Президенттік жастар кадр резервіне биылғы іріктеу 1 қыркүйекте басталады

None
Фото: akorda.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Президент жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

Президент Әкімшілігінің басшысы О. Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті.

Президенттік жастар кадр резерві – Мемлекет басшысының талантты жастар үшін пәрменді әлеуметтік лифт болып табылатын алғашқы жария бастамаларының бірі.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу екі жылда бір рет өтеді. Бұдан бұрын тиісті резерв 2019 және 2021 жылдары жасақталды. Олардың ішінен 264 резервші мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордағы әртүрлі лауазымдарға тағайындалды. 31 резервші саяси лауазымдарды, 6 – «А» корпусының әкімшілік лауазымдарын атқарады.

Ұлттық комиссияның отырысында 1 қыркүйекте басталып, биылғы жылдың соңына дейін жалғасатын Президенттік жастар кадр резервіне жаңа іріктеуді ұйымдастыру мәселелері талқыланды.

Іріктеу шеңберінде кандидаттардың мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу, ситуациялық тапсырмаларды шешу қабілетін, сондай-ақ құзыреттерін бағаланады және олар бірқатар әңгімелесуден өтеді.

Іріктеуден сәтті өткен адамдар мемлекеттік қызметтің және квазимемлекеттік сектордың жауапты лауазымдарына конкурстан тыс тағайындау құқығымен үш жыл мерзімге резервке алынады.

Іс-шара барысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев алдағы іріктеуді өткізуге дайындық туралы баяндады.

Іріктеуді өткізу тәртібі мен мерзімдері туралы толық ақпарат Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің сайтында жарияланады.

Отырыстың қорытындысы бойынша аталған іс-шараны сапалы іске асыру және жастарды іріктеуге қатысу үшін кеңінен тарту бойынша тапсырмалар берілді.


Соңғы жаңалықтар
telegram