Президент жанындағы Ұлттық қорды басқару кеңесінің міндеттері кеңейтіледі

АСТАНА. KAZINFORM — «Ұлттық экономика министрлігі Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңестің кейбір мәселелері туралы» Президент Жарлығының жобасын көпшілік талқылауына шығарды.

Тағайындау
Фото: Ақорда

Жаңа редакция бойынша Ұлттық қор қаражатын облигациялық қарыздар нысанында пайдалану жөніндегі мәселелер қаралған жағдайда ұсыныстар әзірлеу тек жалпыхалықтық маңызы бар жобаларды сараптау нәтижелері негізінде ғана жүзеге асырылады.

Сондай-ақ, кеңестің міндеттеріне жаңа екі тармақ қосылып отыр. Олар:

  • Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшерін айқындау жөнінде ұсыныстар әзірлеу.
  • Қаржыландырудың баламалы көздері болмаған кезде аса маңызды объектілер мен жалпыхалықтық маңызы бар жобаларды айқындау жөнінде ұсыныстар әзірлеу.

Құжат Президенттің 11 Жарлығының күшін жоюды да көздейді.

Бұл өзгерістер Бюджет кодексі 5-бабы 16-тармағының талаптарынан туындап отырғанын айту керек. 

Ал Ұлттық қорды басқару жөніндегі Президент жанындағы консультативтік-кеңесші органның құрамы өзгеріссіз қалмақ. Олар:

  • Қазақстан Республикасының Президенті — Кеңес төрағасы
  • Сенат төрағасы (келісім бойынша)
  • Мәжіліс төрағасы (келісім бойынша)
  • Президенті Әкімшілігінің басшысы
  • Ұлттық банк төрағасы
  • Жоғары аудиторлық палата төрағасы
  • Қаржы министрі
  • Ұлттық экономика министрі.

Бұған дейін Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың жұмсалуын мониторингтеу жөніндегі комиссия жұмысын қайта бастағаны хабарланған еді.

Соңғы жаңалықтар