Президенттік қолдау: Қостанайлық полицейлер аз қамтылған отбасыларға азық-түлік себетін алып берді
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Облыстық полиция департаментінің жедел әрекет ету арнайы жасағы (ЖҚАЖ) қызметкерлері көп балалы отбасына азық-түлік себетін алып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
2020 жылдың 17 сәуірінен бастап Қостанай облысының аумағында карантин режимі енгізілді. Осы ретте облыстық ЖҚАЖ қызметкерлері қиын жағдайға тап болған көп балалы отбасыларға қол ұшын созды. Тәртіп сақшылары азық-түлік және дәрі-дәрмектер сатып алып берді.
Облыс орталығының тұрғыны Әлия шағын ғана үйде бір өзі бес баланы тәрбиелеп отыр. Ең кіші баласы – 5, үлкені – 12 жаста. Полицейлер негізгі азық-түлік санатына кіретін тауарлардан тыс, жеміс-жидек, көкөніс, жарма және тәтті тағамдар апарды. Дәріханадан жөтелге қарсы сироптар, витаминдер және балалардың ыстығын түсіретін дәрілер алды.
«Біз қазір нақты көмекке мұқтаж отбасыларға көмек көрсетеміз. Оларға осы сәтте қиын екенін білеміз. Бір әйел бес баланы тәрбиелеп жатқанын білгеннен кейін, әріптестерім көмек көрсетуге қуана үн қосты. Департамент басшылығының бастамасымен қаза тапқан қызметкерлердің жесірлеріне, жалғыз басты аналарға, көп балалы отбасыларға, сондай-ақ балалар үйінің тәрбиеленушілеріне үнемі көмек көрсетіп, қайырымдылық акцияларға қатысамыз. Бұл игі іс жалғаса береді», - деп атап өтті ЖҚАЖ командирі, полиция майоры Жәнібек Мұхамеджанов.

Тиісінше, қиын сәтте көмек қолын созған отбасы тәртіп сақшыларына алғыс айтты.
«Полиция қызметкерлеріне рахмет. Біз үшін бұл үлкен қолдау. Бес жасар ұлым Тимур полицей болуды армандайды. Қоғам тыныштығын түзетіп қана қоймай, әлеуметтік шараларға қатысып жүретін полицейлердің бары қуантады», - дейді бес баланың анасы.
Тәртіп сақшылары мұндай акцияны алдағы уақытта да өткізуді жоспарлап отыр.