Президент Үкіметтің аграрлық саясатын сынады

АСТАНА. KAZINFORM — Үкіметтің бағаны реттеуге қатысты сөзі мен ісі қабыспай жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында осындай сын айтты.

Үкімет
Фото: Ақорда

— Агроөнеркәсіп кешенін қолдау шаралары қордаланған мәселелерді шешу үшін емес, тек осы саладағы жалпы өнімді арттыру үшін қабылданып жатыр деуге болады. Соның салдарынан әлі күнге дейін азық-түлік импортына тәуелді болып отырмыз, баға да өсуде. Атқарушы билік бұған тосқауыл қою үшін негізінен әкімшілік шараларға жүгінеді. Үкімет осыған дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тікелей реттеуден бас тартатыны туралы айтты. Соған қарамастан, мұндай тауарлар саны 19-дан 31-ге дейін көбейді, — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев бағасы реттелетін тауарлардың тізімін кеңейту уақытша ғана шара болу керектігін баса айтты.

— Үкімет бұл шешімді уақытша шара деп түсіндірді. Бірақ уақытша деп басталған шара әдеттегідей тұрақты сипатқа ие болып кетпеуі керек. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортына да нарыққа қайшы шектеулер қойылған. Шешімді қабылдар алдында оның салдары қандай болатынын ешкім ойламайды. Не себепті бұлай жасалып жатқанын түсіну қиын емес. Себебі нарықты дамытқаннан гөрі оған шектеу қою — әлдеқайда оңай. Мұндай әрекетті тоқтату керек. Үкімет бизнес қауымдастығымен бірлесе отырып, тамақ өнеркәсібін дамытуға қатысты жүйелі шаралар қабылдауы тиіс, — деді Президент.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Жиында елдің 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, Үкіметтің алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттері айқындалады.

Соңғы жаңалықтар