Президент Жолдауынан прагматикалық идеологияны көре аламыз — Нұрбек Пұсырманов

АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздің одан әрі даму жолында азаматтық қоғам, мемлекеттік институттар және бизнес өкілдері бірігуі тиіс. Президент Жолдауының осы және өзге де маңызды тұстарына Мемлекет тарихы институтының директоры Нұрбек Пұсырманов тоқталды.

п
Фото: Мемлекет тарихы институты

«Президент Қазақстан халқына Жолдауында Үкімет атқаруы тиісті мәселелерді тоғыз тармаққа тізбектеп, әр бөлімінде Парламенттің рөліне, жұмысына тоқталды. Сонымен бірге Жолдауда экономикалық бағдарға көңіл бөлінді. Егер біз контент талдаумен қарайтын болсақ, инфляция сөзі кездеспейді және дағдарыс сөзі де жоқ. Демек біз Жолдаудың астарынан прагматикалық идеологияны көре аламыз, яғни Қазақстан тұрақты дамып келе жатыр. Оның әрі қарай дамуында азаматтық қоғам, мемлекеттік институттар, одан кейін бизнес өкілдері біріккен жағдайда жұмыс қарқынын тиімді ете аламыз дегенге шақырады», — деді Нұрбек Пұсырманов жолдауды талқылау барысында. 

Одан әрі институт басшысы ауыл, аудан әкімдерін халықтың өзі сайлауына қатысты ойын айтты. 

«Ммлекет басшысы биыл ауыл, аудан әкімдерін сайлауды пилоттық режимде аяқтап, келер жылдан бастап толықтай көшу қажеттігін меңзеді. Бұл Президенттің Жолдауда айтқан бес жылғы есебін қорытындылай отырып, енді ұзақмерзімді перспектива 2029 жылға дейін жоспарланған. Бұл жерде Президент мемлекеттік басқару жүйесін мүмкіндігінше төменнен жоғары қарай іске асыруды көздеп отыр, яғни жергілікті жердегі қордаланған мәселелерді халықтың өз деңгейінде шешу. Халықтың жергілікті бюджетті қадағалау, бақылау функциясын орнату мәселесі жаңа Жолдауда кеңінен айтылды», — дейді ол. 

Айта кетейік, бүгін Астанада ҚР Президенті ісі басқармасы Президент орталығында Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты жолдауын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. 

Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, қазақстандық және шетелдік сарапшылар, ғылыми қоғамдастық, даму институттары мен азаматтық қоғам өкілдері және студенттер қатысты.

Соңғы жаңалықтар