Президенттің қорғаныс өнеркәсібін арнайы қордан қаржыландыру ұсынысы: Сарапшылар не дейді

«Президент Жолдауында айтқан арнайы қорды құруға талпыныс басталғалы 3 жылдан асты. Бірақ әлі күнге дейін қаржыландыру көзіне байланысты мәселенің басы ашық тұр. Ол қордың маңызы өте зор. Өйткені қорғаныс өнеркәсібі кешенінің дамуы тікелей қаражатқа байланысты. Бұл –бірінші жағы. Екінші жағынан, ғылыми ізденістерді ұйымдастыру да маңызды. Арнайы қор құрылса, ғылыми жұмыстарға бөлек ақша бөлінген дұрыс деп есептеймін.
Мемлекет басшысы да қорғаныс өнеркәсібін дамытудың басым бағыттарының бірі – ғылыми әзірлемелерді ілгерілету екенін айтты. Ғылыми әзірлемелердің есебінен қосымша құны жоғары технологиялардың аясы кеңейеді. Мұның бәрі бір-бірінен ажыратуға келмейтін, өзара байланысты дүниелер. Нақты айтсақ, қорғаныс бағытындағы ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар арнайы қор есебінен қаржыландырылуы керек», - дейді сарапшы.
Сондай-ақ ол әлемде болып жатқан геосаяси жағдайлардан қорытынды шығарып, оны қолданысқа енгізу маңызды екенін айтады.
«Сарапшылар арасында пайым бар, қазір Қазақстанның Қарулы күштері Украина армиясының 2014 жылғы деңгейінде тұрғанын айтып жүр. Бұл көп дүниеден хабар береді. Шынымен де Украинада сол кезде болған жағдайлармен салыстыруға келетін парраллельдер бар. Ал қазір Украинаның сол жағдайдан белгілі бір сабақ алып, Қарулы күштердің жүйесін өзгерткенін көріп отырмыз. Олар аумақтық әскер құрды. Оның тиімді болғанын іс жүзінде көріп отыр. Осындай бағыттағы мәселелер бізде де қабылданып жатыр. Нақтырақ айтсақ, Украинаның тәжірибесінен шығарылған талпыныстар бар, бірақ өте сылбыр іске асып жатыр. Бұл мәселеге толық көлемде мән беріліп жатқан жоқ. Қаражат та жеткілікті деңгейде бөлініп жатқан жоқ», - дейді Нияз Белгібеков.
Сондай-ақ ол жергілікті бюджеттің кіріс арнасын кеңейту бастамасы өңірлердің қорғаныс әлеуетін арттырады деп отыр.
«Аумақтық әскерді енгізудегі маңызды тәжірибенің бірі жергілікті атқарушы органдарға аталған әскерді өз бюджеті есебінен басқаруға беру болып есептеледі. Оларды қажетті жабдықпен, қару-жарақты сақтау орындарымен қамтамасыз ету соларға жүктеледі. Бұған дейін корпоративтік табыс салығының бір бөлігін жергілікті бюджетке қалдыру туралы шешім қабылданса, Мемлекет басшысы бүгінгі Жолдауында қосымша құн салығын да жергілікті бюджетте қалдыру керектігін айтты. Бұл бастама қорғаныс саласының әлеуетін арттыруға да серпін береді деп ойлаймын», - деді ол.
Сарапшы Жолдауды әзірлеу кезінде қоғам талқысында жүрген мәселелердің бәрі тереңінен зерттелгенін көруге болатынын айтады.
«Келесі Жолдауларда бұған дейінгілерінің орындалу деңгейіне баға берілсе, мұндай жоғары деңгейдегі бастамалардың орындалу көрсеткіші жоғары болар еді», - дейді Нияз Белгібеков.
Айта кетейік, Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы қорғаныс өнеркәсібін арнайы қор арқылы қаржыландыру қажеттігін айтты.