Президенттің сынынан кейін денсаулық сақтау саласында қандай өзгерістер болады

АСТАНА. KAZINFORM - Соңғы кездері Қазақстан қоғамында міндетті медициналық сақтандыру жүйесі (ММСЖ) бірнеше рет сынға ұшырады. ММСЖ-ны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қатты сынға алды.

Медициналық ұйым басшылары менеджмент сапасын арттыруға баса көңіл бөлуі тиіс
Фото: Александр Павский/ҚазАқпарат ХАА

Мемлекет басшысының айтуынша, ресурстар тиімсіз пайдаланылып, бұл өз кезегінде салада қаржылық қиындықтар тудырып отыр. Осыған байланысты денсаулық сақтау министрлігі саланың жүйелі проблемаларын зерттеді.

Денсаулық сақтау саласында енгізілетін өзгерістер туралы Kazinform агенттігінің материалында.

Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде нақты нәтиже жоқ екенін айтқан болатын.

«Медицинаға бөлінетін қаржы көлемі артқанымен, қордаланған мәселелер әлі шешімін таппай жатыр. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі тиімсіз болып шықты, нақты нәтиже жоқ. Үш миллионға жуық адам медициналық сақтандырусыз қалды, соның салдарынан олар медициналық қызметтерді толық пайдалана алмайды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Өз кезегінде жуырда ғана тағайындалған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ведомство отырысында сапасыз медициналық қызмет көрсету, медициналық көмекті ұйымдастырудағы кемшіліктер, этика және деонтология нормаларын бұзу фактілері бойынша арыз-шағымдар мен өтініштердің көбейіп келе жатқанын мойындады. Ең көп шағымдар Алматы, Жетісу және Абай облыстарында тіркелді.

Министр міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі оған кететін шығынның өсіп, 2023 жылы оның 2,6 трлн теңгеге жеткеніне назар аударды. Сонымен қатар ол сақтандырылған адамдардың арасында тегін медициналық көмекті ала алатындарының саны шектеулі екенін атап өтті.

«Жоғарыда аталған мәселелерді шешу үшін медициналық көмек жүйесін жаңғырту бойынша кешенді шаралар қабылдап, ресурстарды үнемдеуге және азаматтардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға баса назар аудара отырып, ашықтықты, тиімділікті, қаржы ресурстарын ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету қажет», - деді министр.

Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қандай жүйелі шаралар ұсынылады ?

Ақмарал Әлназарованың айтуынша, мемлекеттік медицина ұйымдарының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін жақын арада қабылдау қажет, сондай-ақ 400-ден астам медициналық ұйымның 82 млрд теңге сомасындағы кредиторлық берешегінің пайда болу себептерін анықтау қажет.

Тарифтерді белгілеу жүйесінің жетілдірілмеуі және медициналық көмек көлемін анықтаудағы ашықтықтың болмауы қазіргі қалыптасқан жағдайдың негізгі себептері болып отыр.

Министрдің айтуынша, бірінші жартыжылдықта бөлінген қаражатты басым бағыттарға қайта бөле отырып, емдеу-диагностикалық процестерді оңтайландыру жүргізіледі, медициналық көмек көлемін, шығыстарды және тариф саясатын жоспарлаудың бірқатар мемлекеттік функциясын денсаулық сақтау министрлігінің қарауына қайтару жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, оның айтуынша, медицина ұйымдарының басшылары өз кәсіпорындарының рентабельділік мәселесін шешуі қажет және кредиторлық берешектің қалыптасу жағдайлары жан-жақты тексеріліп, кінәлілер жауапқа тартылады.

Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесі қайта қаралады

«Денсаулық сақтау министрлігі амбулаторлық-емханалық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін оңтайландыру бойынша кешенді жұмыс бастады, мұнда негізгі басымдық дәрілік заттардың сапасын бақылауға беріледі», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Ол соңғы жылдары 2 есе өскен амбулаторлық дәрілермен қамтамасыз ету шығындарының артуына алаңдаушылық білдірді. Бұл ретте 41 нозология бойынша науқастың тек 50% -ы ғана қамтамасыз етіледі.

Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету көлемінің жалпы ұлғаюына қарамастан, амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетін науқастарды ауруханаға жатқызу деңгейі төмендеген жоқ.

Денсаулық сақтау министрлігі зертханалық қызмет жүйесін қайта қарауды жоспарлап отыр

«Медициналық көмектің қолжетімділігіне қатысты мәселелерді шешу үшін амбулаторлық-емханалық көмек деңгейінде пациенттердің бірқатар маршруты қайта қаралады», - деді Ақмарал Әлназарова өткен аптада ОКҚ-да өткен брифингте.

Ведомство басшысы пациенттердің маршрутын ұтымды реттемеу, тиімсіз стандарттар консультациялық-диагностикалық қызметтердің жасанды өсуіне ықпал ете отырып, азаматтардың наразылығын тудыратынын, сондай-ақ жалпы практика дәрігеріне жүктемені арттыратынын атап өтті.

«Науқастарды ауруды басқару бағдарламасымен қамту формальды сипатқа ие. Скринингтік зерттеулерге келетін болсақ, патологияны анықтау деңгейі әлі де төмен екенін мойындау керек. Бұл ретте скринингтік зерттеулер жүргізудің әдіс-тәсілдерін қарастырып, басым бағыттарды анықтау тапсырылды», - деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар, кезек күттірмейтін іс-шаралар жоспарына зертханалық қызметтердің құрылымын талдау және тарифтерді қайта қарауды ескере отырып, консультациялық-диагностикалық қызметтердің тізбесін жаңарту кіреді.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы биылғы 1-сәуірге дейін медициналық көмектің бірыңғай пакетін қабылдауды тапсырған болатын.

Жұқпалы аурулармен күресте қандай өзгерістер бар ?

«Басты міндеттердің бірі - инфекциялық емес аурулардың салмағын жеңілдету болып отыр. Ол үшін болжам, сауықтыру, ауруды анықтау мен емдеуді қоса алғанда, аурулардың жалпы салмағының тәуекел факторларын эпидемиологиялық бақылау жүйесін енгізу қажет», - деді Ақмарал Әлназарова.

Вакцинамен басқарылатын жұқпалы аурулар туралы айта келе, министр эпидемиологиялық бақылау бөлігіндегі жүйелі кемшіліктерге назар аударды.

«Осыған байланысты инфекциялық ауруларды болжау және бақылау жүйесін күшейту, нақты уақыт форматында температуралық режимді бақылау мүмкіндігімен профилактикалық екпелер мен вакциналарды есепке алу жүйесін цифрландыруды қамтамасыз ету, денсаулық сақтаудың барлық деңгейлерінде медицина қызметкерлерін оқытуды жолға қою, мүдделі органдармен және ведомстволармен бірлесіп басқарылатын инфекциялардың алдын алуда вакцинациялаудың маңыздылығы туралы халықты кеңінен хабардар етуді қамтамасыз ету қажет деп санаймын,- деді Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.

Әл-ауқаты нашар қазақстандықтар жергілікті бюджет есебінен медициналық сақтандыру жүйесіне енгізіледі

Ақпан айының басында Үкіметте өткен брифингте вице-премьер Тамара Дүйсенова Қазақстанда ММСЖ жойылмайтынын айтты.

«Әлемдегі медициналық сақтандыру жүйесі – ақша клиент үшін принципін жүзеге асыруды қамтамасыз ететін бірден-бір жүйе. Егер дұрыс жолға қойылса, әрбір емхана мен аурухана сапалы медициналық көмек көрсету үшін келген адамдарға қызығушылық танытуы керек. Иә, бізде проблемалар бар. Адамдар сапалы көмек алуы үшін бұл жүйені өзгертуіміз керек», - деп түсіндірді Тамара Дүйсенова.

Кейінірек Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ведомство алқасының кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап жергілікті бюджеттер есебінен әл-ауқат деңгейі төмен адамдарды сақтандыру қамтамасыз етілетінін хабарлады.

Оның айтуынша, бұл 400-ден астам медициналық ұйымдардың 82 миллиард теңге сомасындағы кредиторлық берешегін шешудің бір жолы. Ең көп қарыз Астана, Алматы және Шығыс Қазақстан облысының медициналық ұйымдарында тіркелген.

Соңғы жаңалықтар