Төтенше жағдайлар министрі Үкіметте ант берді
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Үкіметі туралы Конституциялық заңға сәйкес, Үкіметтің жаңа мүшесі – Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов салтанатты түрде ант берді.
Ант беру рәсімі Үкіметтің бүгінгі отырысында өтті.
— Қазақстан Республикасының халқы мен Президентінің алдында өз Отаным – Қазақстан Республикасының экономикалық және рухани дамуына ісіне өзімнің бар күш-жігерім мен білімімді жұмсауға, мемлекеттің Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, өзімнің барлық іс-әрекетімді әділеттілік, азаматтық, ұлтаралық және конфессияаралық татулық принциптерін ұстануға, Қазақстан халқына адал қызмет етуге, өз елімнің мемлекеттілігі мен дүниежүзілік қоғамдастықтағы беделін нығайту үшін салтанатты түрде ант етемін, — деді М. Мұханов.
Өткен аптада Премьер-министр орынбасарлары мен министрлер толықтай тағайындалып, Үкіметтің жаңа құрамы белгілі болған еді. Министрлердің басым бөлігі қызметінде қалды. Дегенмен, кей салалардың министрлері ауысты.
Мұрат Сейтмолдаұлы Мұханов 1985 жылы Маңғыстау облысында дүниеге келген. ҚР ТЖМ Көкшетау техникалық институтын, РФ Азаматтық қорғаныс істері министрлігі Санкт-Петербург мемлекеттік өртке қарсы қызмет университетін бітірген.