ПРЕЗИДЕНТТЕН ҰОС АРДАГЕРЛЕРІНЕ: Елбасы қаһармандыққа бас июдің өнегесін көрсетті - К.Мұсырман
«350 мың қазақ азаматы от ортасынан оралмай, жат жерде жан қиған. Солардың ішінде менің Айыртау ауданындағы туған ауылым - Дәуқараның да 49 боздағынан «қара қағаз» келіп, талай отбасы қайғыдан қан жұтып, талай шаңырақтың оты біржола өшіп тынды».
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» РҚБ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Кәрібай Мұсырманның сөздерін egemen.kz «Қаһармандыққа бас июдің өнегесі» атты мақаласында келтіреді.
«Мен соғыстан кейін дүниеге келіп, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған қанды қырғынның қасіретін өз басымнан өткермесем де, оны майданнан аман қайтқан ағаларымның, тылдағы тауқыметті тартқан ата-анамның, жетімдік пен жесірліктің қорлығын көрген ауылдастарымның әңгімелерінен естіп-біліп, «Соғыс жайлы» деген өлең жазған едім. Онда:
Соғыс жайлы не білеміз? Шамалы.
Біз көрмеген, аға ұрпақтың заманы.
Ел шетіне жау тигенде ерлердің
Қару алмай, бар ма басқа амалы?!.
Кім тілепті сол сұрапыл соғысты,
Адам ату, аяусыз қантөгісті?
«Отан үшін, Сталин үшін!» - ұрандап,
Қанша қазақ жат өлкеде оққа ұшты?
«Қара қағаз» алмаған аз шаңырақ,
Қалды аналар қайғы жұтып, аңырап.
Жетім бала, жесір әйел көбейіп,
Боздап жылап жатты бәрі жамырап.
Болмас бұдан асқан, сірә, жұт ірі:
Талай үйдің өшті мүлдем түтіні.
Жау жағадан алған шақта етектен
Тартып жатты нелер бөрі құтырып.
Көп басқарма жасап елге зорлығын,
Жұрт күйінді, көріп әбден қорлығын.
Көз жасы мен қарғысына қалды олар
Қорғаны жоқ жетім-жесір сорлының...
Үнсіз жатыр шейіт болып өлгендер,
«Біз жеңдік!» дер оттан аман келгендер.
...Соғыс жайлы айтсын бізге әңгіме,
Сол соғыстың қасіретін көргендер!..
- деген жолдар бар.
Қазір біздің ауылда бірде-бір соғыс ардагері қалған жоқ. Ал біздің Солтүстік Қазақстан облысында бүгінде небәрі 288 майдангер тірі екен. Олар жайлы ойласаң, Мұқағалидың: «Бірі мініп келместің кемесіне, бірі күтіп, әнеки, жағада тұр...», деген жыр жолдары жадыңа еріксіз оралады. Алдағы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне солардың қаншасы аман-сау жететіндігі бір Аллаға ғана аян...
Сондықтан да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жаңа жыл қарсаңында бүкіл еліміз бойынша соғыс ардагерлерін қолдау жөнінде жалпыұлттық акция өткізу жөніндегі бастамасы қатары күн өткен сайын сиреп бара жатқан қаһарман ұрпаққа тағзым етудің үлкен өнегесі деп білемін. Әрине, ел қорғаған ерлеріміз өздеріне Тұңғыш Президентіміздің ұдайы көрсетіп келе жатқан қамқорлығының арқасында бұған дейін де құрмет-қошеметке кенде болған жоқ. Бірақ, алдағы жыл Жеңіс мерейтойы жылы болғандықтан, қарт жауынгерлерімізді алақанымызға салып аяласақ та, төбемізге көтеріп, асқақтатсақ та еш артықтығы жоқ. Өшкенімізді жандырып, өлгенімізді тірілтіп, өркениетке ұмтылған өсер елге жарасатын игілікті іс бұл», делінген мақалада.