Президент жастар мен балаларға арнайы үндеу жолдады
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылы халқымыздың игілігі үшін жаңа табыстарға жету үшін табанды еңбек етуіміз керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Жаңа жылмен құттықтау барысында айтты.
— Біз мемлекеттік маңызы айрықша «Таза Қазақстан» жобасын бір қоғам болып жүзеге асыра береміз. Біз қалаларымыз бен ауылдарымызды таза, жасыл, жайлы жасауымыз қажет. Бұл Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығында еліміздің дамуына ең жақсы үлеске айналады. Біз осы тарихи межені нақты іспен атап өтеміз. Біздің жетістіктеріміздің мызғымас негізі — бұл «бірлігіміз әралуандықта» тұжырымдамасы рухындағы қоғам тұрақтылығы, келісімі. Қазақстанның ұсынысымен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды еріктілер жылы деп жариялады. Халықаралық еріктілер қозғалысы тілеулестік, мейірімділік сынды мызғымас адамгершілік құндылықтарын паш етеді. Бұл — біздің де халқымызға тән асыл қасиеттер, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пайымынша, Жаңа жыл маңызды өзгерістер жылы болмақ. Ал оның қаншалықты табысты болатыны ең алдымен өзімізге байланысты.
— Біз бәріміз табанды еңбек етуіміз керек, сонда ғана еліміз зор табыстарға жетеді. Бұл ең алдымен халқымызға қажет. Біз 2026 жылы халқымыздың игілігі үшін жаңа табыстарға жету үшін табанды еңбек етуіміз керек, — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа жылды жұмыста қарсы алған азаматтардың да бар екеніне тоқталып, оларды арнайы құттықтады.
— Дәл қазір Жаңа жылды жұмыста қарсы алып жатқан азаматтарымыз бар. Бұл — өз ісіне адалдық пен қоғам алдындағы жауапкершіліктің жарқын көрінісі. Мен Сіздердің табанды еңбектеріңізді жоғары бағалаймын. Сіздерге арнайы құттықтауымды жолдаймын. Елімізді көркейтуге үлес қосып жүрген барша азаматқа зор алғыс айтамын. Шын мәнінде, туған елге қызмет етуден артық бақыт жоқ. Халқымыз «Ынтымақ бар жерде — ырыс бар» дейді. Сондықтан, берекелі бірлігімізді сақтап, біртұтас ұлт болып елімізді дамыта берейік, — деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент жастар мен балаларға арнайы үндеу жолдады.
— Бүгін осы ерекше сәтте жастар мен балаларға үндеу жолдағым келеді. Қазір — мүлдем жаңа құбылыстар және зор мүмкіндіктер дәуірі. Әркім, ең алдымен, өзіне, бойындағы күші мен қабілетіне сенуі керек. Ұлы Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген сөзі әрдайым өзекті. Белсенді, білімді, еңбекқор, тәртіпті, ұшқыр болыңыздар. Жолдарыңыз ашық болсын! Әрқашан алар асуларыңыз биік болсын! Еліміздің әр азаматына зор денсаулық, амандық және табыс тілеймін! Төрт құбыламыз түгел болсын! Әр шаңырақ жақсылыққа толсын! Көк Туымыз мәңгі желбіресін! Отанымыз — Қазақстан Республикасы, Қазақ елі жасай берсін! Жаңа жыл құтты болсын! , — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысының Қазақстан халқын Жаңа жылмен құттықтағанын хабарлаған едік.