PRI сарапшысы істі болған жасөспірімдерді есепке алмауды ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - PRI Түрме реформасы Орталық Азия бойынша сарапшысы Азамат Шамбилов істі болған кәмелеттік жасқа толмаған азаматтарды есепке алмауды ұсынды.

 PRI сарапшысы істі болған жасөспірімдерді есепке алмауды ұсынды

«Бұл олардың болашақ өмірлеріне қатты әсер етеді. Кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер ата-аналарының көңілі аз аударылған кезде  немесе білім жүйесінің нашарлығынан қылмысқа барады», - деді А. Шамбилов Астанада өткен бас бостандығынан ауыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың кешенді стратегиясы жобасы таныстырылымында.

Сонымен қатар сарапшы Қазақстанда жұмысқа орналасу кезінде соттылық туралы анықтаманың талап етілуі де бас бостандығынан айыру жазасын өтеп келгендер үшін қоғамға қайта қосылуына көп кедергі келтіретіндігін айтты. «Өкінішке орай, түзеу мекемелерінен шыққандар үшін үлкен кедергілер бар. Бір ғана мысал - ол соттылық туралы анықтама. Бұл талап олардың жұмысқа орналасуына жол жауып отыр», - дейді ол.

Оның сөзі бойынша, біздің елде аталмыш норманы алып тастау туралы мәселе бұрыннан бері көтеріліп келеді. Дегенмен ешбір өзгеріс жоқ. Өз кезегінде өзге елдер бұл тәжірибені көп жылдардан бері енгізіп жіберген. «Грузия аталған талапты алып тастаған ТМД елдерінің алғашқысы болды. Бұл анықтаманы сұратудың қажеті жоқ екендігін мемлекеттік органдарға айтқымыз келеді», - дейді сарапшы.