Приозерскіде адамдар тұрып жатқан көпқабатты 8 үй қауіпті жағдайда

ПРИОЗЕРСК. KAZINFORM – Қарағанды облысындағы Приозерск қаласында техникалық жағдайы сын көтермейтін сегіз көпқабатты үй тіркелген. Соның бірі – 78 отбасы тұратын бес қабатты баспана. Жөндеу жұмыстары биыл жазда басталады деп жоспарланғанымен, уәде орындалмай, тұрғындар әлі де қауіпті үйде күн кешуде.

апатты үй
Фото: Бекзат Нұрмағанбетов

Қаладағы бес қабатты үйдің бірінің іргетасы опырып, қабырғалары қақырап, бетон плиталары қозғалып кеткен. Мамандар жүргізген техникалық сараптама үйге бірінші дәрежелі қауіп бар деген қорытынды шығарған. Жобалық шешім бойынша, іргетасты бекітіп, қабырғаларды металл белдеулермен нығайту қажет.

Сонымен қатар шатыр мен қасбетті де толық жөндеу көзделген. Бірақ жаз бойы жүргізілуі тиіс жұмыс әлі күнге басталмаған.

Бұл үйден үш жыл бұрын пәтер сатып алған тұрғын Бекзат Кенжебаева баспананың апатты жағдайда екенін кейін білгенін айтады.

апатты үй
Фото: Бекзат Нұрмағанбетов

– Терезелеріміз дұрыс жабылмайды. Қыста үйге суық жел үрлеп тұрады. Резеңкелерін ауыстырдық, бірақ ешқандай нәтиже болған жоқ. Сосын ғана қабырғалар қисық болғандықтан деп түсіндірді.

Ал үйдің апатты екенін біз тек пәтерді алғаннан кейін ғана естідік, - дейді Приозерск қаласының тұрғыны Бекзат Кенжебаева.

Тұрғындардың шағымынан соң жергілікті әкімдік арнайы техникалық тексеру жүргізген. Сараптама қорытындысы үйдің шұғыл жөндеуді қажет ететінін айқындаған. Дегенмен, белгіленген мерзімде жұмыс басталмағаны тұрғындардың ашу-ызасын туғызуда.

– Мамандар келіп, сараптама жасап кетті. Жөндеу жүргіземіз деп уәде берді, бірақ әлі күтудеміз. Үйде иіс бар, қабырғалар көгеріп кеткен, түтін мұржасы жұмыс істемейді. Терезелер сынып, ешқандай жөндеу жасай алмай отырмыз, - дейді Приозерск қаласының тұрғыны Бағдат Жүнісова.

Қалада мұндай апатты жағдайда тұрған тағы жеті көпқабатты үй бар. Бүгінде төртеуіне қатысты жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Сараптама нәтижелері мақұлданған соң, бюджеттік қаржының бөлінуіне қарай жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге аспақ.

– Бұл үйде 2015-2016 жылдары ғимарат құрылымдарын нығайту жұмыстары жүргізілген болатын. Бірақ өткен жылдан бастап тұрғындар жарықтардың қайта пайда болғанын айтып, шағымдана бастады. Қайта сараптама нәтижесі бойынша үйдің алдын ала апатты жағдайда екені расталды. Облыстық бюджет есебінен қаржы бөлініп, мердігер ұйымды таңдау жұмыстары аяқталды, - деп мәлімдедә Приозерск қаласы әкімінің орынбасары Темірхан Айдарханов.

апатты үй
Фото: Бекзат Нұрмағанбетов

Ал қалған үш үйдің техникалық ахуалына байланысты құжаттар қазіргі таңда мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Геологтардың мәліметінше, Приозерск Балқаш көліне жақын орналасқандықтан, жерасты суларының тым жоғары деңгейі үйлердің іргетасына кері әсерін тигізуде.

Қалада бүгінде шамамен 80 көпқабатты тұрғын үй бар. Олардың дені өткен ғасырдың 60-жылдарына дейін салынған ескі нысандар. Уақыт өте келе бұл үйлер тозып, кешенді жаңғыртуды қажет етуде. Алайда апатты баспаналарға қатысты нақты жұмыстар тек қаржыландыруға байланысты жүргізіледі. Ал тұрғындар әзірге тағдырын тозығы жеткен қабырғаларға тапсырып, үміт пен қауіп арасында өмір сүріп жатыр.

апатты үй
Фото: Бекзат Нұрмағанбетов

Осыған дейін Приозерск қаласында кәріз суы он жылдан астам уақыт бойы тазартылмай, ашық далаға төгіліп жатқаны жайлы хабарлаған болатынбыз

Соңғы жаңалықтар