Президент Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті

АСТАНА. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.  

Президент Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті
Фото: Ақорда

— Мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында дәйекті түрде дамып келе жатқанын атап өтіп, екіжақты байланыстардың қазіргі жай-күйі мен перспективасын талқылады, — делінген хабарламада.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин сауда-экономикалық, соның ішінде энергетика, өнеркәсіп және көлік салалары бойынша бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылуын қарастырды. Мәдени-гуманитарлық байланыстардың нығайып келе жатқанына мән берілді.

Әңгімелесуде Қазақстан Президентінің Ресей Федерациясына жасайтын мемлекеттік сапарына дайындық барысына ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, АҚШ Президенті Дональд Трамппен Анкориджде өткен кездесу қорытындысымен құттықтаған болатын.

 

Соңғы жаңалықтар