Президенттің қолынан марапат алу – үлкен құрмет – батысқазақстандық құтқарушы
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысының Жарлығымен қызметтік борышын атқарудағы жанқиярлығы, сондай-ақ еліміздегі су тасқыны кезеңіндегі көрсеткен ерлігі үшін батысқазақстандық құтқарушы, Орал қаласындағы № 8 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау аға сержанты Қуаныш Құмаршиев Рахымжан Қошқарбаев атындағы III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Бүгін Президенттің қолынан жоғары марапат алған Қуаныш Асылбекұлы Kazinform тілшісіне салтанатты тапсыру рәсімінде ерекше толқыныс үстінде болғанын жеткізді.

«Жоғарғы Бас қолбасшының қолынан марапат алу – керемет сезім. Ақордаға барып, осындай құрметке бөленгеніме қуаныштымын. Президентіміз айтқандай, биылғы су тасқыны кезінде халқымыз сын сағатты басынан кешті. Соның қатарында біздер, құтқарушылар да болдық. Қаратөбе ауданында болған кезде жолды су шайып кеткендіктен, № 8 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Манарбек Сұлтановпен бірге жол көрсету үшін автокөліктің алдынан жүріп отыруға тура келді. Орал қаласынан Қаратөбеге жедел жәрдем көлігімен науқасты әкеле жатыр екен. Оған қоса аудан орталығына гуманитарлық көмекті дер кезінде жеткізу, барлық автокөлікті судан қауіпсіз өткізу қажет болды. Міне, біз мұздай суды кеше отырып, техникаға жол көрсетіп, өз міндетімізді атқарып шықтық», - дейді Қ.Құмаршиев.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Қуаныш Құмаршиев азаматтық қорғау органдарында 2017 жылғы желтоқсаннан бері, биылғы қаңтардан бастап № 8 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі лауазымында қызмет етіп келеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да мұздай су кешкен құтқарушы туралы жазған болатынбыз.