Президенттің Тәжікстанға сапарында тарихи қадамдар болады – сарапшы

Әлия Мұсабекова
Фото: ҚСЗИ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 22-23 тамызда мемлекеттік сапармен Тәжікстанға бармақ. Сапар алдында бірқатар құжаттарға қол қойылатыны жайында болжамдар айтылуда. Осы орайда жаңа келісімдер қай бағытта өрбуі мүмкін екенін білмекке ҚЗСИ бас сарапшысы Әлия Мұсабековаға хабарласқан едік.

Сарапшының айтуынша, сапар аясында жоғары деңгейдегі және кеңейтілген үкіметаралық форматта келіссөздер өтеді. Сондықтан әзірленіп жатқан құжаттар пакетінің ауқымы кең.

– Бұл сапардың басты ерекшелігі – Одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қою. Бұл тарихи қадам екі ел арасындағы қарым-қатынастарды, серіктестікті, өзара іс-қимылды сапалы жаңа деңгейге шығарады. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан мен Тәжікстан достыққа берік, өзара тиімді ынтымақтастық байланыстырып тұр. Тәжікстанда ішкі тұрақсыздық болған кезде Қазақстан гуманитарлық және әскери көмек көрсетті. Душанбе сарапшылары мұны ылғи айтып отырады, – дейді ол.

Сондай-ақ сарапшы қауіпсіздік мәселелері екіжақты күн тәртібінде маңызды болып тұрғанын тілге тиек етті. Қазақстан мен Тәжікстан өңірдегі қауіпсіздіктің орнықты құрылымын қалыптастыру үшін бірлесіп жұмыс істемек.

– Қазақстан Тәжікстанның үздік 5 сауда-экономикалық серіктесінің қатарына кіреді және негізгі инвесторлардың бірі болып саналады. Бүгінде Тәжікстан - Орталық Азиядағы экономикалық өсімнің ең жоғары қарқыны бар мемлекет. 2023 жылы 8,3 пайызды құраса, 2024 жылдың басында 8,2 пайызды ұстап тұрды. Экономистер мұндай жақсы өсу динамикасын алтын экспортынан түсетін кірістердің ұлғаюымен, инфрақұрылымға мемлекеттік салымдардың болуымен байланыстырады, – деп түйіндеді Әлия Мұсабекова.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 22-23 тамыз күндері Тәжікстан Республикасына мемлекеттік сапармен баратынын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар
telegram