Президенттің жоғары сенімін ақтауымыз керек — Олжас Бектенов
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов жаңа Конституция күшіне енген тарихи кезеңде Үкімет алдында тұрған басты міндеттерді атады.
Бүгін Құрылтай сайлауынан кейін жаңартылған құрамда Үкіметтің алғашқы отырысы басталды.
— Жаңа Конституция заңды күшіне еніп, мемлекетіміз саяси және экономикалық жаңғыруға қадам басқан тарихи кезеңде еліміздің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін бәріміз жан-жақты шараларды қабылдауға міндеттіміз. Барлық бағыт пен салалар бойынша Мемлекет басшысы қойған міндеттерді жүйелі әрі кешенді түрде жүзеге асыру қажет, — деп атап өтті Премьер-министр.
Үкімет басшысының айтуынша, «Заң мен Тәртіп» және «Таза Қазақстан» конституциялық қағидаттары әрдайым биік тұруға тиіс. Үкіметтің жұмысы кешенді шараларды қабылдай отырып, озық қарқынмен жүруі керек.
— Қазір толық жауапкершілікті мойнымызға алып, нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін қажетті шешімдерді жедел қабылдайтын уақыт. Бәріміз Президенттің жоғары сенімін толығымен ақтауымыз керек, — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Бұған дейін жаңадан тағайындалған Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов ант берген еді.
Өткен аптада Премьер-министр орынбасарлары мен министрлер толықтай тағайындалып, Үкіметтің жаңа құрамы белгілі болған еді. Министрлердің басым бөлігі қызметінде қалды. Дегенмен, кей саланың министрлері ауысты.