге бөлінеді. Алайда медициналық көмектің сапасы айтарлықтай жақсарды деп айтуға болмайды. Көптеген қызмет әлі де қолжетімді емес. Бұдан бөлек, көп жағдайда ресурстар тиімсіз жұмсалады. Соның салдарынан бұл салаға қосымша қаржы бөліп, бюджетке салмақ салуға тура келеді.

«Үкімет медициналық сақтандыру жүйесінің қызметін қатаң бақылауға алуы керек. Бұл жүйе қарапайым әрі түсінікті болуға тиіс. Медициналық көмектің бірыңғай топтамасын қалыптастыру қажет. Мемлекет кепілдік беретін медициналық қызмет оның базалық бөлігі болуға тиіс. Келесі бөлігі жұмыс берушілер мен азаматтардың жарналарынан құралатын сақтандыру қаражаты есебінен жасақталуы керек», – деді Президент.

тамара
Фото: primeminister.kz

Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін ұйымдастырылған брифингте Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін өзгерту қажеттігі бар екендігін мойындады.

«Медициналық сақтандыру жүйесі әлемдегі клиент үшін ақша ұстанымының жүзеге асырылуын қамтамасыз ететін жалғыз жүйе саналады. Егер дұрыс жолға қойса, онда әрбір емхана мен аурухана адамдардың өздеріне келіп, сапалы көмек алуына мүдделі болар еді. Иә, бізде проблема бар. Адамдар сапалы көмек алуы үшін бұл жүйені өзгертуіміз қажет», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Соңғы жаңалықтар