Президенттің бір жыл бұрынғы сайлауалды уәделері қалай орындалып жатыр

Политолог Данияр Ашимбаев
Фото: facebook.com/adaniyar

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы сайлау алдында берген уәделері қалай орындалып жатқаны туралы пайымын «Время» қоғамдық-саяси газетіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Kazinform

«Конституцияға Президенттің өкілеті мерзімін 7 жылмен шектеу туралы түзету енгізілді. Сондай-ақ оның туыстарын Президент өкілеті күшінде болған кезде жоғары лауазымды қызметке тағайындауға тыйым салынды. Қазір біртіндеп билікті орталықсыздандыру процесі жүріп жатыр. Бірнеше сайлау өтіп, Сенат пен Мәжілістің құрамы реформаланды. Парламентте тәуелсіз депутаттар пайда болды», - дейді сарапшы.

Саясаттанушы аудан әкімдерінің сайлауы ілкі жоба ретінде қолға алынғанын да өзгеріске балап отыр.

«Кейінгі ондаған жылда бұл мәселенің шешімі табылмай келгенін еске салайын. Әрине, бұл шараның тиімділігіне баға беруге әлі ерте. Оның нәзік тұстарын әлі де ширата түсу керек. Салық және Бюджет кодекстеріне бюджетті де орталықсыздандыру бағытында түзетулер әзірленіп жатыр», - дейді Данияр Әшімбаев.

Сарапшы мемлекеттік жоспарлау саласында әлі де пысықтайтын тұстар бар екенін айтады. Оның сөзінше, осыдан 2,5 жылдан бері қабылданып жатқан ұлттық жобалардың қолайсыз болып шыққанын кейбір министрлердің өзі мойындаған.

«Қазір жоспарлау жүйесі қайта пысықталып жатыр. Желтоқсанға қарай жоспарлаудың жаңа жүйесін қабылдайтын шығар. Қазақстан дамуының 2050 жылға дейінгі жаңа стратегиясы қабылданып, 2029 жылға дейінгі іс-шаралар жоспары бекітіледі», - дейді ол.

Саясаттанушы «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының жұмысын реформалау өте ауыр жүріп жатқанын айтады.

«Әрине, іске асыруы қиын реформалар бар. Соның бірі – «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры. Оның жұмысына көңілі толмайтындар көп. Бірақ қордың айналасындағы несиенің көптігі сонша, қазір таратып жіберсе, міндеттемелердің бәрі бюджеттің мойнына ілінейін деп тұр. Сондықтан Үкімет «Самұрықтың» мәселесін бір жағына шығаруға тырысып жатыр. Бірақ қордың реформаға илігетін түрі көрінбейді. Сондықтан ендігі міндет тым болмағанда несие жүктемесін азайту болып тұр», - дейді Д. Әшімбаев.

Сарапшы реформалардың бет-бейнесіне жекелеген кадрлар көлеңке түсіріп үлгергенін де еске салады.

«Жемқорлық даулары Жоғарғы сотқа да жеткені есімізде. Ал полицияны реформалау жұмыстарының бәрін Талдықорған полиция басқармасының басшысы қыз зорлау ісіне күдікті болуы жоққа шығарып кетті. Бір жағынан мемлекет дереу әрекет еткенін көрдік. Сол сәтте қылмыстық іс қозғалып, облыстық полиция басшысы жұмыстан қуылды», - дейді саясаттанушы.

Оның пайымынша, активтерді елге қайтару, экономиканы монополиядан арашалау жұмыстарын сот тәртібімен ғана шешу мүмкін емес.

«Бұл – саяси-құқықтық, экономикалық, тіпті күш құрылымдарының моральдік құндылықтарға негізделген шараларының кешені. Оның қалай жұмыс істеп жатқанын көріп отырмыз», - дейді Данияр Әшімбаев.

Сарапшы есірткімен күресте мемлекет ымырасыз ұстанымға көшкенін атап өткен.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша заңнамаға жаңашылдықтар енгізілмекші. Қылмыстық және Әкімшілік кодекстер қатаңдатылып жатыр. Адам құқықтарын қорғайтын уәкілдер институты жаңа бағытта дами бастады. Бишімбаев ісі де бұл мәселеде бір кездегі Денис Теннің қазасы сияқты полиция жұмысын қайта құрылымдауға түрткі болып тұр. Қазір полицияның қоғамдағы құбылыстарға әрекет таныту деңгейі өсті деп ойлаймын», - дейді ол.

Қорыта айтсақ, Данияр Әшімбаевтың ойынша, Президент былтырғы сайлаудан кейін өзінің де, мемлекеттік аппараттың да алдына маңызды міндеттер белгіледі.

«Ол міндеттердің кейбірі орындала бастады. Ал кейбірі әлі пысықтау сатысында. Бірақ Президент проблемаларды түсініп қана қоймай, шешу жолдарын да көріп отыр. Президентке қажетті ақпарат жетіп жатқаны байқалады. Оны әсіре цифрлармен алдаусыратып отыр деп айта алмас едім. Президент әкімшілігі мен арнайы қызметтер бұл процесті бақылап отыр», - дейді Данияр Әшімбаев.

Соңғы жаңалықтар